Құлсарыдағы жағдай: Өтемақы талап еткен халық әкімдік алдынан кетпей жүр

816
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден алынған
Фото: Бейнеден алынған

Құлсары халқы әлі де әкімдік алдында талап-арызын айтып, тарқамай тұр. Әлеуметтік желіде Атырау облысына Президент келеді деген ақпарат тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ақорда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құлсарыға сапары туралы ешқандай ақпарат таратпады.

Мемлекет басшысы 18 мамырда су басқан аймақтарға қатысты премьер-министрдің есебін тыңдап, әкімдіктер құқық қорғау органдарымен бірлесіп, заңға сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуі керек екенін тапсырған болатын.

Ақорда ақпаратынша, Мемлекет басшысы көктемгі тасқыннан зардап шеккен тұрғындарды сапалы баспанамен қамтамасыз етуге, қалалар мен елді мекендердегі инфрақұрылымдарды жөндеуге және құрылыс жұмыстарына кірісуге қатысты тапсырма берді.

"Үкімет, әкімдіктер құқық қорғау органдарымен бірлесіп, заңға сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуі керек", – деді Тоқаев.

Тоқаев Атырау облысында тасқыннан қатты зардап шеккен аумақтардың бірі Құлсары қаласында баспанасы табиғи апаттан қираған немесе бүлінген тұрғындар талап айтып жатқан шақта мәлімдеме жасады.

Апта басынан бері үйін су басқан құлсарылықтар жергілікті әкімдік алдына жиналып, өтемақы талап етуде. Жиналғандардың айтары өтемақыны қолма-қол алу. Ашынған халық су тасқынынан құлаған үйлерінің әрбір шаршы метрі "400 мың теңгеден бағаланып, ақша қолға берілсін деп талап қойды. Ал жергілікті билік үйдің әр шаршы метрі 200-240 мың теңгеден бағалаған.

Пікірлер