Қазақстанның бірнеше облысында дабылды ескерту жарияланды

1372
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның Абай, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облыстарында дабылды ескерту жарияланды. Бұл туралы Қазгидромет жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ақпаратқа сәйкес, 8-10 шілде аралығында аталған төрт облыста таулы және тау етегіндегі аймақтарда қатты жауын-шашын салдарынан беткейден су ағып, өзендер деңгейінен көтеріледі. Салдарынан су басу қаупі төнеді.

"Су деңгейі қауіпті деңгейден асып кеткен жағдайда, өзендердің жайылма аумақтарында орналасқан елді мекендерді, шаруашылық құрылыстарды және жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі сақталады", - деп ескертті ведомство.

"Қазавтожол" да жүргізушілерді сақ болуға шақырды.

"Дауыл кезінде қатты жаңбыр мен жел болуы мүмкін. Оның салдарынан жол көрінбей, ілінісу нашарлайды. Жылдамдықты азайтып және қауіпсіз арақашықтықты сақтаңыз. Кенеттен маневр жасамаңыз. Дымқыл жолда көлікті кенет бұрмаңыз және тежегішті баспаңыз, көлік сырғанауы мүмкін. Көлікті еркін жүргізіңіз", - дейді ведомство мамандары.

Олар жүргізушілерге көліктің жарығын жағып жүргізуді ұсынып, терезе тазалағышты тексеру қажеттігін ескертті.

"Қатты жел ағашты құлатып, оның сынықтары жолда шашылып жатуы мүмкін. Сондықтан мұқият болып, кедергілерден аулақ болыңыз. Су басқан учаскелерді байқаңыз, ешқашан терең су арқылы өтпеңіз. Судан шұңқырлар көрінбей, сіздің көлігіңізге зақым келуі мүмкін", - дейді жол мамандары.

Пікірлер