Home » Спорт » Әуежайды жапқаннан пайда болмады

Әуежайды жапқаннан пайда болмады

“Тобыл” командасы Еуропа лигасы жарысынан шығып қалды. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов “Тобыл” футбол клубының ең басты жанкүйерінің бірі. Футбол десе ішкен асын жерге қоятын бапкер қостанайлық команданы өрге сүйрегісі келіп еді, болмады. Кезінде ол басқарған Ақтөбе облысының командасы да Еуропа лигасында жеңіліп қалып, опық жеген. Бір қызығы облыс басшысы бір қателікте екі мәрте жасап отыр. Ол қалай?

“Ақтөбе” футбол клубы Эстонияның ортаңқол ұжымы “Нымме Калью” командасынан жеңіліп Еуропа лигасынан шығып қалған кезде Архимед Мұхамбетов бас бапкер Владимир Газзаевты қызметінен алып тастады. Себебі, жергілікті жанкүйерлер команданың бұл масқара жеңілісіне қатты сын айтты. Кейіннен Қостанай облысы әкімі қызметіне тағайындалған Архимед Мұхамбетов “Тобыл” командасына қомақты қаржы бөліп, футбол клубына керемет жағдайлар жасады. Қыс айларында футбол ойнауға мүмкіндік беретін футбол манежінің де пайда болуы тікелей осы кісінің бастамасы арқылы жүзеге асты. Сосын “Тобыл” футбол клубына бас бапкер қызметіне облыс басшысының нұсқауымен Владимир Газзаев тағайындалды.

Енді мінекей, бірнеше жыл бұрынғы қателік қайталанып, “Тобыл” командасы ресейлік маманның жаттықтыруымен Еуроп лигасының алғашқы айналымынан шығып қалды. Мықты қарсыласқа тап болып, сәтсіздіктің кесірінен жеңілсе мақұл дер едік. Бірақ, олай емес. Люксембург елінің командасы “Женнеске” жеңіліп қалған “Тобыл” ұятқа қалды.

Бұл матчтың “Астана Аренада” өтуінің де өзіндік себебі бар. Ел футболына құтты стадионға айналған бұл кешенде қазір Қазақстанның барлық командасы ойын өткізгісі келеді. Себебі, Еуропалық командалар мұндай жасанды алаңда өздерінің бар шеберліктерін көрсете алмайды. Сондықтан да, “Астана Аренада” футбол ойнау үшін Қостанай қаласының әуежайы жөндеу жұмыстарын өткізіп, сол себептен футбол командасы өз алаңындағы матчтарын Нұр-Сұлтан қаласында өткізетін болып шешілді. Бұл жағдайдың барлығын ұйымдастыруға септігін тигізген әрине – облыс басшысы. Алайда, футболшылар, әсіресе бапкерлік штаб лауазымды тұлғаның бар еңбегін зая кетірді.

Ойын тең аяқталып, “Женнес” командасы келесі кезеңге өтісімен біз бұл ұжымның бас бапкері Николья Хайсманға екі сауал жолдап үлгердік.

  – Сіздің командаңыздың бір жылдық бюджеті қандай?

– Біздің бюджетіміз “Тобылдан” 6 есе кем деп ойлаймын. Себебі біздің жылдық бюджетіміз 500 мың еуро.

  – Командаңыздағы ойыншылар футболдан өзге де мамандықтардың иесі шығар. Олар басқа жұмыс істей ме?

– Иә, оныңызбен келісемін. Біздің команда осыдан 13 күн бұрын жиналып жаттығу жұмыстарын бастады. Олардың көбісі күндіз өз жұмыстарында жүреді де, кешке жаттығуға келеді. Сондықтан да бізде “Тобылға” қарсы дайындалуғы көп мүмкіндік болмады.

Ермұхамед Мәулен

inbusiness.kz

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

“Қайраттың” экс-футболшысын өлтіріп кетті

“Қайрат” футзал клубының бұрынғы ойыншысы Дуглас Нуньес да Силваға белгісіз біреулер түнгі клубтан шығып бара ...