“Әкеме ақтау қағазының керегі жоқ еді”. Тарихшы қос репрессияның құрбаны болған әкесі туралы айтты

1660
Adyrna.kz Telegram

1930-жылдарда қазақ халқы үлкен демографиялық опатқа ұшырады. Миллиондаған адам ажал құшты. Жүз мыңдаған отбасы Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды. Одан қалса, қазақтың біртуарларын “халық жауы” деп қудалап, ату жазасына кесті.  Жүз мыңнан астам азамат қуғын-сүргін құрбаны болды. Солардың бірі — қос репрессияны басынан өткерген,  тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың әкесі — Омар Артықбаев.  Бұл туралы тарихшы “Адырна” ұлттық порталына айтып берді.

Әкеңіз Омар Артықбаев екі рет репрессияға ұшыраған екен. Бұл туралы бірі білсе, бірі білмейді. Әкеңіз туралы толық айтып берсеңіз.

—Әкеміз сауатты адам болды, біздің оқуымызға қатты көңіл бөліп, өзі бағыт-бағдар беріп отырды. Жасымыздан кітап оқыдық, қолына түскен жақсы кітапты әкеліп тамағың құрғағанша оқытып қояды. «Қазақ ертегілерінен» бастап, «Мың бір түн», «Рүстем-Дастанға» шейін сол кезде оқыдым. Әкемнің қуғынға ұшырауы тура айтсм, ұзақ әңгіме.

Біздің әулет 1937 жылы шілде айында Жолымбет руднигіне келіп орнығады. Әкей Жолымбетке келген соң рудниктің стройотделіне жұмысқа тұрады. Осы қызмет әкейдің 1937 жылы қыркүйек айында бірінші рет сотталуына себеп болған. Мен әкейдің 1937 жылғы сотталуы туралы мұрағаттардан «қылмыстық ісін» таба алмадым, іздеу барысында тек кейбір деректер ғана анықталды. Шешей «жолда күзет тоқтатқанда әкеңнің қалтасында аздаған ақша мен аттың кісені болыпты, сол үшін ұстапты» дейтін.

1937 жылы КСРО-да бірнеше жазалау науқандары қатар жүрген, бұлар «қоғам қайраткерлеріне қарсы», «әскерилерге қарсы», «ұлтшылдарға қарсы» деп әрқайсысы жеке айдармен аталады. Әкей «кулактарға қарсы» басталған науқанға ілігіп кеткен.

Осыған байланысты 1937 жылдың 31 шілдесінде НКВД-ның шұғыл бұйрығы шығып «кулак операциясын» 7 тамызда бастап төрт айда бітіру, 75 950 адамды ату, 193 000 адамды лагерлерге аттандыру жоспарланды (барлығы 268 950 адам.). Жоспарды орындау барысында неше түрлі сұмдықтардың болғаны сөзсіз. Осыған байланысты «кулак операциясына» қатысты іс-қағаздар да НКВД мұрағаттарында жойып жіберілген деген ойдамын.

Бұл операция 1938 жылдың көктемінде аяқталды. Құдайға тәуба, әкей бұл жолы Карлагқа 3 жылын беріп оңай құтылды деп есептейміз. Шешей бізге бір әңгімелер айтып отырып, осы оқиға есіне түсіп кетсе, «әкең, Құдай аманаты, тектен-текке кетті» деп жылап жіберуші еді.

1940 жылы әкей Карлагтан босап Жолымбетке келеді

Одан іле-шала қазақтың жүздеген мың жас азаматтарын жалмаған, елге орыны толмас қайғы-қасірет әкелген 1941-1945 жылдардағы алапат соғыс басталды.

ЕКІНШІ ҚУҒЫН — КАРЛАГТАН ИРКУТЛАГҚА

— Соғыс аяқталды, елдің бастан өткерген бейнетінде, жақынын жоғалтқан қайғысында шек жоқ еді, біреу жылап, біреу күліп Жеңіс күнін қарсы алды. Қалай дегенмен «үмітсіз-шайтан» демейді ме, болашақтан жақсылық күтті. Осылай жүргенде 1947 жылы репрессияның жаңа толқыны тіршілігі бар қазақтарды тағы да түрмелер мен концлагерлерге қамай бастайды. Мәскеуде жеңіске масайраған, рухы көтерілген елдің кеудесін тағы бір басатын кезең келді деп есептеді. Солардың ішінде біздің әкейлер де кетеді.

1947 жылы біздің үш әкеміз де ұсталды. Бұл жерде бір мәселе анық, әкемнің іс қағаздарынан НКВД -ның ұйымдасқан антисоветтік топты әшкерелеу мақсаты болғаны және бүкіл істі сол бағытта әдейі ұйымдастырғаны көрінеді. Ал енді Әмір мен Темірғали әкелеріміз ұсақ- түйек саудамен көзге түсіп жүрген де, көре алмастар үстерінен арыз бергенге ұқсайды. Сөйтіп, әкем Омардың 1947 жылғы «халық жауы» деген айыппен сотталады.

1947 жылы бүкіл КСРО аумағында репрессияның жаңа толқыны басталғаны бәрімізге де мәлім.  Соныменен іс-қағаздарын қарасақ әкейге діни бас қосуларға қатысады, Құрбан айтта мал союды ұйымдастырды, советтік тұрмысты жамандайды, жұмысшылардың нанға жарымайтынын айтады, ұлттық дәстүрлерді жақсы көреді деген айыптар тағылған. Әкейді тұтқындау туралы «Постановлениені» 1947 жылдың 21 ақпанында НКВД (НКГБ) - ның Ақмола облысы бойынша аға өкілі Хохлов деген жасаған.

Әкейді 1947 жылдың 23 ақпанында ұстап, бірден Ақмоланың ішкі түрмесіне әкеткен. Карлагтан Иркутлагқа әкейдің қашан жіберілгені туралы нақты қағаз жоқ. Менің ойымша, бұл 1951-1952 жылдары болған сияқты. Л.Гумилев те осы жылдары Карлагтан Иркутлагқа жіберілген, яғни лагерьлерден бір-біріне адамдарды ауыстырып отырған. Иркутлагтың Ангара қаласындағы Китой ИТЛ (исправительно-трудовой лагерь) -дан әкей, Сталин өлген соң, 1953 жылдың 15 тамызында босады.

Қай жылы ақталды?

— Әкей ресми түрде КСРО Жоғарғы сотының Пленумының шешімімен 1989 жылдың 20 қыркүйегінде ақталды. Бұл хабар бізге жеткен жоқ. Әкейге бұл ақтау қағаздың енді керегі жоқ еді. Ол 1989 жылы 27 қарашада қайтыс болды.

ӘКЕ АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗ

Әкеңіз туралы кітап жаздыңыз. Бұл арқылы әкеңізден “халық жауы” деген айыпты алып тастағыңыз келді ме?

— Мен өзімнің шығармашылық өмірімде ғылыми тақырыптарда бірталай кітап жаздым. Әкем туралы жаза қоямын деген ой болған жоқ. Қазақтың қарапайым азаматы болатын. Бала кезімде әкемнен «біздің аталарымыз кедей болды ма, бай болды ма ?» деп сұраушы едім, сол кезде әкем «байға белін бастырмаған орташа болды» дейтін. Сол сияқты әкем де орташа тіршілік кешті, үлкен қызмет те атқарған жоқ, атағы шыққан бай да болған жоқ.

Біздің әкелеріміздің қалыпты өмірінің астан-кестенін шығарған Қазан төңкерісі туралы аз жазылған жоқ, бірақ менің әкемінің өмір тіршілігі ХХ ғасыр тарихын саралауға құнды дерек сияқты. Қарапайым адамның тағдыры - тарихтың өзегі болуы тиіс. Менің әкем Алаш қайраткері болған жоқ, бірақ ұлтын сүйетін адам еді. Әкейдің адам сияқты өмір сүруге, тексіз жүйеге құл болмауға тырысып жанталасқаны 1937, 1947 жылдардағы іс қағаздарынан көрінеді. Уақыт бәріне де емші, әрине, сол ауыр заман салған кеселден де құтылармыз, бірақ жазылдық екен деп ол ауыр кезеңді ұмытып кетуге болмайды.

1989 жылы қарашаның жиырма жетісінде қайтыс болды әкеміз. Барлығымызды аяғымыздан тік қойып, оқытып, жетілдіріп, немерелері мен жиендеріне дейін аялап өсіріп, еншісін бөліп берген әкемізді күте алмадық, ауыр өкініш сол. Өмір-бақи қолына түскенін аузыма ұсынып, «боткенім» деп еркелетіп келген әкеме ең болмағанда бір-екі жыл тіршілігімді арнауға ақылым жетпеді. Осы күні ойлаймын, ғылым ешқайда қашып кетпеуші еді ғой деп. Бұл кітапша маған кешірім алып бермейді. Оны түсінетін жасқа жеткен сияқтымыз. Бізден кейінгі ұрпаққа сабақ болар деп жазып отырмын.

Сондықтан “Әкем Омар және оның заманы туралы”  кітапшаны жас ұрпаққа үлгі болсын деп, көбінесе әкейдің өзінің айтқан әңгімелеріне негіздеп, ара-тұра архив деректерін қосып жаздым.

Ата-анаңыз Ашаршылықты басынан өткеріп, ол кезден аман шықты. Дегенмен,ашаршылықтың құрбандары қарапайым ауыл адамдары болғандықтан күні бүгінге дейін есімдері белгісіз күйінде қалып келеді. Оқиға куәгерлері де азайып барады. Сіздіңше, қазір ашаршылық құрбандарын зерттеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

— Мен ХХ ғасырдың басындағы қазақты тым қарапайым деп айтпас едім. Біздің аталарымыз, әкелеріміз ауылда тұрған. Дегенмен, 1910 жылғы санақтарда әкелерімнің кешенді шаруашылықтары болды. Қыздарына дейін оқыды. Тек мұсылман мектептерде емес, орысша мектептерде оқығандары да бар. Яғни, көзі ашық адамдар. Кешенді мал шаруашылығы, егіншілік, шөп жабу техникалары бар. Бүкіл санақ деректерінде көрсетіледі.

1910-шы жылдардан бастап бірнеше экспедициялар жұмыс істеді. Кузнецов экспедициясы зерттеулер жүргізді. Яғни 10 жыл сайын адамдар тізімі жасалып отырды. Сондықтан соған қарап анықтауға болушы еді. Кімдер аштықта қырылып қалғанын толық анықтауға болар еді. Өкінішке қарай, осы мәселелер анықталмай отыр.

Бүгінгі күні бұл тақырыпта нақты айналысып жүргендер бар ма, жоқ па? Нақты білмеймін.  Сондай бір көзге түсетіндей, монографиялық, ғылыми жоғарғы деңгейде жұмыстарды көріп жүргенім жоқ. Бізде соңғы кезде ашаршылық туралы жазған батыс ғалымдарының еңбектерін аударып жатыр. Өзіміздің тараптан академиялық зерттеулер аз. Қазір саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға арналған комиссия құрылды. Дегенмен, зерттеулер жүргізетін бір академиялық ғылыми орталық өздеріне 5  жылдық жоспар жасап, Қазақсанның түкпір-түкпірін аралап, анықтап шыққаны дұрыс деп есептеймін.

ҚАЗАҚ — ТЫМ АҚЫМАҚ ХАЛЫҚ ЕМЕС

1930 жылдары Қазақстанда болған ашаршылыққа саяси тұрғыдан да, академиялық зерттеу тұрғысынан да әділ баға берілді ме?

— Әділ баға берілді деп айту қиын. Өйткені, құжаттық тұрғыда бұл кезең әлі толық зерттеліп болмады. Академиялық зерттеу болды деп айта алмаймын.

Кезінде кейбір “білгіштер” ашаршылықты қазақтың өз жалқаулығынан болды деді.  “Балық, аң аулау керек, содан ашаршылыққа ұрынбайтын еді” дегендер де болды. Бірақ, ашаршылық ұйымдастыру ол оңай емес. Ол жоғарғы үкіметтің арнайы жүргізген саясаты және бұл 1927-1928 жылдардан басталады. Бұл КСРО-дағы индустриализациялау саясаты. Оны жүргізу үшін ауыл шаруашылығын құрбандыққа салып жіберді. Жалпы тек Қазақстанда емес, КСРО көлемінде болды. Алайда, бұл саясатты Қазақстанға қатты жүргізді. Мәселен “асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын” деді. Осылай қырғынға ұшырадық. Қырғынды бірте-бірте ұйымдастырды.

Күрделі саяси науқанды әлі толық зерттеп болдық деп айта алмаймын. Бұл үшін біз отаршылдық саладан арылуымыз керек. Мәскеудің отарлық саясатын жақсы білуіміз керек. Отарлық саясаттың империялық, советтік кезеңінде жүргізу ерекшеліктерін анықтауымыз керек. Сосын мұны академиялық тұрғыда зерттеу керек. Бұл бір кітап, не бір презентациямен шешілмейді. Бұл бірнеше томдық үлкен зерттеу еңбекті қажет етеді. Ашаршылықтың бірте-бірте басталу процессі, оның қарқындауы, халықтың аштыққа ұрынуы, жан-жаққа қарай көшу саясаты, оны тоқтату және шығындары. Тіпті аңщылық, балықшылыққа тиым салу туралы жарлықтарды қарастыру керек. Неге дәл осы кезде жарлықтар шықты? Біздің халық тым ақымақ халық болмады. Аштыққа ұрындыру қиын болды. Бірақ ұрындырды. Міне, осылай халықтың өзіңе қарсы күресі, көтерілістері, барлығын комплексті түрде қаралу керек.

Бүгінде Ашаршылық, қуғын-сүргін құрбандары әлі де ақталып болған жоқ. Олардың толық ақталуына не кедергі?

— Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша комиссия құрылған болатын. Әр жерде жұмыс жүргізіп, зерттеу жасауда. Бірақ меніңше, оны толық зерттеу мүмкін емес. Өйткені, ол дәуір бізден күннен-күнге алыстап бара жатыр.  Сол репрессияны, аштықты басынан кешкен менің әке-шешем сияқты адамдар қазір ортамызда жоқ.

Екінші жағынан, 90 жылдары толыққанды зерттеуді жүргізуге болушы еді. Ол кезде біздің билік Мәскеуден қорқып, мұндай зерттеулер жасаған жоқ. Сол кезде украиндықтар аштықта қырылған адамдарының тізімін анықтап шығарды. Біздің шығынымыз көбірек еді, 50%-дан астам халқымыз қырылып қалды.

Сонымен қатар, бұл ашаршылықта Украина да, бізде де  мақсатты түрде жасалған “геноцид” деп есептейміз. Бірақ енді құжаттардың барлығы Мәскеуде болғандықтан, оны толық анықтай алмай отырмыз. Анықтайда алмаспыз, әзірше.

Үшінші бір кедергі ашаршылық, репрессия кезіңде билікке келген әртүрлі адамдардың болуы. Ашаршылық, саяси қуғындар да солардын билігімен жүргізілді. Қазақтың ішінен шыққан әртүрлі әлеуметтік топтар бар. Солардың тұқымдары әлі де билікте болуы мүмкін. Солар да толық ақтау мәселесіне белгілі дәрежеде кедергі келтіретін сияқты. Сонымен, Мәскеу бір жағынан, екінші биліктің қорқақтығы, үшінші жағынан репрессия,қуғын-сүргінге қатысты адамдардың кедергісі деп ойлаймын.

САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАҒАН ӘР АЗАМАТ — ҚАЗАҚТЫ ОЙЛАҒАН ҰЛТШЫЛ ТҰЛҒА”

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын бүгінгі ұрпаққа дәріптеудің қандай тиімді тәсілін ұсынар едіңіз?

–  Қазіргі таңда ақталмай, әлі табылмай жатқан саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы ақпаратты ұрпақтары іздеп те жатқан болар. Дегенмен, 1937 жылдары жасалған қуғын-сүргін құрбандарының отбасы мен жақындары оларды артынан барып, іздей алмады. Ол кезде бәрі қорқыныштан қашып, үркіп жүрген уақыт. Оның үстіне “халық жауының” баласы деген қара таңба болды. Сондықтан бұл қиыншылықты бастан өткеріп, соған көніп, аман шыққандары сирек. Одан кейін, 30-шы жылдардан аман шыққандар, олардың ұрпақтарының көпшілігі соғысқа кетті.  Әкелерін ақтап аламын деген үміттерімен, “халық жауының” баласы деген атақтан құтыламыз деген үмітпенен соғысқа кетті. Оның ең бір анық көрінісі – Мәншүк Мәметованың тағдыры.

Негізінен саяси қуғын-сүргін құрбандары қазақтың көзі ашық, оқыған азаматтары. Сондықтан олардың қай-қайсын алсаңыз да ар жағында тұлға тұр. Кеңес үкіметі оларды бекер қудаламады. Қазақты мәңгүрт, құл қылғысы келді. Халықтың бетіндегі қаймағын алып алғысы келді. Әрбір қуғын-сүргінге ұшыраған азамат - қазақты ойлаған ұлтшыл тұлға. Сондықтан оларды бәріміз білуіміз керек. Тарихты қазып, зертетп, келер ұрпаққа дәріптеуіміз керек. Ол үшін ғылым жолында аянбай еңбек ету қажет.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет!


Дана Нұрмұханбет,

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер