Семейде "Домбыра дастан" көрмесі өтті

2347
Adyrna.kz Telegram

Семейдің облыстық тарихи өлкетану мұражайында Домбыра күніне орай көрме ұйымдастырылды. Мақсаты-халқымыздың ұлттық мұрасын насихаттап, ұрпаққа үлгі ету. Көрмеге 40-жуық домбыра қойылған. Олардың ішінде өңірден шыққан елімізге танымал ұлт қайраткерлері Жәнібек Кәрменов, Келденбай Өлмесеков, Болат Сыбанов сынды тұлғалармен қатар, өнер саласының майталмандары және айтыскер ақындардың домбыралары да бар.

- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев:"Домбыра үнін қырда өскен, мұрнында жусан иісі қалған қазақ қана түсінеді.Себебі-бұл ерекше музыка"-деп қасиетті аспапқа лайықты баға берген еді.Осыған сәйкес, 2018 жылдың 13 маусымынан бастап, шілде айының бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Мемлекеттің келешегі бүгінгі ұрпақ екенін ескерсек, жас буынның ұлттық аспапты қадірлеуге, рухани құндылыққа терең бойлауына бұл шараның берері көп. Ал, бүгінгі ұйымдастырылып отырған шарада домбыраның үнінен бөлек, құрылымы туралы да мол ақпарат берілді. Өшкенімізді жаңғыртып, өткенімізді жақындатқан бұл көрме бір жарым ай көлемінде өтетін болады. Халықтың келіп, рухани азықпен сусындауына есігіміз әрдайым ашық,- деп сөзін қорытындылады облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Қайрат Сабырбай.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер