Жауаптылар бюджеттен бөлінген әрбір теңге үшін жауап беруге тиіс - депутат

1195
Adyrna.kz Telegram

Өскемен мен Семей қалаларындағы шамдарды ауыстыру жұмыстары 94%-ға орындалса да, бес жылдай уақыт өткен, жоба аяқталмаған. Жаңа лампалар істен шығып, тіпті орталық көшелердегі фонарлар да сөніп, айлар бойы жанбай тұрады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Самат Нұртаза “Адырна” ұлттық порталына берген сұхбатында айтып берді. Депутат бұл істі өзі қолға алмақ. 

Сізге депутат ретінде қандай мәселелер келіп түседі? Солар туралы айтып беріңізші.

– Менің атыма Өскемен мен Семей қалаларының тұрғындарынан түнгі уақытта қала көшелеріндегі жарықтың нашар екендігі туралы шағымдар келіп түсті.

Мұның себебі неде? Толығырақ айтып бере аласыз ба?

Иә, әрине. 2017 жылы Қазақстанның «Жасыл экономикаға» көшуі аясында «Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі өңірлік орталығы» акционерлік қоғамы мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасында «Өскемен қаласында және Семей қаласында көшені жарықтандыру жүйесін жаңғырту» жобасы бойынша құны 4,8 млрд теңге болатын кредиттік шарт жасалды. Оның ішінде Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің кредиті - 3,6 млрд теңге, ал жергілікті бюджеттен қаржыландыру - 1,2 млрд теңге болды. 2019 жылы тендер қорытындысы бойынша Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің сатып алу ережелеріне сәйкес мердігер анықталып, онымен «Жобалау» – «Жеткізу» – «Орнату» – «Қызмет көрсету» бойынша шартқа қол қойылды.

Қаражат толық көлемде бөлінді ме?

– Әрине! Қаражат толық бөлініп, толығымен игерілді. Сол кезде тұрғындарға жоба іске асқаннан кейін бұл қалалар жергілікті «Лас-Вегасқа» немесе «Макаоға» айналады, ал өңірдің осы екі қала бойынша жарықтандыруға кететін шығындары 60 %-ға қысқарады деп уәде берген.

Шамдарды ауыстыру жұмыстары 94%-ға орындалса да, өзін көтеретін, оқшауланған 335 км кәбіл тартылып, сыртқы жарықты басқаратын 394 шкаф орнатылса да, бес жылдай уақыт өтті, жоба аяқталған жоқ. Жаңа лампалар істен шығып жатыр, тіпті орталық көшелердегі фонарлар да сөніп, айлар бойы жанбай тұрады.

 Ал облыс әкімдігі не дейді?

– Бізге облыс әкімдігінде түсіндіргендей, жобаны іске асыру кезеңінде мердігер ұйым тарапынан шамдардың, құрылыс-монтаждау жұмыстарының, қызмет көрсетудің сапасына қатысты проблемалы мәселелер туындаған. Әкімдік бізге, - қазіргі уақытта қалаларда жарықты қалпына келтіру жұмыстары облыс әкімінің бақылауында, - деп сендірді.

Депутат ретінде қандай жоспарыңыз бар?

– Осыған байланысты біз бұл жағдайды мұқият бақылайтын боламыз. Жауаптылар бюджеттен бөлінген әрбір теңге үшін жауап беруге тиіс. Депутат ретінде мен бұған барынша күш саламын.

Сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет!

Адырна” ұлттық порталы



Пікірлер