Семейде көне сиқырлы айна таныстырылды

2409
Adyrna.kz Telegram

Семейде Ф. Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейінде "Музей қорынан" көрмесі ашылды. Көрмеге 200-астам экспонат қойылған. Олардың басым көпшілігін кітаптар, журналдар, фотоаппараттар мен сағаттар коллекциясы құрайды. Алайда, құнды дүниелердің арасынан ерекшеленгені- қашқар тиыны мен қытайдың сиқырлы айнасы.

-Мен бұл айнаны қаладан 20 шақырым жерден таптым. Оның ортасы тесілген болды. Тіпті, айнаны жерленген жерден алынған деген нұсқа да бар. Сиқырлы айнаны қабірге салмас бұрын, ешкім пайдаланбасы үшін арнайы тесіліп, бұзылғаны байқалады,-деді "Прииртышье" өлкетану қоғамының төрағасы Марат Сасанов.

Өлкетанушының пайымдауынша, бұл сиқырлы айнаға шамамен 1000 жыл болған. Одан қытай иероглифтерін көруге болады. Айна пішіні қисық және қоладан жасалған.

-Оның сиқырлы деп аталуының басты себебі-айнамен нақты не болып жатқанын ешкім де нақты білмейді. Айна арқылы қабырғаға күн сәулесін жібергенде, қабырғада артқы жақта орналасқан суреттер немесе жазбалар пайда болады. Сол үшін де оны тылсым дүниелермен байланыстырады,-деді М. Сасанов.

Көрмені дайындау барысында музей қызметкерлері көне бұйымның өзге де сиқырлы қасиеттерін байқаған. Олар экспонатты жіпке ілгенде сиқырлы айна жан-жаққа жылжып, бет жағымен бұрылмаған екен.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер