Грузия парламенті жаппай наразылық тудырған «Ресей заңын» екінші оқылымда қабылдады

1376
Adyrna.kz Telegram

Сәрсенбі, 1 мамыр күні Грузия парламенті екінші оқылымда «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасын қабылдады. Жобаны 83 депутат қолдап, 23 депутат қарсы болды, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Georgia Online сайтына сілтеме жасап.

Енді белгіленген тәртіп бойынша құжат комитетте және жалпы отырыста үшінші оқылымда қаралуы тиіс.

Грузия президенті Саломе Зурабишвили бұған дейін парламент заңды соңғы оқылымда мақұлдаса, оған вето құқығы қойылатынын мәлімдеген.

Georgia Online жазуынша, «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасында Грузиядағы коммерциялық емес заңды тұлғалар мен бұқаралық ақпарат құралдары табысының 20 пайызынан астамы шетелден келетін болса, шетелдік агент мәртебесін алады деп болжануда. Мұндай ұйымдар міндетті тіркеуден өтуі керек, ал егер олар одан бас тартса, айыппұл салынады. Ал Грузияның Әділет министрлігі оларға қатысты тергеу жүргізуге құқылы болады.

Шетелдік агенттер туралы заң жобасы Грузия парламентінде 2024 жылдың 17 сәуірінде бірінші оқылымда қабылданды. Елде заңның талқылануы жаппай наразылықтармен, полицияның қақтығысумен өршіген еді.

Сайтағы мәліметке сүйенсек, Грузияның оппозициялық партиялары мен тәуелсіз журналистері аталмыш заңды Ресейдің 2012 жылғы «шетел агенттері» туралы заңнамасына ұқсағаны үшін «Ресей заңы» деп атайды. Заңды сынаушылар бұл тек тәуелсіз БАҚ пен азаматтық секторға әсер етіп қана қоймай, елдің Еуропалық Одаққа кіру мүмкіндігін де құртуы мүмкін дейді.

АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл заң жобасы «ЕО нормалары мен құндылықтарына сәйкес келмейді және Грузияның ЕО-ға қарай қосылуына кері әсер етеді» деп мәлімдеді.

Ал Америка Құрама Штаттарында нацистік насихатпен күресу үшін 1938 жылы қабылданған «Шетелдік агенттерді тіркеу туралы» Заңды (FARA) бұзғандар бес жылға бас бостандығынан айырылып, 10 мың долларға дейін айыппұл төлейтін. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Америкада бұл заң сирек қолданылады - 50 жыл ішінде сотқа жеті ғана заң бұзушылық ісі жеткен, ал судья олардың біреуіне ғана үкім шығарған.

Пікірлер