Жұмекен Нәжімеденов: Жырды ұқпайтын кісіден махаббат та шықпайды!

265

"Керемет, алтындай, тоқпақтай-тоқпақтай тұлпар жырлар да келе салатын. Өйткені, бұл қазақ ақынының мырзалығынан, жомарттығынан, далиған дала сияқты кеңдігінен. Мінеки, осы әдісті, дәстүрді мойындамай кеткен Жұмекеннің поэзиясы, шын мәніндегі таза, жазба әдебиеттегі лирика. Ешқандай қосуы жоқ. Мұндай поэзияны ешкім жазады деп те ойламайды ол, тіпті, Нәжімеденов те жазады деп ойламайды. Соның барлығы Жұмекен дүниеден қайтып кеткен соң, жарқ-жұрқ етіп, дүниежүзіндегі ең ескі, кәрі теңізден кәнігі пираттың өзі таба алмай қалған қазынасындай алдымыздан шыға келді..."

Әбіш КЕКІЛБАЕВ

 

АЛМАТЫ

Жатыр жақпар... Қарағайды аралайды жел ескен,
Жапырақтар, жапырақтар сыбыр-сыбыр кеңескен.
Тау сулары таусылмады, ынтықтырып ағады,
Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады,
Айдалада ақ мандайлы Алатау бір қас батыр,
Айналада тал-қайыңдар, тал қайыңдар сапта тұр.
Қызыл гүлдер «үзілдік дер» баяула жел, баяула,
Қызыл гүлдер, қызыл гүлдер ұйқыда ма, ояу ма?
Бар табиғат – бір тіршілік, бір тіршілік баяғы,
Тартады ұрлап ой тамырын; күй қанатын жаяды.
Жүз қоңырау бәрі күлкі, бүгін-дағы, кеше де
Біздің мынау Алматыда, күн жайлаған көшеде.
Бұл кезімдей күлемін мен, күлеміз біз күнге ұсап,
Күн көзіндей қуат берер айқасқанда мың құшақ.
Трамваймен жүре алмаймын, жаяулаймын – көп қызық,
Қөп қызықты қапылыста алмайыншы өткізіп!
Жұлдыз көрмей күндіз көрдім, күндіз көрем әрине,
Түнде көрсем үндемес ем түсім ғой деп бәрі де.
...Жүз толқындар бірін-бірі тұншықтырып ағады,
Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады.
Міне, біздің Алматы осы,
Алма төсі бұлтиып,
Алма-төске жас бұтаның саусақтары түр тиіп.
Жүрші, жаным, қыдырайық, неғыласың жалғыз қап,
Алатаудың ақ қарынан әперейін балмұздақ!

 

 

ЖАНЫП ТҰРЫП БІР ӨЛЕҢ ОҚЫР ЕДІМ МЕН ОҒАН…

Жанып тұрып бір өлең оқыр едім мен оған
алып келіп қаладан, не суырып санадан.
Оқыр едім, әттең-ай, оқыр едім – ұқпайды,
жырды ұқпайтын кісіден
махаббат та шықпайды.

Ойлануға үйретіп алса нетті сәл сілкіп,
көрік берген «тәңірім» кірпіктерін шаншылтып!
Сыңғыр берген тіршілік сырын бермей оқсатты,
күлкі берген табиғат мұңын бермей тастапты.

 

 

КҮНДЕЛІК

Аурухана - 83

20-ы күні реанимацияға түсіп едім. Содан бүгін, 29-нда балконға шығып, күннің көзін көргенімде көзіме жас келді: ып-ыстық, кәдімгідей, күйдіріп барады. Қайра-ан, тіршілік...

 

***

Анау келген кім болды екен, біліп келші кім екен?
Батырлық па?– Өз төрімде күтіп алам, түнетем.
Байлық болса қулау болар, тура қара көзіне.
Кім де болса алдамасын, алданбасын өзі де.
Қайғы болса артында оның қуанышы бар шығар,
бірі кірлеп, бірі жуып кеудем менің аршылар.
Бақыт болса, денем әлсіз көтере алман (өз ойым)
арман болса өмір-бақи арқалайын, төзейін...
Адалым боп арнап келсе – барым әзір, көңіл хош,
түсір жылдам, атын байла, қырауын қақ, тонын шеш.
Шындық болса кілем төсе, дастарқаным жаямын,
жалғандық па – тулақ таста, сүртіп шықсын аяғын!

