Болашақтың кілті – дарынды жастар қолында

1799
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы Білім басқармасының «№122 жалпы білім беретін мектебінде» 2024 жылдың 25 сәуір күні «Еңбек, өнер, спорт – білікті тұлға қалыпастырудың қайнар көзі» тақырыбында қалалық семинар өтті. Семинардың басты мақсаты – болашаққа білікті, заманауи, шығармашыл тұлға қалыптастыру. Мектептің эстетикалық пәндер бірлестігі ұсынған қалалық іс-шара жоғары деңгейде аталып өтіліп, жүзге жуық мектептен Алматы қаласы бойынша 120-дан аса  білікті ұстаз қатысып, тәжірибе алмасты. 

 

Қалалық семинардың ашылу барысы күмбірлеген домбыраның үні мен №122 мектептің «Шабыт» биі тобының қарсы алуымен басталды. Қалалық білім беру ұйымдарынан жиналған ұстаздар семинардың QR кодпен жасалған мақсатымен танысып, мәжіліс залындағы танысу кіріспе бөлімінен бастау алды. Алматы қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департамент басшысы Гүлнар Өмірбекқызы семинардың ашылу салтанатында сөз сөйлеп, ұжымға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталық әдіскері Т.К.Шаймерденов, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының жетекшісі Г.Кеніштайқызы, Әуезов аудандық білім бөлімінің әдіскері Г.Жүнісбекқызы да жылы лебіздерін білдірді.

Семинар бағдарламасының ұйымдастыру кезеңінде барлық жиналған педагогтер үстел теннисі, шахмат сынды спорттық ойындар ойнап, мектеп оркестрімен бірге домбырамен күй орындап, мақал-мәтел сайысына қатысып, тәтті сыйлықтарға ие болды. Екінші бөлімі эстетикалық пән бірлестігі ұсынған сыныптан тыс іс-шаралармен өз жалғасын тапты. Мәселен, көркем еңбек пән мұғалімдері А.Сергазинова мен А.Битеева ұлттық құндылықтар негізінде шеберлік сабағын көрсетсе, денешынықтыру пәні мұғалімдері С.Конурбаева, Б.Абанкулов, С.Салмекеев 6-сыныптар арасында ашық сабақ ұйымдастырып, Н.Қамысбек ерекше білім беруді қажет ететін балалармен спорттық сайыс ойындарын жүргізді. Эстетикалық пәндер бірлестігінің жетекшісі, музыка пән мұғалімі  Г.Ербатырованың жетекшілігімен сыныптан тыс іс-шарада денешынықтыру пән мұғалімі Н.Кабдоллин ән шырқап, бастауыш, орта, кешкі бөлім ардагер ұстаздарынан құралған топ өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ, мектептің жас мұғалімдері сахналық қойылым ұйымдастырып, оқушылардың көрмесімен де тәнті ете білді.

Бұл семинардың тағы бір ерекшелігі ата-аналардың белсене қатысуында болды. Мәселен, 1-сынып оқушы қыздардың әкелерімен бірге билеген вальс биі, ұлы мен әкесінің орындауындағы әсем ән көпшіліктің көңілінен орын тапты. Сол сияқты мектептің шығармашылық дамуын көрсете білген оқушылардың жетістіктері де назардан тыс қалмады.  Қалалық, республикалық, халықаралық деңгейдегі оқушылардың жетістіктері, мойындарына сыңғырлата таққан күміс, алтын медальдары тек білім ошағының ғана емес, елдің еңсесін көтергені деп ауыз толтырып айтуға болады.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» - деп дана халқымыз айтқандай, ұстаздардың әрбір еңбегі, ұлт үшін, ұрпақ үшін деп берген саналы тәрбие мен білімі әрқашан еленері ақиқат. Ұстаз тек мектеп қабырғасында сабақ беріп, бала тәрбиелейтін тұлға емес. Ол - шығармашыл, ол – заманауи, ол – психолог, ол – ізденімпаз, жан-жақты дами білген дара тұлға. Міне, дәл осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұжымның ұйымшылдығымен бірлесе атқарған қалалық семинар көпшіліктің көңілінен шыға білді. Сөз соңында семинарға қатысқан әріптестер өз ризашылықтарын білдіріп, қазақ мектептерінің жандануына тілекші болды. Мектеп басшысы Жанысбай Талғат Сағатұлы эстетикалық пәндері бірлестігіне, арнайы келген әріптестерге, ұстаздарға алғысын айтып, бұл іс-шара өз жалғасын табатынына сенімін білдірді.

Пікірлер