Алматы гүлзарларында суретке түскендер айыппұл арқалайды

751
Adyrna.kz Telegram
Фото: Instagram/kris.p.original
Фото: Instagram/kris.p.original

Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын гүлзарларға кірмеуге және өсімдіктерді зақымдамауға шақырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Желіде гүлдермен түскен әдемі фотолардан бөлек тұрғындардың сәтті селфи жасау үшін гүлдерді қалай талап, таптайтыны көрсетілген бейнелер тараған. Сол себепті әкімдік гүлзардағы сурет үшін айыппұл салмақ.

Алматы экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасының мәліметінше, Есентай өзенінің бойында жайқалып өсіп тұрған қызғалдақтар күзде егілген. Ауа райы қолайлы болған кезде гүлдер сәуірдің ортасынан мамырға дейін гүлдейді екен.

“Әлеуметтік желілерде тіркелген фактілерге байланысты департамент Алматы тұрғындары мен қонақтарын сәндік гүлді көгалдандыруға және қоғамдық орындарға қамқорлық жасауға шақырады”, – деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Демек, жеке тұлғаларға ескерту немесе 20 АЕК (теңгемен есептегенде 73 840 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК (110 760 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілері үшін 40 АЕК (147 680 теңге), ірі кәсіпорындар үшін 100 АЕК (369 200 теңге) айыппұл салынатыны белгілі болды.

Айта кетейік, өткен айда Түркістан облысындағы Ордабасы ауданында студент қыздың Грейг қызғалдақтарын жұлып, суретке түскені үшін миллион теңгеден астам айыппұл арқалауы мүмкін екенін жазған болатынбыз. 

Пікірлер