 

 

***

Шарасынан жүректің арман асып
кеткен кезде жас төгіп алған асыл.
Көз жас үшін біреуден ұяласың,
біреуге көрсетуге арланасың.Тар көрініп кең пейіл үй-іші бір,
аз көрініп жарыңның күміс үні,
жаныңменен алғашқы жылағаның,
секілді екен алғашқы сүйісуің.Тиген шақта тұрмыстың балғасы дөп,
жаншады екен бір сәтте бар қасірет.
Алғаш рет кісіден көңілің қалып,
танисың-ау өзіңді алғаш рет.

Одан әрі?
О, досым, сұрама әрі –
домбыраңның құлағы бұралады:
қайғыра алсаң, ол – сенің жұбанғаның,
жұбанғаның – сезгенің күнәң барын.

Аурухана - 83

Август, 4

Әйелдің атына сенім хат /доверенность / жаздым. Я /әйеліме / доверяю деген бір түрлі қызық естіледі екен. Күн ыстық. Сағат 2 мен төрттің арасында ұйықтадым - ау деймін, өйткені, түс көрдім: Ашақтағы қыстаудың күнбатыс жағындағы, Оңай-ақ тікеннің құбыла жағында қатарынан екі малдың терісі сыпырылып жатты. Біреуі анық – қой, қойды көкем марқұм, екіншісін /не мал екені беймәлім / бір бейтаныс жігіт сойып жатқан секілді. Кәдімгідей сирақтайды, артқы тірсегін қиып жібергенін анық көрдім. Бірақ ешқайсысы терілерін сыпырған малдарының іштерін жарған жоқ. Бүгін Нәсіпке ет асып әкел деп тапсырма беріп ем, бәлкім, көкем қойын сол үшін сойып жатқан шығар? Ал, анау екінші союшыға жол болсын! Шығын ба, сырқат па?!

 

 

***
Сұлулықтың құлпырады бояуы,
Қандай бояу? – сезеді оны жүрегім.
Қызыл, көк деп түстей алман өзім де,
Тек әйтеуір сұлу екенін білемін.
Сұлулықтан қанша рахат табасың,
күйші соны қанша шебер жырлайды.
Соның бәрі... әппақ жұмыр білекті
бір-ақ рет ұстағанға тұрмайды.

ЖЫРЫМДЫ ӨЗГЕ ТҮГІЛ ҚЫЗ ҰҚПАДЫ... 

(ӘЗІЛ)

Жырымды өзге түгіл қыз ұқпады,
тастадым сол үшін мен сызып бәрін.
Қыз менің теңеуіме түсінбеді,
мен қыздың кірпігіне қызықпадым.

Ашып ем үр-жаңа ойды дара барып –
қыз мені бір жымиып бағалады.
Ол менің өлеңімді оқымады,
мен оның балтырына қарамадым.

Балғалап ұқтырдым деп «ақын жанын»
тақтай сабап жатқандай тақылдадым.
Ол менің бір жырымды жаттамапты,
мен оны театрға шақырмадым.

Әй, қайран пендешілік,
«жанып» ішің
жүресің, шарап емес, жалын ішіп.
Осылай қыздарыңмен «ерегестім»
жігіттер, өздеріңе жағу үшін.

Аурухана 83

6 октябрь

Кеше дәрігерге барып едім.Көк қағаздың мерзімін ұзартып қана берді. Сонсоң сұрақты жаудыртып-ақ берді. Жасың нешеде, қалай ауырдың, қашан ауырдың т.б. қалай, қашаңдардың астына алды. Тек қашан, қалай өлу ойыңыз бар деп сұрамады. Оған да шүкір! Өйтіп сұраса не жауап айта алар едім! Әйтеуір, емтихан берген оқушы құсап қиналмай, кідірмей - мүдірмей жауап бергеніме мәз боп шықтым...

 

Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер