Бейтаныс таныстар

Қоғамда шыркөбелек айналып жүрген адамның отбасы, туыстарынан басқа қызметтес, көрші, бірге оқыған деген таныстарынан басқа “банктегі кезектес” деген жаңа таныстығы басталғалы қай заман.

Басқа жерде көріспесе де, ай сайын банк ғимаратында кездесе бере кәдімгі бейтаныс танысқа айналасың. Алғашында тосырқағанмен айлар, жылдар өте амандаса бастайсың. Шұбатылған кезекте тұра келе адам болған соң тілдесесің. “Кісі тілдескеше” дегенді атам қазақ текке айтпаса керек. Тіптен, жылдар өте жақындасып кетіп жатқандар да аз емес.

Себебі, бүгінде банктен кредит алмаған отбасы кемде-кем. Егемендікпен ере келген тегеуріні ең мықты қылбұғау – банк беретін кередит екені жасырын емес. Пайызы ең төмені 15, жоғарысы 28-30%. Шетелден төмен пайызбен кірген ақша, халыққа аспандатқан пайызбен беріліп, банктер қарапайым халық есебінен өмір сүреді.

О баста 500 мың теңгені 28%-ға алып, тап бір тегін бершіндей қуанасыз. Қысылып тұрғанда сонша ақшаны банктен басқа кім бере қойсын. 48 айдан соң, 1млн 500 мың теңге ғып қайтарасыз. Ышқынасың. Ай сайынғы төлеп жатқан 29 мыңнан ыңыршағың айналады.

Лажың жоқ. Төлемесең, күн сайын өсетін пайыз, одан бетер жеп қояды. Барыңды сыпырып алады. Сыпырып алғанды былай қойғанда, абақтыдан бір-ақ шығып жатқандар қаншама. Көбіне ұрынатын көпбалалы әйелдер мен қариялар. Көпбалалы әйел үй алуға, баласын үйлендіруге алсын делік. Қариялар ше?

Бүкшиген бейбақ

Қолындағы таяғына сүйеніп әрең басқан кейуана келіп кезектің соңын сұрағанда, таңырқаған жан болмады. Қалыпты жайт. Кезегін анықтап алып, жан-жағына қарады. Бос орынды көріп, жәймен аяғын ілби баса барып жайғасты. Оңтүстіктің шыжыған күнімен таяққа сүйене жүру оңайға соқпаса керек.

Шаршаған кейуана уһілей демалып, қолына ұстаған беторамалымен құйылған терін сүртінді. Ауыр тыныстай, үнсіз қалды. Осы кезде банкке асыға кірген еркек, өрт тигендей жанығып өте бере шетте отырған кейуананың таяғына сүрініп кетіп, бар салмағымен үстіне құлады.

Айнала тұрғандар дөңкиген еркекті кейуананың үстінен сүйрелеп тұрғыза бастады. Кейуанадан кешірім сұрауға мұршасы жоқ еркек кезектің соңын сұрап үлгерді. Кейуана: “Кезектің соңы менмін…” деді әлсіз үнмен. “Сізден соң менмін…” деген еркек, кейуананың арқа тұсындағы бос орынға жалп етті.

Зіңгіттей еркекетің үстіне салмақпен құлағанын ауырсынып қалса керек, кейуананың қабағы кіртиген бойы үнсіз отыр. Кезекте тұрған егделеу жастағы әйел әлігі еркекке жақтырмай қарады. Өзінің не істегенін енді түсінгендей болған еркек, кейуананын желке тұсынан не себепті асыққанын айтып, барынша ақталып жатыр.

“Ақталма. Бәріміз тағдырласпыз”

Қысыла ақталған еркекке айтқан кейуананың айтқан сөзі тұрғандарды селк еткізгендей. Жаңа ұғымның салмағы бәріне зілдей батқандай іштей үнсіз мойындасты. Банкке қарыздар…

Кезектің ұзақ болатынын білгендей салқын суын ала шыққан келіншек, сөмкесінен суын шығарып, кейуанаға ұсынды. Алғашында кідіріп қарап барып, жәймен қолын созды. Ыдыстың аузымен ішуге ыңғайсызданғандай келіншекке қарады. “Іше беріңіз. Менде тағы біреуі бар…” деген келіншектің қолдау сөзінен соң, бөтелкенің аузын жәймен аша бір ұрттады.

Ауыр салмақтан жаншылып қалған аяғын ауырсына қабағын шытты. Желке тұсында ырсылдай демалып отырған еркек:

– Апа, айып етпеңізші, менен не қажет, айтыңыз? – деді. Сұрақтан сәл үнсіз қалған кейуана:– Кредитім таусылғанша тірі тұра тұрғаным қажет… – деп, мырс етті.

Ауыр жауаптан айнала тұрғандар үнсіз қалысты. Еркекті жақтырмай тұрған егде әйел ауыр күрсінді. Маңайындағылардың өзімен тілдесуге бата алмай тұрғанын түсінгендей:

– Балам кредитке машина алды. Су жаңа. Дүкеннен алды. Ай сайын 80 мың теңге төлейді, – деп тоқтады.

– Құтты болсын?! Шетелдік машинамен шалқып жүргенге не жетсін?! – деп, желке тұсындағы еркек әңгімеге қосыла кетті. Тағы сол үнсіздік орнады. Күттірген кезек алма-кезек алмасуда. Құжынаған адамдарға қарап, көз алдыңа інге тамағын тасыған құмырсқа тіршілік еріксіз келгендей.

Сәлден соң кейуана ыңғайсыздықты жеңілдеткісі келгендей:

– Ұлым мен келінім шалқып жүр. Ай сайынғы кредитін менің пенсиямнан төлейді. Әлі төрт жылы бар. Сондықтан, құдайдан менің төрт жылға дейін тірі тұра тұрғаным қажет, – деп, тап бір тілеуін көкке жеткізгісі келгендей басын жоғары көтере, көздерін банктің төбесіне қадады.

Бұрын келгендер кейуанадан естіген сөздің салмағынан үнсіз қалысты. Кейін келгендер кезекке жаныға тұрысуда. Бір қараған көзге асығыс адамдардың бір-бірімен жұмысы жоқтай көрінеді. Әйтсе де, есіктен ккіргенше бейтаныс жандар, шын мәнінде тағдырластар кейін жылы сөзбен, кейі ашу-ызамен бөлісуге жақын тұрады.

Жарқын өмір жат елде

Голландияда үй саламын деушілерге кредитті небәрі 2%-бен береді екен. Отбасындағы бала саны үшеуден көп болса, қарызының соңғы жылын банк өз есебінен жауып береді. Не деген бізге таңсық қамқорлық?! Банк, бала санына қайырымдылық жасайды деу – біздер үшін ертегі іспеттес.

Бүгінде он баласымен пәтер алуға банктен кредит алып, қарызын өтей алмай ақыр соңы абақтыға қамалған әйелдер қаншама?! “Он баласы бар әйел қалайша?!” деп таңқаларсыз. Иә, бізде он балалы “Батыр Ананы” банкке қарыз болғаны үшін еш қиналмастан соттай салады.

Артында еңіреп қалған он баланың тағдыры біздің банк пен сот жүйесін еш толғандырмайды. Қарыз екенсің, төле. Төлей алмайды екенсің, сотталасың. Басқа жол жоқ. Егерде, Голландиядағыдай төмен ақымен кредит беріліп, қамқорлық жасалса, қазақтың еш әйелі бала-шағасымен шұбырмас еді-ау?..

Енді міне, төрінен – көрі жақын қариялар да банк бұғаттауына түсті. Әрине, бұл – басқа ән… Перзенттің қатыгездігі. Өмір бойы тырнақтап жиғанын қартайғанда өз қажеттілігіне жұмсауына мүмкіндік бермейтін ұлды құдайдан тілемегені анық.

Таяқты текке сүйенбесе керек. Сүйретілген аяғын арнайы емханаларға апарып емдетуге өз зейнетақысын жұмсаса, қиналған жанына дауа табар еді, тек… Ай сайын банкке баласы мініп жүрген машинаның қарзын төлеуге жұмсамағанда.

Қорғансыз қарияларды банктің қазабатынан қалай құтқаруға болауды. Ойлана келе еш жауабын таппадым. Банк ақымақ емес. Жасы зейнеткерліктің белортасынан ауып кеткендерге үлкен сомада қарыз бермейді. Қартайған жанның қарызын төлеуге тірі боп жүре беруіне банк те күмәнданады.

Өкінішке қарай, ата-ана қадірін білмейтін кей ұрпақ өз атына тіркелген қарызын зейнеткер әке-шешесінің зейнетақысына есептеп алуда. Қасына әйелін отырғызып шалқып жүреді. Аяғы ауру анасы таяғына сүйеніп, терезеге телміріп отырады. Міне, бүгінгі күннің ащы да ауыр шындығы.

Зулай зымырайтын шетелдік машинаның кейуанаға қажеті бар ма? Иә, егер сол машинамен емделу орталықтарына апарса. Шипасу мен дәруменді балшықтарға апарып ауру аяғын емдетсе. Әттең, қарапайым ғана қамқорлықтың орнына банктегі қарызына бұғалықсыз бұғатталған қарттық…

Банк пен үкіметтің қарапайым халықтың әлеуметтік жайына бейтарап қарайтынына етіміз өлді десек, артық айтпаспыз. Бәлкім: “Ебін тап та, жөнге сал…” тәсілін қолдану арқылы халықтың өз қамын өзі жеуіне дағдыландырып жатыр ма екен.

Қиналғанда тығырықтан шығарып бергені үшін өсімі жоғары банкке қуанатынымыз рас. Әлбетте, халықтың басым пайызы “өз қотырын – өзі қасуды” үйренді. Үкіметке қол созбастан қамдануда. Әйтсе де, арасында кездесетін “ашкөз ұрпақтан” қарияларымызды қорғаудың қандай жолы бар?..

Қадірі қашқан қарттық. “Жасымда – бейнет, қартайғанымда – зейнет бере гөр” деп сыйынатын қазақтың ұрпағы не себепті азып барады? “Анаңды арқалап үш рет жаяулата Меккеге апарсаң да перзенттік қарызын өтеуге жетпейді” дегенді естіп өскен ұрпақ едік. Қартайған анасының есебінен машина мінетіндер қайдан пайда болды?..

Әр отбасы өз алдына кішігірім мемлекет деп алсақ, кішігірім мемлекеттің өзіндік таусылмайтын қақтығысы мен шытырманы мол екені даусыз. Қажыры қайтқан қариясын қорғай алмаған кішігірім отбасы – үлкен мемлекеттің шіріген бір уығы боп қадалып жатқанына мән береміз бе?

Шірігінен уықтар қадалған шаңырақтың ортаға күйреп түсері анық. Сонда біз, шаңырағымыздың шайқалтпаудың қамын қай кезде жасауымыз керек. Уілдеген сәбиіне бесік жырын айтып отырған кезден бе, әлде… “Мен кимегенді, мен ішпегенді балам көрсін”-мен ыңыршағы айнала жетілдіріп жүріп, бастысы мейірімді еге алмай қалып жатырмыз ба?..

Әлде, ештеңеден тарықпай, ата-анасы бәрін дайындап бергенге еті өліп, қалыпқа айналдырып алған ұрпақ кінәлі ме?.. Қарапайым ғана “қадірлеу” деген ұғымға санасы жетпейтін ұлдардан құрала бастаған қоғамда өмір сүрудің өзі қорқынышқа айналғандай.

Жанды егейтін сансыз сұраққа әр ұрпақ жауапты өзі тапса, одан асқан бақыт болмас еді…