“Ес-түссіз жатыр”. Жамбыл облысында әскерге кеткеніне 1 ай болмаған жігіттің қазір жағдайы мүшкіл

6340
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысында әскерде тағы да әлімжеттік орын алды. Өз еркімен 17 мамырда әскерге аттанған сарбаз Нұржігіт Асанұлы жансақтау бөліміне түскен. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталына Нұржігіттің анасы Жаналина Жанна хабарласып, айтып берді.

Қостанайдың тумасы 19 жастағы Әбдіпатта Нұржігіт Асанұлы өз еркімен 17 мамырда Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар қалашығындағы 30212 әскери бөліміне қабылданған. Содан бері бір ай өтпей сарбазға кіші сержант тиісіп, 6 маусым күні ауруханаға түскен. Қазір жансақтау бөлімінде.

Әскерге сап-сау кеткен жалғыз ұлының ауруханаға түскенін анасы тек 9 маусым күні естіген.

“9 маусым күні сағат 16:30 шамасында хабарласып, баламның Қордайдың орталық ауруханасына ауыр жағдаймен жеткізіліп, жансақтау бөліміне түскенін айтты. Балам қазір ИБЛ аппаратына қосылған, ес-түссіз жатыр. Алғашында әскери емханаларына өз аяғымен келген. Сол кезде қабылдаған дәрігерге кіші сержант Тұрлан Дастан ұрғанын айтқан. Іштен ұрған соң, іші ауырып, дәрігерлеріне дәрі сұрап барған. Сосын жағдайы нашарлап орталық ауруханаға жөнелтілген”, - дейді анасы.

Әскери емхана Нұржігітке оң жақ өкпенің жоғары және ортаңғы бөліктік пневмониясы деген диагноз қойған. Жағдайы жедел нашарлауына байланысты жедел-жәрдем шақырылып, Қордай аудандық көпбейінді ауруханасына жөнелткен. Алайда, анасы бұл диагнозбен келіспейтінін айтады.

19 жастағы Нұржігіттің анасы бұл істің жылы жабылып қалмауын сұрайды. Қиянат жасағандарды заң алдында жауапқа тартуға ниетті.

“29 маусым күні ант қабылдау керек еді.  1 ай да болған жоқ. Бұл істің жылы жабылып қалмауын сұраймын. Арыз жазылды. Осы істің басты назарда ұстап, тергеу жүргізілуін талап етемін. Бармақ басты, көз қысты болып қалмасын ”, дейді анасы.

Құқық қорғау органдары Қылмыстықтық кодекстің 451 бабы 1 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Қазір тергеу жүргізілуде.

Пікірлер