ТӨРЕГЕЛДІ ШАРМАНОВ: Академиктің ақырғы жазбасы. Уақыт - өмір. Мәңгілік сапар үстіндегі ғұмыр

1542
Adyrna.kz Telegram

Алматыда 26 мамырда Қазақ тағамтану академиясының президенті, Еңбек Ері, академик Төрегелді Шармановты ақтық сапарға шығарып салды. Академик ақсақал 25 мамырда қайтыс болған еді. Марқұммен қоштасу рәсімі Алматы қаласында С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде өтті. Ол Фейсбук желісіндегі соңғы жазбасында өмірдің өткінші екенін еске алып, адамзат баласының мәңгілік сапар үстінде екенін айтады.

94 жасқа қараған шағында бақиға көшкен Төрегелді ақсақал әлеуметтік желіде де белсенді болатын. Оның, әсіресе, коронавирус пандемиясы кезінде желі арқылы айтқан ақыл-кеңестерін көпшілік ұмытпаған болар. Кейін де өзінің түйген ой-пайымдарын ортаға салып жүретін. Фейсбук бетіндегі парақшасында ақсақалдың соңғы жазбасы 28 ақпанда тіркеліпті. Сол жазбаны оқып отырып қайран қаласың. Ақсақал өмір туралы толғанып, бақиды еске алады. «Адам баласының өзіне белгіленген уақыт – өмірі» жайында, «аспандағы көп жұлдызға айналуы»  туралы айтады. Соңында мәңгілік сапармен түйіндейді. Осы бірер ауыз жазбасының өзінде өмірдің мәнін бейнелеп бере салғандай әсер қалдырады. Төменде сол жазбаны ұсынып отырмыз.

Әр адамның өмірі бір салынған самал әуендей, айтылған адуын жырдай, күмбірлеген күміс күйдей, сыздықтап басталып, толқындай иірімденіп, буырқанып, қыран құстай қалықтап, ашық аспан астында күн мен айдың нұрына шомылып, әлемге үнін естіртіп, Тәңірдің пешенеге жазуымен тайталас-тартыс жетегінде жүргенде сынаптай сырғып өтетін, ешкімнің уысында мәңгі қалмайтын, әр көңілде арман болып ұялап, бақиға аттанатын бір тылсым дүние. Адам Ата мен Хауа Ана заманынан бері қаншама дәуір дүбірлеп өткенімен, адам жанының құпиясы жұмбақ күйінде қала бермек.

Адам баласы өзіне белгіленген уақыт - өмірін сүріп, өнерін көрсетіп, қайтадан аспандағы көп жұлдызға айналатындай, айналмалы тылсым дүниедегі бір қонақ тәрізді. Ешбір жанға өмірге келуінің сыры жайлы түсінік берілмеген, бойына біткен күш-қуаты, жігер-дарыны, қаны мен қасиетіне сай жер бетіндегі өзіне дайындалған рөлін сомдап, тек өзіне арналған сый-сыяпатын, қуаныш-бақытын иемденіп, тауқыметі мен қияметін арқалап, тоқтауды білмейтін уақыт диірменіне түсіп кете баратын жалпы адамзат баласының ғұмыры мәңгілік сапар үстінде десе болар.

 

Toregeldy Sharmanov

 

Пікірлер