Қызылордалық ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың шаңырағында үлкен той! Жұбайы егіз баланы дүниеге әкелді. Бұл туралы белгілі ақын Маралтай Райымбекұлы facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазды, деп хабарлайды «Мәдениет порталы». Маралтай Райымбекұлы: «Бүгін таң атпай сүйінші xабармен ояндым. Қызылордалық ақын інім Нұрмұxаммедтің үйіндегі келін өмірге бір ұл, бір қыз әкеліпті! Құрметті Нұрмұxаммед бауырым ұл мен қызың аман-есен өсіп өзіңе қолқанат болсын! Сен нағыз Ерліктің үлгісісің!!!», - деді.Мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан Нұрмұхаммед ақын бірнеше жыр жинақтың авторы. Ол өмірдегі барлық қиындықты төзіммен, сабырмен жеңген ақын. Өлеңдерін аузына таяқша тістеп ұялы телефонға ғана хабарлама түрінде жазып, не бары 4-5 жылдың ішінде ақындық әлемде төселіп, екі жыр жинақ шығарған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорда облысының әкімі кезінде Қырымбек Көшербаев ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовты қабылдап, талантты жанға екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған болатын. Ол: «Тепсе темір үзетін талай жандар бос жүр. Ал сенің мына еңбегін нағыз ерлікпен пара-пар. Он екі мүшеңнің түгел еместігіне қарамастан өмір сүруге құлшынысың жоғары. Жыр жинақтарыңды арнайы оқып шықтым», – деген болатын.


"Адырна" ұлттық порталы