Ресей президенті Владимир Путин қайта президенттікке сайланғаннан кейін Қытай Халық Республикасының астанасы Бейжіңге екі күндік мемлекеттік сапармен барды. Қытайда 16-17 мамыр аралығында жұмыс кездесулерін өткізбек, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Вэньбинь сапар барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпин президент Путинмен Қытай мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 75 жыл толуы аясындағы екіжақты қарым-қатынас мәселелері, түрлі салалардағы ынтымақтастық, сондай-ақ өзара мүддені қозғайтын халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша пікір алмасатынын мәлімдеді.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Ресей президенті Бейжің мен Харбинге барады. Қытай астанасында Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасы басшыларының келіссөздері тар және кеңейтілген құрамда өтеді. Ресей делегациясының құрамында бес вице-премьер, экономика, дипломатиялық және қауіпсіздік ведомстволарының басшылары, Ресей темір жолдары, Росатом және Роскосмос басшылары, сондай-ақ Ресейдің 20 аймағының басшылығы бар.
Харбин қаласында (Хейлунцзян провинциясының әкімшілік орталығы) Путин VIII «Қытай-Ресей» ЭКСПО көрмесінің ашылу салтанатына және аймақаралық ынтымақтастық жөніндегі IV Ресей-Қытай форумына қатысады.