Үкіметтің қарызы 25 трлн теңгеге жетті

1227
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

21 маусым күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін бекітті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, республикалық бюджет кірістерінің жылдық жоспары 99,9 пайызға (19 трлн теңге) орындалған. Жылдық инфляция 2 есеге төмендеп, 9,8 пайызды құрады. Жыл қорытындысы бойынша нақты экономикалық өсім 5,1 пайыз болған.

Бұл ретте республикалық бюджетке (1,4 трлн теңге) және Ұлттық қорға (1,6 трлн теңге) түсетін салықтардың тапшылығы байқалып отыр. Үкіметтің қарызы 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 25 трлн теңгені құрады. Оның 72 пайызы – бюджет тапшылығын қаржыландыруға пайдаланылатын ішкі қарыздар.

2023 жылғы игерілмеген шығыстар 73 млрд теңге болды. Ал бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуы 489 млрд теңгені құрады.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, экономикалық көрсеткіштердің жеткіліксіздігіне бірнеше фактор себеп болып отыр.

«Өсу қарқынына күрделі геосаяси жағдай мен сауда серіктестеріміздің нарығындағы ахуал сынды бірнеше параметр кедергі келтіруі мүмкін. Бірақ, соған қарамастан, Үкімет өз мақсатына жету үшін барлық резервтік мүмкіндіктерді біріктіреді. Біз қазір саудада көрсеткіштердің біршама төмендегенін көріп отырмыз. Бұл, әрине, су тасқыны мен басқа компоненттердің салдары, бірақ бұл көрсеткіштерді біртіндеп тұрақтандырамыз. Болжамымыз бойынша, экономикамыздың кейбір саласы өсу үшін үлкен әлеуетке ие болады. Бұл құрылыс, инфрақұрылым, жөндеу жұмыстары, сондай-ақ өңдеу саласы. Үкімет бұл салаларды ауқымды түрде қолдайды»,—деді ол.

Премьер-министр ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыруды 4 есе арттыру жоспарланғанын атап өтті.

«540 миллиард теңге ауыл шаруашылығы өндірушілерімізге бағытталады. Отандық өндірушіні қолдау — Үкімет үшін өте маңызды және негізгі тірек нүкте»,—деп толықтырды Бектенов.

Пікірлер