Асырап алған балаларына ит-мысықтың етін жегізген емшіге қатысты тың дерек шықты

1779
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынған
Фото: видеодан алынған

Кішкентай балаларға ит-мысықтың етін беріп қинаған шымкенттік емші жазадан құтылып кетті. Өйткені сот сараптамасы нәтижесінде Ұлықбек Смановтың психологиялық ауытқуы бар екені анықталған, деп хабарлайды «Адырна»тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Жабық сотта емшінің бұл алғашқы қылмысы емес екені де айтылды. 53 жастағы Сманов 30 жыл бұрын абайсызда адам өлтіру бабымен сотты болған. Алайда жүйкесінің ауытқуына байланысты темір торға емес, ауруханаға жатқызылған. Бірақ есепке сол күйі енбеген. Адвокат жетімдер өміріне немқұрайлы қараған білім басқармасын да кінәлады.

«Егер емделіп жатса, бостандыққа шығады. Ол 1995 жылдан бері шизофрения диагнозымен есепте тұр. Бұл істе Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы Білім басқармасының кемшілігі көп. Сманов бұрын осылай жауапкершілікке тартылғаны, есепте тұрғаны белгілі. Жүйке ауруы шизофрениямен жас кезінен бастап ауырған. Соны ескерместен балаларды асырауға берген»,—деді Смановтың қорғаушысы Убадулла Нұрманов.

1990 жылдары атағы дүркіреген емші 6 рет үйленген. Бірақ некесінің бесеуі сәтсіз аяқталып арада бала болмаған. Ал соңғы әйелімен 6 баланы асырап алыпты. Ол үшін тіпті арнайы курстан өтіп, сертификат да алған көрінеді.

«Күдікті әйелімен 2021 жылы үш айлық психологиялық дайындық курсын бітіріп, тиісті сертификат алған. Осыдан кейін олар электронды портал арқылы бала асырап алу туралы өтініш жолдаған. Барлық ұсынылған құжат мұқият тексерілді. Психикалық ауытқулар немесе сертификат болған жоқ. Соттылығы да болмаған. Тек оқиғадан кейін оның денсаулық жағдайы да, соттылығы да деректер базасында пайда болды»,—деді Білім басқармасының қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы Нұрдәулет Абылаев.

Айта кетейік, балалардың екеуі Өскемен, қалғандары Астана, Алматы және Шымкенттегі балалар үйінен екен. Қазір олар қайтадан өздері шыққан балалар үйіне табысталмақ. Ал кәмелет жасына толмағандарды қинау бабымен күдікке ілініп, жазадан құтылған Смановтың әйеліне қатысты әзірге ешқандай қылмыстық іс қозғалған жоқ.

Бұған дейін шымкенттік емшінің асырап алған 6 баласын азаптағанын жазған едік.

Пікірлер