Тәуелсіз толқын. Аңсағанның «амалсыз» суреттері әлемдік галереяға жетеледі

1114
Adyrna.kz Telegram

Сурет пен қоғам мәселесін қағаз бетінде ұштастыру - үлкен талант. Дәл осындай талант иесі, тәуелсіз толқын өкілі, әлеуметтік тақырыпта сурет салатын Аңсаған Мұстафа «амалсыздан» суретшілікке басқан қадамы мен бүгінгі күнгі ұлттық мәдениеттің дамуына қосып жатқан үлесі туралы «Адырна» тілшісіне әңгімелеп берді. 

«ӘЛЕУМЕТТІК ТАҚЫРЫП БАЛА КҮНІМНЕН САНАМА СІҢДІ»

- Аңсаған ханым, өзіңіз туралы, балалық шағыңыз бен сурет өнеріне қызығушылығыңыз жайлы баяндап беріңізші. 

- Мен Атырау облысы, Миялы ауылының тумасымын. Кіндік қаным тамған жер батыс өңірі болғанмен, балалық шағым Алматыда өтті. Журналистер отбасынан шыққан жанмын. Әкем де, анам да журналист.  Танымал режиссер, бірнеше фильмдер мен сериалдардың авторы, бауырым Қанағат Мұстафинді де көпшілігіңіз танитын шығарсыздар. 

Кішкентайымнан редакцияда өстім. Жасым 11-ге толғанда анам «Ақ босаға» атты газет ашқан. Бір күні үйге келсем, үйімізді тонап кетіпті. Үйдегі барлық керек жабдықтарымыз, қолжазбалар, диктофон, магнитофон, таспа сынды дүниелерді ұрлап кеткен. Астан-кестеңі шыққан үйді көріп шошып қалғаным соншалық, үйге енді жалғыз қайтпайтын болдым. Анамның жұмысы біткенше күнде редакцияда журналистермен бірге отыратынмын. Түрлі тақырыпта қалам тербеп жатқан тілшілердің ортасында «тыныш отыруым үшін» берілген қалам мен қағазды алып, амалсыз сурет салып отыратынмын. Дәл солай амалсыз көркем сурет мектебіне түстім. Ол былай болды.

Үшінші сыныпта оқып жүргенімде әкем шашымды түгел алып тастады. «Шашың қайратты» болады дегенге көнбегесін, велосипед алып беретін болып келісті. Велосипед үшін әкемнің дегенін тыңдап, шашымды алғыздым. Қыркүйекке дейін өсетін шығар деп ойлаған ата-анам, жазғы каникулда мектепке шақырылатынымды ойламаған болуы керек. Мен аяқ асты сыныптастарыммен жүздесіп, олар шашыма күліп, мен қатты көңіліме алып қалған едім. Содан кейін бұл мектепке бармаймын дедім. 

Ақыры айтқанымнан қайтпадым. 

Мектеп ауыстыру керек болғасын ата-анам үйге жақын жердегі көркем сурет мектебіне берді. Сурет өнеріне қызығушылығым солай ақырындап арта бастады. Кейін өсе келе редакциядағы тілшілер мынадай сурет салып берші деп өтініш білдіретін. Қазір мысалы сіздер, тілшілер керек суретіңізді ғаламтордан ала саласыз. Ол уақытта ондай мүмкіндік жоқ. Мақалаға қажетті суретті суретшілерге түсіндіріп, арнайы салдыратын. Солай жұмыстағы қыздар маған сурет тапсырыс беретін. «Әйелін ұрып жатқан ер адамды салып берші», «қолы дәу болсын», «былай болсын», «осылай сал» деген ұсыныстар айтатын. Осылайша әлеуметтік тақырып бала күнімнен санама сіңді. 

