Замана бұлбұлы, саз әлемінің сайыпқыраны

1010
Adyrna.kz Telegram
Фото: e-history.kz
Фото: e-history.kz

Бүгін - қазақ музыкасының Гималайы – Ахмет Жұбановтың туған күні.

Ахмет Жұбанов - 1906 жылдың 29 сәуір күні Ақтөбе облысы Темір ауданында дүниеге келген.

Ол – қазақ музыкасының зерттеушісі, көрнекті ғалым, әрі әйгілі композитор. Дирижерлік өнері де бір төбе.

 Ахмет Жұбанов Қазақстанның халық әртісі атағын 1944 жылы алды. Ал 1943 жылы өнертану ғылымының докторы болды. Профессор және академик атағы да жоқ емес. Ахмет Жұбанов қазақ музыкасының тұғырын биіктетіп, оның дамып, өркендеуіне өзінше үлес қосты. Табиғат берген дарыны мен музыкалық білімі оны биіктерге жетеледі. Ал өзі қазақ музыкасын жетектеді. 

Біраз білімді бойына сіңірген жас Ахмет 1933 жылы Алматы музыкалық драма училищесіне ұстаздық қызметке келеді. Осы қадамнан оның өмірлік жеңістері мен жемістері басталады. Ол музыка саласында тер төгіп еңбек етті. Өйткені өз ісінің маманы болған Ахмет музыканы жанымен сүйді. Музыкаға деген өзгеден ерен махаббаты оны үнемі шабыттандырып отырды. 

Ахметті сазға құмар қазақтың әр қарадомалағы үлгі тұтты. Соңынан қаншама дарынды шәкірт ерткен ұстаз өз ісіне адал болды.  

Жұбановтың қазақ халқының ән-күй шығармаларының табиғаты мен ерекшелігі, ұлы күйшілер Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Тәттімбет, Қазанғап туралы монографиялық ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ музыкасының ғылыми тарихын жасауға қосылған қомақты үлес болды.

Ол халық күйлерін оркестрге лайықтап, нотаға түсірді және қазақ музыкасын күрделі аспаптық симфониялық шығармалармен байытты. Олар «Тәжік биі», «Қазақ билері», «Төлеген Тоқтаров», «Ария», «Вокальдік сюитасы», «Абай сюитасы» тағы басқалар. А. Жұбановтың қазақ музыка тарихына сіңірген еңбегі ұшан - теңіз.

А. Жұбановтың композиторлық шығармаларының көрнектілері Л. Хамидимен бірлесіп жазған «Абай» (1944) және «Төлеген Тоқтаров» (1947) опералары, қызы Ғ. Жұбанова аяқтаған «Құрманғазы» (1970) операсы.

2006 жылы Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойына орай композитор жайлы деректі фильм түсірілді. "Ахмет Жұбанов" деп аталатын фильмнің режисері – Қ.Омаров. 

Пікірлер