Бір әулеттің үш елдегі тарихы

3300
Adyrna.kz Telegram

(31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай)

Әңгімені беріден бастасақ. Ертеден Алтайдың Көктоғайын мекендеген Абақ Керейдің Сарбас ауылынан талай ел ағалары шыққан. Солардың қатарында, Чин патшасының алдына бараған Сармырза, керейдің биі Жарылғап, Бөке батырмен бірге ел бастаған Қабаныда жатқызамыз. Осы адамдардың маңында жүріп ел ісіне араласқан, бір ортада туып-өскен адамдардың бірі Жолдасбай Бекбергенұлы болатын. Бұл кісі туралы ел аузынан жеткен әңгімелерде белгілі ғұлама, абыз Ақыт Үлімжіұлымен жақын жолдас болғаны айтылады. Жолдасбай атамыздың қабірі, қазіргі Көктоғайдың Сартоғайдағы Қаратүіңке қыстағының маңындағы Сарбас руының қорымында жатқандығы 2023 жылы анықталды. Жолдасбайдың ізін Қабимолда, Қалилолла атты екі ұлы, Зәмзам дай жалғыз қызы жалғастырады. Қабимолда жұрттан оза туған білімді, әділ адам екен. Діни сауаты жетік болған соң Сарбас руының молдасы, әрі Сарбастың тәйжісі Буратай Белдемшеұлының хатшысы болып, арасында дау-дамайды да шешіп отырған. Арғымбек Апашбайұлының жырында:

«Тәйжі Қабдолла баласы Буратайдың,

Шолпаны қасындағы туған айдың.

Молда Қобдыш, Қабимолда – пірәдарлар,

Мысалы жүрісіндей жорға тайдың» - деп суреттеледі.

АЛҒАШҚЫ ЗОБАЛАҢ

1930 жылдары Қабимолда Жолдасбайұлы Сартоғайда жұт болып мал қырылып, ел ығысып жайылым іздеп, Алтайдың Қобда бетіне көшіп барады. Қалилолла атамыз қалып қояды.

Сол кездегі Моңғолиядағы коммунистік жүйенің озбыр саясаты негізінде Қабимолда Жолдасбайұлы 1937 жылы маусым айының 10-17 аралығында Құжырты-Бұлғынның Базарқұл-Тайлақ сұмында ұсталады. (Бұл туралы Сұраған Рахметұлы «Құжырты құрбандары» деректі еңбегінде жазған). Бір жылдан кейін 1938 жылы тамыз айының 19 күні Ұланбаторда дін адамы және «жапон тыңшылары ұйымына қызмет еткен» деген жаламен атылды. Баян-Өлгейдің, сол кездегі Құжырты, қазіргі Бұлғын сұмы Қытаймен шекаралас орналасқандықтан қызыл үкімет тарапынан ерекше қысымға ұшырап, қуғын-сүргін қатты жүреді. Тек сол сұмнан 430-дан астам адам жалған айыппен, еш себепсіз атылған екен. Репрессия одан ары жалғасын тауып, 1940 жылы сәуір айының 9 күні Күлмесхан Қабимолдаұлы қолға алынып, Қобданың тас түрмесінде бір жыл жатып, 1941 жылы «Қытайға қашуға дайындалып жүр» деген жаламен 5 жыл 6 айға Ұланбатор түрмесіне қамалады. Баймұрат Ақынұлы жазып алған ауызша деректерде атамызбен бірге ұсталған Жәкулә қарттың айтуынша 1940 жылы жазға таман Қамза, Күлмесқан, Жәкулә үшеуі сауда корпоратив жәрмеңкесіне баруға дайындық көріп аттарын тағалап, көлігін сайлап, қамданып отырғанда «қатын-баласын алып Қытайға қашқалы отыр» деп секем алған ішкі істер адамдары, бірден ұсталған екен. Тергеу изоляторында бір жыл қинап, оларға «қытайға қашқалы жатырмыз» деп өтірік мойындатып, түсініктеме алған. (Моңғолиядағы коммунистік қуғын-сүргін туралы қалам тербеп жүрген ағаларым: Сұраған Рахметұлы, Бекен Қайратұлы, Баймұрат Ақынұлы ағаларыма әулет атынан алғыс білдіреміз).

ТАҢЖАРЫҚ ЖОЛДЫҰЛЫ МЕН БІР ТҮРМЕДЕ ЖАТҚАН ӘЛІМХАН

Бұл жолы Қытайға кеткен Күлмесханның ағасы Әлімхан, сол жақта ұсталып, Үрімжі түрмесіне қамалады. Абақтыда белгілі ақын Таңжарық Жолдыұлымен бір камерада жатып, Әлімханның атаның айтуымен Т.Жолдыұлы жазып алған: «Әлімханның жыры» атты өлең дүниеге келеді. Онда түрме жағдайы, Әлімханның арттағы еліне, туыстарна сағынышы айтылады. Жыр-өлең 1944 жылы Үрімжі түрмесінде жазылған. Жыр:

«Сиындым бір өзіңе құдірет керім,

Алтайдың кең даласы-туған жерім.

Ел-жұртым, әке-шешем, қатын-балам,

Маңдайдан ойлағанда ағар терім.

Сендерді тіршілікте көрерме екем,

Қайран жұрт, уа, дәриға, қайран елім!» - деп басталады.

МОҢҒОЛИЯДАН ШЕКАРАСЫНА ӨТІП, ОСПАН ӘСКЕРІНЕ ҚОСЫЛУ

1946 жылы Әлімхан мен Күлмесхан жазаларын өтеп, үйлеріне қайтып келеді. Комммунистік жүйенің аман қалдырмайтынын әбден көзі жеткен ағайындылар, Қытайға өтуге бел буып, дайындалады. 1947 жылы жаз айында бір түннің ішінде ағайындылар: Әлімхан, Күлмесхан, Төлеухан отбасыларын алып, мал-мүлкін тастап, кәрі шешелерін ала жүріп, шекара асып Қытайға өтіп, Қаптықтағы Оспан батыр ауылына қосылады. Көшудің басты себебі, Моңғолиядағы коммунистік жүйенің қысымы мен дінге, дәстүрге қарсы саясаты болды. Жеткізушілердің әңгімесіне қарағанда бір түннің ішінде маңайдағы ауылдардың ең жүйрік жылқыларын таңдап, кейбіреуін сұрап алса кейбірін өрістен алып, мұздай қаруланып, жылқының тұяғына құрым кигіз орап, ешкімге айтпай, у-шу шығармай бір түннің ішінде Алтай асқан. Ел тек кигіз үйдің түңлігі ашылмай, түтін шықпай тұрғаннан білген екен. Мелкейтімен асып, Баянголдың Маңдай деген сайын өрлеп асу асып, Сақты жазығына жеткенде бір аттың белі үзіліп өледі. Жүз жасқа жақындап қалған кәрі шешесін керегеге бөлеп, алдына өңгеріп алады. Таң ата ешкімнің көзіне түспей, Құрымты арқылы шегарадан өтіп кетеді. Малы, дүние-мүлкі орнында қалды. Кетудегі мақсаттың енді бірі мал үшін емес, ұрпақ амандығы үшін еді. Коммунисттік жүйенің дін мен руханиятқа қарсы саясатынан ұрпақты арашалау болатын. 1930 жылдардағы Моңғолиядағы саяси қуғын-сүргінің басты себептерінің біріде діни-зиялы қауымды құрту болды. Осыған орай, «Үлкендерге келген тықыр өздерінде жетпей қоймайтынын» жақсы түсінген ағайындылар көшуге тәуекел етті. Ол кезде Шыңжаң билігіде аумалы-төкпелі жағдайда болатын. Бостандық аңсаған қазақ тарды, Оспан батыр бастаған азаттық аңсаушылар елең еткізбей қоймады. Бір үміт барына сенімді болды. Осылайша Әлімхан, Күлмесхандар да Оспан батырдың маңында шоғырланған қазақ ауылдарымен бірге болады. Батырдың ағайындыларға деген ықыласы мен сенімі мол еді. Інілері Төлеухан Қабимолдаұлы әскерде болған, соғыс тактикасын білетін әрі мерген адам. Оспан әскерінде жүріп 1947 жылы оққа ұшып шаһид болады. Ел үріккен заманда біздің ауыл бірде Оспан елімен бірге, кейде бөлек жүріп 1951 жылы Гансудың Қайыз деген жеріне келеді. Оспан батыр, ұсталардан бір-екі ай бұрын Күлмесқанның үйіне аранайы түсіп, әңгіме-дүкен құрғанын, сол кезде қонақтардың қолына су құйып жүрген 15-16 жастағы марқұм әкем Төлеген Күлмесқанұлы айтып отыратын еді.

ӘЛІМХАН МЕН КҮЛМЕСХАННЫҢ ЕКІНШІ РЕТ ҰСТАЛУЫ

1951 жылы Оспан батыр ұсталған соң, Гансу-Чиңхайдағы қазақтарды біріктіріп 1954 жылы 27 сәуірде Ақсай Қазақ Автономиялы ауданын құрады. Ағайынды Әлімхан мен Күлмесхан 1958 жылы сәуірдің 15 күні ҚХР Гансу провинциясы Ақсай қазақ авт.ауданында тұтқындалып, Қытай коммунистік үкіметі Моңғол Халық Республикасына тапсырады. Қытайда «халық жауы» деп ұсталған ағайындыларды, Моңғолияда «Шекара бұзып өтті» деген айыппен, 15 жылға үкім кесіліп, Ұланбатор түрмесінде қамайды. Бұл туралы Чулуунбатын Алтангэрэлдің «Монголын баруун хязгаар, түүний хамгаалалт» атты еңбегінде: «Алимисхан, Хулимисхан, Ахатхан» атты адамдардың шекара бұзып, сол үшін жазаланғандары жайында айтылады. Сол кездері Ақсай ауданында қыстақ хатшысы болып жұмыс істеген жасы 95-ке келген Дәлелхан ақсақал: «Кешке жақын жиын бар деді. Жиынға жиналдық. Гүң сүнжаң деген сақшын бастығы сол жариялады Әлімқан, Күлмесқан пәңгімің (халық жауы) қолға алдық деп. Содан ары Дуқанға (Дұңхуан қала) апарып ары сырт мұңғылға өткізіп беріпті» деп сол кездегі оқиғаны баяндап айтып берді. 1958 жылы Әлімхан Ұланбаторда атылады. Күлмесханды 1965 жылы бір жағынан жасы келгеніне байланысты, екінші жағынан Мұқтарқан Мәдейұлы мен жұбайы Кәйкен Қабдырашқызы атты ерлі-зайыпты кісілердің кепіл болуымен үй қамақ негізінде түрмеден шығарады. Ақын Зұқай Шәрбақынұлының айтуынша: Күлмесқан сол кездегі Моңғолияның Ұлы хуралының бастығы Жамсарангийн Самбуумен жолықтыруға мүмкіншілік жасайды. Ж. Самбуға К.Қабимолдаұлы өзінің жазасын өтеп шыққанын және екі өтініші бар екенін айтады. Біріншісі, моңғол азаматы ретінде қала беру және Қытайда қалаған балаларын Моңғолияға алдырту; Екіншісі Қытайға балаларының қолына барудың жолын қарастыру мәселесі болады. Ж. Самбуу Қытай елшілігіне хабарласады. Готов деген Ұлы хурулдың хатшысын шақыртып, Бейжіңдегі Қытайдың коммунистік партиясы басшысымен сөйлеседі. Қытай компартия басшысы артық адам керегі жоқ екенін және балаларының түрмеде жазасын өтеп жатқанын, жібермейтінін хабарлайды. Ж. Самбуу Атамызға қолдан келген барлық көмекті жасайтынын және Моңғолияда қала тұрып, екі ел арасы жақсарғанын күте тұруды ұсынады. Тұратын жері бар ма екенін сұрағанда Өлгейдегі Замзам атты қарындастарының қолында тұратынын айтады. Ж. Самбуу хатшы Готовқа Сыртқы істер министрлігіне Күлмесханға көмекке 1 500 төгрөг беруді міндеттеген хат жаз деп бұйырады. Атамыз Сыртқы Істер министрлігі консулынан 1500 ақша алып, ұшақпен Өлгейге барып қарындастарының қолында тұрады. 1968 жылы сол жақта ауырудан көз жұмады. Балаларын бір көре алмай кеткен атамыздың соңынан «Күлмесхан Қабимолдаұлының мұң толғауы» атты сағыныш өлеңдері қалады.

ҚЫТАЙДА ҚАЛҒАН БАЛАЛАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ

1958 жылы сәуірдің 15-і күні Әлімхан мен Күлмесхан ҚХР Гансу провинциясы Ақсай қазақ авт.ауданында тұтқындалғаннан соң «халық жауларының қалдықтарын құрту саясаты» жүреді. Бұл тізімге Әлімхан мен Күлмесханның әйелдері, балалары, келіндері кірді. Нәтижесінде 1958 жылы үшінші қыстақтан Далайқан Әлімханұлы, Құмаш Күлмесханұлы, Қабдыраш Күлмесханұлы, Халық Күлмесханұлы, Күлмесхан бәйбішесі Дариға Жалбаққызы, Әбдіғапар Күлмесханұлы ұсталады. Жалпы аудан бойынша ұсталған адам – 29. Құмаш Күлмесханұлы түзету лагерінде жұмыста жүріп қайтыс болады. 1964 жылы Хамит Күлмесханұлы 20 жылға, Әбдіғаппар Күлмесханұлы 15 жылға, айдауға кетеді. 1968 жылы бірінші ауылдан: Төлеген Күлмесханұлы, Қабылхақ Күлмесханұлы ұсталады. Бұлардың көбі Гансу өлкесі Тянжу қаласында орналасқан түзету лагеріне жіберіледі. Ағайындылардың ішінде тірі келгендері: Қабдыраш Күлмесханұлы, Әбдіғапар Күлмесханұлы, Төлеген Күлмесханұлы, Қабылхақ Күлмесханұлы болды. Түрмеге кетпей қалған ұл-қыздар мен келіндер жергілікті белсенділердің қысымына ұшырады. 1958-1978 жылдар аралығында екі атадан ұрпақ жалғаспады. Тек 1976 жылы Қытай коммунистік партиясының төрағасы Мауо Зедун өлген кейін ғана жағдайлары дұрысталып, бір-бір бірін көріп қарайласуға жағдайлары жетіп, қайта оңала бастайды.

ҚЫТАЙ ТҮРМЕСІНЕН 2 РЕТ ҚАЗАҚСТАНҒА КЕЛГЕН

1958 жылы 15 сәуірде әулет басына қаралы күн тулғанда қызыл үкімет адамдары үйге келіп Құмаш Күлмесханұлы мен Хамит Күлмесханұлының мылтығын алмақшы болады. Сол кезде үйде болған Халық Күлмесханұлы «мылтық бермеймін» деп қарсыласқаны үшін қылмыскер деп саналып, ұсталады. Х. Күлмесханұлы 1958 жылы түзету лагеріне барады. 1960 жылы ебін тауып лагерден қашып шығып, Қазақстанды бетке ұстап, қорғастағы Сайран көл арқылы салмен ағып өтеді. Көлден шыққан жерінде шекарашыларға ұсталып олар кері қайтарады. Үрімжі түрмесіндегі ауыр қылмыскерлерді қамайтын камерада, аяқ-қолындағы кісен алынбастан, төрт жыл қамалады. Тек 1966 жылы көзқарасы түзелді, енді ешқайда қашпайды деген ниетпен кісеннен босатып, түрменің биік дуалмен қоршалған ашық ауласына болс жібереді. Таза ауада бір-екі күн сергіп, әлжиып алған соң, орайлы сәтті пайдаланып, түрменің биік дуалынан асып түсіп екінші реткі саяхатын жалғастырады. Бұл жолыда бұрынғы барған жолымен Қазақстанды бетке алады. Алайда артынан екі қуғыншы түсіп ұсталып қалады. Қайтадан айдап келе жатқан жерінде ыңғайлы сәтті тауып, екеуінде жайғастырып, бір ағашқа байлап тастап, аттарымен керек заттарын алып, Сайран көліне бет алады. Үш-төрт күнде орманда ағаш кесіп сал жасап дайындалып, шеакарадан жүзіп өтеді. Осы ретте тағыда Қазақстан шекарашыларына ұсталады. Алған бетінен қайтпаған Халық атамыз шекарашыларға: «кері қайтарсаңдар бәрібір өлтіреді, атсаңдар осы жерде атып тастаңдар, өлсем қазақ топырағында өлейін» деген екен. Бір жағынан қазақ шекарашыларының бауырмашылдығы, екінші жағынан кеңес-қытай шекара аралық даудың туына байланысты, кері қайтармай Мардовия республикасындаңы түзету лагеріне 1 жылға жібереді. Ол жерде Рамазан деген қазақпен дос болып, сол кісінің нұсқауымен Жамбыл облысы Шуға келеді. Атамыз қазірде Қазақ ордасының туы көтерілген өңірде бақытты өмір кешіп жатар.

ҮШІНШІ КӨШ

1978 жылы Қытайда саясат біршама тынышталып, екі ата ұрпақтарының жағдайлары түзеле бастайды. Үйленбегендер үйлі болып, азда болса еркіндік орнайды. Осы кезден бастап әулет үлкендері басқа жерге көшуді ойлап жер шала бастады. Шиңжаңнын барлық аймақтарында халық тығыз орналасқан. Үкімет көшугеде рұқсат бермейтін еді. Қонысы кең отыруға ыңғайлы жер таппады. Дегенмен, сол кездегі Кеңестер құрамындағы Қазақстанға түбінде баруды мақсат тұтты. 1989 жылы Ақсайдың ауданының Қайыз деген жерінде аудан деңгейінде саяси қуғын-сүргін құрбандары болған бір әулеттің ұрпақтарына арнап үлкен ас беріледі. Хабар ошарсыз кеткен Халық Күлмесханұлы, «өлдіге саналып» жаназасы шығарылады. 1990 жылы аяқ астынан күтпеген жағдай орын алады. Өлдіге саналған Халық Күлмесханұлынан хат келеді. Бұл әулет үшін өте қуанышты жағдай және үлкен мүмкіндік болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміздың егемендік дүниеге келіп, қазақтың жас мемлекеті қалыптасты. Бұл жаңалық Ақсай қазақтарының қиялының шындыққа айналуына негіз болды. Ақсай қазақтарының ҚР Президентіне жазған хатыда қазір архивте сақтаулы тұр. 1991 жылы Қараша айында Төлеген мен Қабылқақ Күлмесханұлдары, Мүкей Хамитұлы Қазақстанға келіп 45 күн жүріп, тәуекел деп көшуге бел байлады. Осылай Қазақстан Республикасына алғашқы көш жолға шығады. Қазірде Ақсай қазақтары Қазақстанның әр өңрлерінде тұрып жатыр. Ал ағайынды Әлімхан мен Күлмесханның ұрпақтары түгелімен тарихи отанына оралды.

Қажымұрат Төлегенұлы

Пікірлер