Өзбекстандағы Ферғана қаласының тұрғыны әлеуметтік желіде ел президенті Шавкат Мирзиёевке тіл тигізгені үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі fergana.agency-ке сілтеме жасап.
Ол Facebook-те мемлекет басшысына арналған өлеңдер мен түрлі видеоларды жариялған.
Басылым жыл басынан бері мемлекет басшысы пен оның отбасы мүшелерін ел алдында балағаттады деген айыппен кем дегенде он адамның сотталғанын жазды.
Бұған дейін халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы 2023 жылы Өзбекстанда адам құқығы жағдайы нашарлағанын мәлімдеген еді.
Еске салайық, 2021 жылы Өзбекстанда президент тарапына қорлау немесе жала жабу дерегіне қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Қылмыстық кодекстің 158-бабының 3-бөлігі ("Өзбекстан Республикасы президентін жария түрде қорлау немесе жала жабу, сол сияқты баспасөз немесе өзге де бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникация желілерін немесе интернетті пайдалану") бойынша үш жылға дейін түзеу жұмыстарына немесе екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
«Өзбекстан Республикасы Президенті қызметінің негізгі кепілдіктері туралы» Заңның 4-бабына сәйкес, президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруге жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке тартылады.