"Өтемақыны қолма-қол берсін". Құлсары халқы әкімдік алдына жиналды

1664
Adyrna.kz Telegram
Фото: Бейнеден алынған
Фото: Бейнеден алынған

Құлсары қаласының тұрғындары әкімдік ғимаратының алдына тағы да жиналды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Азаттық" радиосына сілтеп.

БАҚ мәліметінше, жиналғандар өтемақы мәселесін талқылауда.

«Қазір Құлсары қаласы тұрғындарының ғимарат алдында су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселелері бойынша жиыны өтуде», - деп хабарлады Атырау облысы бойынша жедел штабы.

Жылыой ауданы әкімдігінің алдына жиналғандарға қала басшысы Жұмабек Байрақбаев жаңа баспана беру тетігін түсіндіріп жатыр. Құлсары тұрғындарының айтуынша, әкімдік "баспана шығынын тұрғындар қолына бермейміз" деп айтқан.

"Ол ақшаға басқа үй аласың немесе соған белгіленген жерден үй салып береміз дейді. Жаңа Қаратон ауылы мен Болашақ ықшам ауданынан немесе Атырау облысынан таңдаған үйді алып береміз деді. Халық бұған наразы. Ақшасын қолға бер, өзіміз саламыз деп отырмыз", -  дейді тұрғын Гүлби Қуанышқызы.

Жұрт "мердігерлер үйді сапасыз салады" деп алаңдап отыр. Тұрғындар үй іргетасын өзі қалап, сапалы салғысы келетінін айтады.

Еске сала кетейік, өткен айдағы апат салдарынан Жылыой ауданында 2920 үйді су басқан. Бүгінде оның 2906-сы судан тазартылып, 2667-не техникалық тексеру жүргізілді. Ал 2622 тұрғын үйге сараптама жүргізілді. Барлығы 3000-ға жуық өтініш түскен. Су тасқынынан зардап шеккен 3904 тұрғынға 100 пайыз біржолғы жәрдемақы берілді.

Пікірлер