Кейіннен дизайнердің оқуына түстім. Түрлі дүниелер салып жүретінмін. Кейін тұрмысқа шықтым. Астанаға ауыстық. Сол кезде әлеуметтік желі дами бастады. Елдің Facebook желісіне тіркеліп, әншілер әндерін, күйшілерін күйлерін, жалпы шығармашылық жандар өз шығармаларын көпшілікпен бөлісіп жатты. Мен де өзімнің әртүрлі тақырыптағы пейзаж, портреттерімді салдым. Арасында үлкен талқыға түскені әлеуметтік тақырыптағы суреттер болды. Әлеуметтік мәселе болғандықтан бірінің өмірінің көрінісі суреттелді, бірінің жанды жеріне тиді, бірі таңдай қақты. Қатты талқыға түскенін байқаған мен де бұрын салған суреттерімді де бөлісетін болдым. Желіде солайша таныла бастадым. 

ҚАЗАҚСТАННАН – ШЕТ ЕЛДІК КӨРМЕЛЕРГЕ...

- Ең алғашқы үлкен көрмеңіз туралы, алғаш танылған картиналарыңыз және оны қабылдаған халықтың, шетелдіктердің реакциясы туралы бөлісе кетсеңіз.

- Шетелдегі көрмелер туралы тіптен ойламаған екенмін. Жаңа айтқанымдай, авторлық картиналарымды әлеуметтік желіде бөлісіп жүрдім. Жалпы әлеуметтік тақырыпқа байланысты 200-ден астам суретім бар екен. Солай желіде бөлісіп жүргенімде Алмасбек Садырбай деген досым қолқа салды. «Аңсаған, суреттеріңді желіден көрдік, енді өмірде көргіміз келеді. Көрме жасасаңшы» деді.  Мен «бұйырған күні» жасармын деп едім. «Сен нақтылықтың адамысың, маған нақты күнді айт» деді. Сөйтіп жүргенде, шынымен неге көрме жасамасқа деп білек сыбандым. Cуреттерім әр түрлі форматта, әр түрлі қаламмен, түрлі уақытта салынған ғой. Сондықтан 200 суреттің ішінен 55-ін таңдап, оларды 60х80 форматымен жаз бойы қайта салып, дайындап шықтым. 

Көрмеге қоятын суреттерім дайын, енді оны өткізетін жер керек. Сөйтіп, оны іздеуге көштім. Жастар көп жүретін «Керуен» сауда орталығын таңдап, сөйлесіп едім, олар «бізге мұндай мұңлы суреттер келмейді» деп бетімді қайтарды. Салым суға кетіп, басқа орталықтарды қарастыра бастадым. Кейін вокзалға да қойғым келді. Көп жер бас тартты. Сондайда көңілім босап, жылап отырғанымда анам хабарласты. «Осы уақытқа дейінгі еңбегім бекер екен, бұл дүниелер ешкімге керек емес» деп назымды айтып ем, анам барынша қолдау білдірді. «Қайда жасағың келеді?» деп сұрап, бір қоңыраудан кейін Еуразия ұлттық университетінде өткізуге рұқсат алдым. Ол кезде жарнама жасауға қаражат жоқ. Қазан айының 14 - інде ЕҰУ-да көрме өтеді деп желіде ғана бөлістім. Соның өзінде үлкен қолдау алып, Астананы шулаттық. Келушілер, көрушілер, жылы лебізін білдірушілер көп болды. Кейін Алматы метросынан қоңырау түсіп, «көрмеңізді бізде өткізіңізші» деген ұсыныс түсті. Екі аптадан кейін Алматыда көрме өткізілді. Артынша іле-шала Шымкенттен ұсыныс түсті. Тараз, Атырау деп жалғаса кетті. Сөйтіп 4-5 жылда суреттерім бүкіл Қазақстанды шарлап қайтты. 

Түрлі сайттарда жарияланған суреттерім шетелдіктердің де назарына ілікті. Көрмелетіп жүргенде жаһандық пандемия уақытына іліктік. Бәрі онлайнға ауысқасын, әлемдік көрмелер де онлайн көрсетілімнің моделін әзірлеп жатыр екен. Әлемнің әр түрлі суретшілерінен суреттерін сұрап алып, виртуалды галереяға іліп, өздерінің тұрақты келушілеріне онлайн түрде жіберіп отырды. Карантин уақыты болғасын мен де бұл бастамаға қуана-қуана келістім. Суреттерімді сұратқан галереяларға жіберіп отырдым. Кейін карантин тараған уақытта оффлайн көрмелер жандана бастады. Менен суреттерімнің оригинал нұсқасын сұратып, түкпір-түкпір аймақтардан сұраныс түсті. Бүгінге дейін еңбектерім есептесем барлығы 109 көрмеде көрсетілген екен. 

Шетелдіктердің де реакциясы біздің елдегідей болды. Әлеуметтік мәселе болғандықтан ол қай елде де болмасын өзекті дүние. Суреттерден кейбірі өз өмірін көреді. Бірі өзінің әкесін, анасын, жақынын көреді. Бірі жылайды, бірі қуанады. Көптеген эмоциялар, жылы лебіздер мен таңдатыстарға қарық болдым.

ТЕК ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙТІН СУРЕТТЕР

- Әлеуметтік тақырыптағы суреттеріңіз әлемнің 50-ден астам елінде аудармасыз қазақ тілінде көрсетілді деп естідім. Оның себебі неде? 

- Суреттердегі диалогтар, тақырып, сөздер барлығы ана тілімізде қаз-қалпында көрсетілді. Оны маған ешкім аудар демеді. Мен өзім де түпнұсқада беруді құп көрдім. Ана тіліміздің шет елдерде көрсетілгені, таралғаны кішігірім болса да қуаныш. Сол шешіміме әлі күнге дейін қуанамын. Суреттер негізінен аударуды қажет етпейді. Мағыналы әрі сөйлейтін сурет болғасын оның айтары онсыз-ақ көрініп тұрады. Қажет еткен жандар болса аннотациясын өздері аударып оқып алып жатады. 

Принципті түрде суреттер сипаттамасын орысша жазған емеспін. Ресейдің көрмелеріне де қатысқан емеспін. Алдағы уақытта да Ресейден басқа елдердің бәрінде оффлайн көрмелерімді өткізгім келеді. 

- Өткір тақырыптар қозғалған туындыларыңыз халыққа пайдасы тигенін байқаған кездеріңіз болды ма? 

- Үлкен талқыға, танымалдылыққа ие болған «Мамам мені өлтіретін шығар...» атты картинамнан кейін 2-3 жыл салып, тәй-тәй басқан бүлдіршіндердің фотосын алдым. Сол суретті көрген жас қыздар түсік жасатамын деген ойынан айнып, жатырына біткен балапандарын аман алып қалған. Маған жазып, алғыстарын білдірген еді. Қазақта «тамшы тас теседі» деген сөз бар ғой. Халыққа талантыммен тамшыдай болсын пайдам тисе қуанамын. 

ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ҚОЛДАУ

- Қазіргі таңда немен айналысасыз? Жаңа суреттер салынып жатыр ма? Тың туындылар көрмесін қашан тамашалаймыз?

- Қазір ұлттық нақыштағы футболкалар шығаруды кәсіп етіп отырмын. Ansa.kz деген никте инстаграм желісінде жұмыстар көрсетілген. Яғни қазақи ою-өрнекті трендке айналдырудамыз. Сұраныс та жаман емес. 1200-ден астам өрнек, принттерді айдар-айдарға бөліп қойдық. Кез келген ұнағанын тапсырыс беруге болады. 

Келешектегі көрмелерге келер болсақ, әлеуметтік тақырыптағы жаңа суреттерді қолым қалт еткенде салып қоямын. Қазір көп уақытым кәсібіме бөлінуде. Десе де, шығармашылық ізденісті де ұмыт қалдырмаймын. Әлеуметтік суреттерден бөлек ұлттық ою-өрнектерді мағыналарымен тізбектеп, жаңа картиналар әзірлеп жатырмын. Өте ерекше суреттер шығуда. Олардың қашан көрмеде көрсетілетіні белгісіз әзірге. Десе де, Аңсағанның салғандарын аңсаған көрерменді жаңа дүниелермен қуантатын күн де алыс емес. 

- Сұхбатыңызға рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

 

Дина Литпин

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер