Көкшетауда күндізгі жазғы балалар лагері жұмысын бастады

571
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақмола облысы Білім басқармасы.
Фото: Ақмола облысы Білім басқармасы.

Көкшетау қаласында «Алаш Арыстары» саябағының базасында күндізгі жазғы «Дана бала» туристік этнолагерінде бірінші ауысым басталды. Лагерь жұмысын қалалық әкімдіктің қолдауымен білім бөлімі, «Әулет» мектептен тыс жұмыс орталығы ұйымдастырып отыр.

Лагерь әр түрлі демалыс бағыттары бойынша 6 ауысымға есептелген: «Дана бала» туристік этнолагері (2 ауысым), «Арлан» әскери-патриоттық лагері (2 ауысым), «Каратэ шито-рю» спорттық лагері (2 ауысым).

Ұйымдастырушылардың айтуынша, саябақ аумағында 4 ұлттық киіз үй орналасқан. Жазғы демалыс балалардың белсенді демалысы, Қазақстан тарихы, көрнекті қазақстандық тұлғалар туралы білімдерін кеңейту, қазақ халқының мәдениетін, тілін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын зерделеу, балаларды спортқа баулу, балалардың табиғи жағдайда өмір сүру дағдыларын алу, балаларды патриоттық тәрбиелеу, адамгершілік және еріктік қасиеттерді тәрбиелеу үшін ұйымдастырылған.

«Дана бала» туристік этнолагерінде бағдарламаға сәйкес ағаш өңдеу, былғары өңдеу, металдан ою, ұлттық аспап домбыра шерту, жүнді иіру және киіз басу бойынша шеберлік сыныптары өтеді.

Балалар үшін «Құлагер» атшабарында көшпелі экскурсия өтеді, онда оларға ұлттық спорт түрлері көрсетіледі: садақ ату, көкпар, бәйге.

Сонымен бірге, ауысым барысында балалармен асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, арқан тарту сияқты ұлттық ойындар өткізіледі. «Әулет» мектептен тыс жұмыс орталығының педагогтары туристік тұрмыс, жорық маршрутын жасау, туристік тораптар, от жағу түрлері мен тәсілдері бойынша оқыту жүргізеді, картамен, компаспен жұмыс істеуді үйретеді.

Пікірлер