Жаңа толқын жаршысы. Миллиардтардың Димашы орда бұзды

2028
Adyrna.kz Telegram
Фото: dimashnews.com
Фото: dimashnews.com

Бүгін – Димаш Құдайбергеннің туған күні. Белгілі әнші биыл 30 жасқа толып жатыр.

Қазақстандық өнер иесі туған күнінде Түркияның Ыстамбұл қаласында жеке концертін өткізуде. Әнші Instagram желісіндегі парақшасында үш ай бұрын сүйікті тыңдармандарына қуанышты жаңалықты хабарлады.

"Құрметті достар! 2024 жылдың 24 мамырында Stranger туры аясында Түркияның Ыстанбұл қаласында жеке концертім өтеді. Осы кеште өнердің әсем әлеміне құштар, көңілдері ізгілікке толы, дос пейілді жандармен бірге ән шырқап, тұтас бір әлем болатынымызға сенемін! Сол үшін қуаныштымын", - деп жазды Димаш Құдайберген. 

ТУҒАН КҮНІНДЕ ДИМАШТЫ ҚАЙДАН ТАПСА БОЛАДЫ?

Желідегі оқырмандар «Сәттілік, Димаш!», «Сен ең керемет әншісің», «Нағыз талант, өте мықты, талант иесі», «Түркияға арнайы сенің кешің үшін барамыз» деп жарыса жазған.

Туған күнінде танымал әртіс Димаш Ыстамбұлдағы "Бешикташ" стадионында жеке концерт өткізіп жатыр. Димаштың жеке концертін ірі іс-шаралардың өтуін бақылайтын түрік компаниясы ұйымдастыруда.

«Әлемдегі ең ерекше дауыс «Бешикташ» стадионында Димаш Құдайбергеннің 30 жасқа толуына арналған концерт», - деп жазған компания желідегі парақшасында.

Димаш Құдайбергеннің ресми парақшасында 3 күн бұрын концертке дайындық барысынан үзінді жарияланды. Әнші өз жазбасына ештеңе жазбаса да оның тыңдармандары мыңнан астам пікір қалдырған.  

Димаштың жазылушылары «Керемет сурет, көз, шаш, шаш үлгісі... Бұл кісі күннен күнге жасарып барады» деген сынды пікірді көптеп қалдырған.

Қазақстандық әншінің әлемнің түкпір-түкпірінен әртүрлі тыңдармандары бар.

«Қандай керемет! Сіздің 30 жасқа толуыңызға орай ең жақсы тілектер мен көптеген лебіздер келіп жатыр.Керемет кешті көру үшін саяхаттауға денсаулығымның мүмкіндік бермейтіні өкінішті! Сан-Францискодан сізді қатты жақсы көремін! Туылған күніңізбен, Димаш», - деп жазған Ari Hancock есімді Димаштың жанкүйері.

ДИМАШ ҮШІН ӨЗ ТЕГІН ӨЗГЕРТКЕНДЕР БАР

Димаш Құдайбергеннің атына әр елден фан-парақшалар да ашылған.

«Балам! Біз сені өте жақсы көреміз! Сәттілік, бақыт тілейміз!» - деп жазған galya.1912.  Инстадағы botamankeeva никнейміндегі адам Димаштың концерті үшін Ыстамбұлға арнайы барғанын атап өтті.

«Біз Ыстамбұлға келіп алдық, концертті күтудеміз. Бізге шекарашылар Димаштың жеке кеші үшін Қазақстаннан Ыстамбұлға бара жатқандардың көп екенін айтты», - делінген пікірде.

«Қандай әдемі стадион, Димаш! Сіз концертіңіз үшін ең жақсы орындарға лайықсыз, өйткені сіз керемет әншісіз. Өзіңізді күтіңіз, мүмкіндігінше демалыңыз, жақсы ұйықтаңыз, дұрыс тамақтаныңыз», - деп Димаштың Кавказдағы тыңдармандары алаңдаушылық білдірді.

«Димаш!! Біз сізді жақсы көреміз, жұма күнін асыға күтеміз!» - деп жазған Dimashfanclubdeutschland парақшасы.

Одан бөлек, Чилиде тұратын шетелдік Андрея есімді қыз Димаштың өнеріне қызығып, оның фан парақшасын жүргізіп жүр. Чилиде тұратын Андреа – қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің жанкүйері. Ол тіпті өз тегін Құдайберген деп өзгертіп алған. Әнші домбырада ойнайтын жанкүйеріне бірнеше уақыт бұрын қазақтың ұлттық аспабын сыйлады. Андреаның айтуынша, қара домбыраның шанағына Dimash Qudaibergen деп ойылып жазылған. 

"Өздеріңіз білесіздер, мен домбырада ойнауды өз бетімше үйрендім, Димаш Құдайберген, Қазақстанның тамаша аспаптарын әлемге танытқаныңыз үшін рахмет", – дейді жанкүйер.

Айта кетейік, Димаш Құдайбергеннің туған күніне орай ұйымдастырылған концертке билеттер 9 ақпаннан бастап сатылымда болған. Әншінің жеке кеші бүгін Стамбулдың еуропалық бөлігінде, Босфор жағалауында орналасқан "Бешикташ" стадионында өтпек. Стадион сыйымдылығы - 42000 көрермен.

АҢЫЗ АДАМ, МЭСТРО ДИМАШ!

Дінмұхаммед Құдайбергенов 1994 жылы 24 мамырда өмірге келген. Оның туған қаласы – Ақтөбе. Димаштың ата-анасы танымал әншілер Қанат Айтбаев және Светлана Айтбаева. Әншінің ата-әжелері де музыканттар.

Бүгінде бүкіл әлемге аты әйгілі әнші бес жасында музыкалық колледж сахнасында алғаш әнші ретінде ән салған. Алты жасында “Айналайын” Республикалық байқауының “Фортепиано” номинациясында жеңімпаз атанған.

2017 жылдың 15 сәуір күні Димаш Құдайбергенов Қытайдағы "Singer 2017" жобасында екінші орын алды. Сол байқаудан соң әншінің бағы еселенген. Оның әндерін әлемнің түкпір-түкпірінен сүйіп тыңдайтын тыңдармандар қатары көбейе түскен.

Қазақ жігіті 2019 жылы "Азияның ең әдемі тұлғалары" рейтингінде 8-ші орынды иеленген. Ал 2023 жылдың желтоқсан айында «Қазақстанның халық әртісі» атағын алды. БАҚ беттерінде Димаштың «Қазақстан мен шетел туризмін дамытушы» деген лақап аты жарияланған. Себебі Қытайдағы байқаудан соң «Димашидің» өнеріне қызыққан жанкүйерлер оның туған қаласы Ақтөбеге жиі келе бастаған. Соған орай 2018 жылы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Димаштың ата-анасымен және Ақтөбе облысы әкімдігінің Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесе отырып әншінің дарынына таңдай қаққан жанкүйерлеріне арналған турмаршрут құрастырған болатын.


Сымбат Наухан,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер