Көкшетауда Қопа көлінің жағалауы бойында жол құрылысы басталды

779
Adyrna.kz Telegram

Облыс әкімінің бастамасы бойынша бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Көкшетауда Кенесары көшесінен Қан орталығы бұрылысына дейін Қопа көлі жағалауында автожол құрылысы басталды.

Елеулі жобаны жүзеге асыру көлік инфрақұрылымының дамуына әсер етіп, негізгі көшелердегі көлік ағынын жеңілдетеді және жалпы қаланы көркейтеді.

Компания жол салумен қатар абаттандыру, жарықтандыру, веложол, су бұру арналары мен көгалдандыру жұмыстарын да жүргізеді.

Қазіргі кезде арнайы техника – экскаваторлар, бульдозер, жүк тиегіш және самосвалдар алаңды тазалап жатыр, 60 адам жұмылдырылған. Жыл соңына дейін азаматтардың демалысы үшін жаңа орын пайда болады. Жазда белсенді спортпен және балық аулаумен айналысуға болады, ал қыста коньки тебуге болады.

Жұмыстың басталуымен облыс әкімі Марат Ахметжанов танысты. «Алтынтау Көкшетау» АҚ бас директоры Игорь Когайдың айтуынша, жұмыс тоқтаусыз, арнайы кесте бойынша жүргізілмек. Көкшетау қаласының әкімдігімен инженерлік желілерді алып тастау бойынша кеңестер өтті. Аяқтаудың болжамды мерзімі – қараша айының ортасы.

«Жұмыс бір сәтке де тоқтап қалмауы керек. Сондай-ақ халықпен тұжырымдаманың қоғамдық тыңдауын өткізу қажет. Ең алдымен, бұл адамдар үшін болуы керек. Олардың ыңғайлылығы мен жайлылығы үшін», – деді аймақ басшысы.

Айта кетсек, «Казцинк» ЖШС-мен жасалған келісім-шарт бойынша мердігер «АБК-Автодор НС» ЖШС (BI Group бөлімшесі) болып табылады.

Пікірлер