“Әрбір мәселені тілге әкеліп тіреу – мәдениетсіздік“

955
Adyrna.kz Telegram

Баспасөз мәслихатында қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске шүйліккен футболдан Қазақстан құрамасының бапкері Станислав Черчесовты жақтаушылар табылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Әлішер Ілиясұлы есімді желі қолданушысы бас бапкердің сынға алған көпшілікке үндеу жолдады:

“Бүгін әлеуметтік желіде талқыға түсіп жатқан бір мәселеге көзіме түсті. Ол футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалған ресейлік бапкер Станислав Черчесов жайында. Осетин ұлтының өкіліне қазақстанстандық журналистер қайта-қайта қазақша сұрақ қойып, сауалдың астына алған сыңайлы. Бастапқыда қазақша қойған сұрақты ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов мырзаның орысшаға аударып бергені де тоқтам болмапты.
Қалай десек те, елге қызмет етуге келген маманнан жұмысына қатысты нәтиже талап етпей, тілдік мәселе төңірегінде дау қоздыруды құптамаймын.
Біріншіден, осетиндік азаматтың қазақ тілін білмейтіні айдан анық. Бұл уақыттың еншісіндегі дүние. Қазір федерация Станислав Черчесовтің қазақша үйреніп жатқаны туралы ақпарат жариялады. Сондықтан, жаңа келген бапкерді жағадан алу мәдениеттілікке жатпайды.
Екіншіден, тіл, дін секілді нәзік тақырыптарда мемлекеттік тұрғыдан ойлап, елдің абыройын да естен шығармайық. Егер шет елден келген әр маманға жұмыс істеуге мүмкіндік бермей, қазақша сөйлеуін ғана талап етсек, шетелдіктер біздің ел туралы не ойлайды?
Үшіншіден, журналистер қашанда кәсібилік танытуға тиіс. Тілшінің міндеті обьективтілік, көтерілген мәселені көпке жеткізу, шынайы ақпарат тарату. Ал журналист тақырыптан ауытқып, мін іздеп, басқа жаққа бұра тартса, қалай болғаны? Алдына келген маманнан қазақ футболын қалай дамытатынын, қандай жаңалық алып келетінін сұрасақ, мәселе басқа еді. Сондықтан бұл жерде ұлтшылдыққа салудың, араздық қоздырудың қажеті жоқ.
Ең бастысы елдік мүддеге жұмылып, кәсібиліктің, биік мәдениеттің шекарасынан аттамай, байыптылық танытқан абзал деп ойлаймын” делінген оның жазбасында.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Черчесовтың қазақша сұрақ қойған журналиске наразылық танытқанын жазған болатынбыз.

Пікірлер