"Шай ішпейтін" министр – Мұрап мәртебесін биік ұстаған Қыпшақбаев

4086
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, мамырдың 27-сінде белгілі қайраткер, су маманы, гидроинженер Нариман Қыпшақбаев 90 жасқа толды. Елдегі су шаруашылығының негізін қалаған бас маман, Мұраптың өзі "су бойында судай таза адамдар жұмыс істеуі керек" дейді қағиданы ұстанады. Оның өмірі елдегі су шаруашылығымен біте қайнасып кеткен.

МІНЕЗДІ МҰРАП - СУ МЕНЕДЖЕРІ 

Нариман Қыпшақбаев - бір көргенге қатал адам. Совет одағын көрген, тәуелсіздіктің эйфориясын өткерген. Әкелері сталиндік репрессия құрбаны болған ол Совет одағы ыдырайтын қарсаңда министр қызметін атқаратын. «Одақтың құлайтынын біз 2-3 жыл бұрын білдік»,- дейтін еді ол сонда өз саласындағы шаруашылықтың маңызына меңзеп.

Нариман Қыпшақбайұлы Мұрап ретінде елдегі су мәселесінің реттелуіне басты роль атқарды. Елдегі дейміз-ау, Орталық Азия аймағындағы су бөлінісі Қыпшақбаевсыз шешілмейтін кездер аз емес. Аймақтағы су саласы әлі де оның ақыл-кеңесіне мұқтаж екенін айтсақ, әсірелеу болмас. Әдетте, оның өзі асыра мақтап, әсіре көпшік тастауды ұнатпайды.

Министр кезінде ел аралағанда жайылған дастарханнан нан ауыз тигені болмаса, қонақ болып қонақтауды жөн көрмейді екен. Сондықтан Мұрапты кейбіреулер «шай ішпейтін министр» атаған.

"Мұрап" сөзі - парсының "әмир" (әмір, билеуші) және "об" (су) сөзінен құралған атау. Яғни судың билеушісі, судың басқарушысы, су менеджері деген мағынаны береді.

ТҮРГЕННЕН – ЕРТІСКЕ ДЕЙІН

Нариман Қыпшақбаев 1958 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы иснтитутының гидромелиоративті факультетін инженер - гидротехник мамандығымен тәмамдайды. Еңбек жолын Алматы облысы суғару жүйесі басқармасында Түрген өзенінің гидротехнигі болудан бастайды. Кейінірек оған Асы жайлауының ар жақ – бер жағындағы басқа да өзендерді бекітіп береді. Аудандық деңгейдегі гидротехникке айналады. Сонда атпен жүреді екен. Су шаруашылығын ерінбей түгендеген ол әйгілі «Қараш - Қараш оқиғасы» болған Қараш жоталарын талай кезгені анық. Қазір де көлік жете алмайтын Сарымсақты асуынан асып, бүгінгілер «Түрген сарқырамасы», «Аюлы сарқырамасы» атап кеткен Сазды Қараш суынан талай сынама алып, төмендегі Түрген өзені өлшемін екшеген болар.

Түргендегі 2 жылдан соң Мұрап сол кездегі Су шаруашылығы министрлігінің су пайдалану аппаратында бас инженер қызметіне ауысады.

Кейін Семейге жіберіледі. Сол кездегі Семей облысының Су шаруашылығы және мелиорация басқармасының бастығы қызметін атқарады.

Бүгінде ол Семейде өткен 6 жылын сағынышпен еске алады. Семей,  Павлодар төңірегіндегі осы күнге дейін ел игілігін көріп отырған гидроқұрылыстарда Нариманның қолтаңбасы бар. Оның көбі Мұрап Семейден кеткен соң, министр болған соң салынған нысандар, жолға қойылған жобалар болатын.

Аймақтағы мұраптық қызмет тапсырылғаннан кейін ол тіпті құлшына қызмет атқарғанын еске алар еді. Ертістің екі жағасындағы мәселені бес саусақтай біледі.

АБАЙ МЕН ҚҰРМАНҒАЗЫҒА ЖҮГІНГЕН ШЕНЕУНІК

Тек Семейден орын суытқанда бір арманы орындалмай қалғанын айтып қалғаны бар. Сол арманы Ертіс дариясының сол жақ жағасынан орман егу еді. Ертістен канал тартып, сол канал дарияның тағы бір бұрылысында қайтадан үлкен суға қосылу керек болатын. Мұрап сол орман Ертістің Абай ауданына шыға беріс, Қарауыл күрежолы маңында егілуге тиісті болғанын айтатын.

Мұрап болса да, бұл кісі қызық, Абай десе, ішкен асын жерге қояды. Өзі екі-ақ нәрсе туралы сөйлейді. Бірі – су шаруашылығы болса, екіншісі – Абай. Ақынның өлеңдері, ойшылдың пайым, дүниетанымы. Әлі күнге сұхбат алуға келген журналистерге Абай жырын жатқа айтып, аудиториясын ойландырып тастайтыны бар...

Абай дегеннен шығады, су шаруашылығы тарихындағы айтулы оқиғаларды екшеуде де Мұрап халық әдебиеті мен мәдениетіне жиі үңіледі. Содан нәр алады десек аз болар, дәлел, дерек табады. Мәселен, Каспий суының 19 ғасырдың соңында деңгейі көтерілгеніне дәлел ретінде  Құрманғазының «Көбік шашқан» күйі және Қашағанның «Топан» дастаны шығарылғанын айтып отырады.

НАЗАРБАЕВ КЕЛГЕНДЕ СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІН ТАРАТТЫ

Қазақ даласы, Мәуереннахр арасында Мұрап көрмеген су жоқ. Арал - Сырдария бассейнінде, Балқаш - Алакөл бассейнінде,  Ертіс, Есіл жағасында, Нұра - Сарысу бассейнінде, Тобыл - Торғай бассейнінде, Жайық - Каспий бассейнінде, Шу - Талас бассейнінде Мұрап аялдамаған жер кемде кем. Сірә түсіне де кіретін болар, онысын көлденең көк аттыға айта бермейді. Алайда елдің бұрыш-бұрышында су жағасында салынған су шаруашылығы объектілері туралы айтыла қалса, «олар менің перзенттерім сияқты» деп еміренетіні жасырын емес.

Нариман Қыпшақбаев 1974 жылы сол кездегі астана Алматыға шақырылады. Қазақстанның Су шаруашылығы және мелиорация министрінің орынбасары, кейінірек Су пайдалану мен қорғауды реттеу жөніндегі бас мемлекеттік инспектор болды. Сөздің расы, Семейден кеткісі жоқ еді. Қимай-қимай қоштасып, жаңа қызметін де еңсере атқарды.

Сол екпінмен 1981 жылдан 1990 жылға дейін Қазақ ССР Су шаруашылығы және  мелиорация министрі болып жұмыс істеді. Ал ел билігіне бұрынғы президент, бір кездегі советтік шенеунік Нұрсұлтан Назарбаев келген кезде осы министрлікті қажет деп санамай, ақыры таратып тынады. Мұрап та іштен тынады... Елдің, жердің, тіпті өмірдің маңызды саласын басқаратын бұл министрлікте заманында 200 мың шамалы адам қызмет атқарған. Сол кезде бүгінгідей "су басып қалды", "су тасып кетті" деген жайлар сирек кездесетін. Өйткені шаруашылық тиімді басқарылатын.

Назарбаевтың қайта құрылымдауы мен оңтайландыруынан соң 1990-1995 жылдары Мұрап Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы қызметінде жүріп, елдегі, аймақтағы су шаруашалығы реттеуге өз үлесін қосады.

ЖАНАЙҚАЙ ЖӘНЕ ЖАҢҒЫРЫҚ

Нариман Қыпшақбайұлы 1996 жылдан 2014 жылға дейін Орталық Азия елдері арасындағы Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының ғылыми-ақпараттық орталығының Қазақ филиалының директоры болып тағайындалды. Бұл қызмет оның, әсіресе, Арал теңізін құтқару бағытындағы ұшан-теңіз шаруаларды реттеуіне себеп болды. Су шаруашылығы деп салалана аталғанымен, бұл адам өмір сүруін қамтамасыз ететін ерекше өміршең сала болатын.

Ғаламдық апат Арал жағасындағы жаңа жағдайға бейімделу, адамдардың қолайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау тікелей Мұраптың араласуымен жүзеге асып жатты. Басқасын айтпағанда, Кіші Аралды толтырып, Көкарал бөгетін салуда осы кісінің қолтаңбасы айқын көрінеді.

Оның сыртында, Сырдария бойынан 250 мың га суармалы жерді Қазақстанның еншісіне алдыртқанын да былайғы көпшілік біле бермес.

Өкініштісі сол – жергілікті басшылық сол жерлерді игеруге қабілетсіз болып шықты. Ал 2006 жылы салынған 12 шақырымдық Көкаралдың осы күнге дейін бір де бір жөндеу көрмегенін Нариман Қыпшақбайұлы шырылдап айтып жүргелі қанша болды, саланың «сайыпқырандары» өздері де жақсырақ білсе керек.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ», Көкарал бөгеті жарылса, Қазақстанда Арал жағасына қайтып оралған балықшылар мен қайта жанданған балық шаруашылығы да қоса суға кетуі ғажап емес...

«СУДАЙ ТАЗА АДАМ»

Мұрап Орталық Азия аймағындағы су саласындағы ынтымақтастықтың негізін қалады. Оны аймақтағы елдердің су шенеуніктері жиі сұрап тұрады. Қытайдың су шаруашылығын басқарушылар арасында да Мұраптың мәртебесі мен беделі жоғары. Алайда елдің өз ішіндегі су шенеуніктері мен осы салаға жетекшілік ететін ірірек басшылардың әрекеті қарын аштыратыны жасырын емес.

1992 жылы Мұраптың ұсынысымен Қызылордада Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан арасындағы мемлекетаралық су көздерін бірігіп пайдалану және қорғау туралы келісімге қол қойылды. Осы келісімнің негізінде мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы құрылып, әлі жұмыс істеп келеді, алда да істей беретін сияқты. Өйткені оған балама тәсіл әлі табылған жоқ.

Су шаруашылығы ғылымындағы Мұраптың еңбегі, ғылыми мақалалары жайлы айтпадық. Оның бәрі теория емес, Нариман Қыпшақбайұлының  іс-тәжірибесі негізінде жазылған, қалыптасқан еңбектер шоғырын құрайды. Оның басқалардан ерекшелігі де осында болса керек.

Елдегі су шаруашылығының атасы - Мұраптың өзі «Бір күн басқа салада жұмыс істемедім», - деп ғұмырлық саласын мақтан тұтады. Оның тағы да бірде айтқаны бар, «Су бойында судай таза адамдар жұмыс істеуі керек», - деп.

Ал Нариман Қыпшақбайұлы өзі де ары таза, мәртебесі биік Мұрап.

 

Жанат Алғадай 

 

 

Пікірлер