Сенатор мектептерде тым көп пән оқытылатынын айтты (ВИДЕО)

1320
Adyrna.kz Telegram
Фото: Pinterest
Фото: Pinterest

Қазақстандық оқушыларға шамадан тыс көп оқу міндеттелген. Бұл туралы сенатор Алтынбек Нұқұлы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Білім сапасы мықты елдер саналатын Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия және Канадада 7-8 сыныпта оқушылар нақты ғылымға қатысты 4-6 пән оқиды, ал Қазақстанда 15 пән. Тіпті 9-сыныпта 16 пән оқытылады. Елімізде міндетті оқу пәндерінің саны 2,5 есе көп. Шетелдегі мектептерде химия, биология және география сияқты пәндер біріктіріліп, ғылым пәні ретінде өте аз оқытылады. Осыған қарамастан соңғы 15 жылдағы халықаралық PISA зерттеуінің қорытындысы бойынша осы елдердегі оқушылардың жаратылыстану ғылымы бойынша сауаттылығы жоғары саналады. Бұл пәндер санынан оқыту сапасы маңызды екенін көрсетеді»,—деді ол.

Сенатор оқулықтардың тілі ауыр екенін де атап өтті.

«Қазақстанда оқушыларға тақырып бойынша шамадан тыс көлемді ақпарат беріледі, ал оқулықтардың тілі ауыр. Ал Ұлыбританияда керісінше, ақпарат көлемді емес, тақырыптар тәжірибеге бағытталып, күнделікті өмірдің жағдаяттарымен байланыстырылып оқытылады. Басқаша айтқанда, оқушының алдағы өмірінде қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге көп көңіл бөлінеді. Орта білім саласында сапалы білім беру үшін оқушыларға заман талабына сай білім беру мазмұнын жасау керек. Орта білім беру сапасын көтерудің концепциясына өзгерістер енгізілуі керек деп есептейміз»,—деп түсіндірді Алтынбек Нұқұлы.

<

Пікірлер