Сәуірдің басында Мәдениет және спорт министрліігі қызметкерлерінің айлық ақысын көтеру туралы мәселе көтерді. Біз Министрдің бұл бастамасының кімге қатысы барын, әртістердің, кітапханашының, мұражай қызметкерлерінің қайсысының жалақысы қалай көтерілетінін және олардың неге байланысты екенін біліп көрдік.

Мәдениет және спорт министрлігі нені ұсынады?

Ведомство “Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы” ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына қосымша әзірледі.

Оның мақсаты – театр, мұражай, кітапхана қызметкерлерінің жалақысын өсіру. Министрлік осы мамандардың лауазымдық жалақысына – 1,72 үстеме коэффициентін қайта енгізуді жоспарлап отыр. Өйткені оның 2015 жылы алынып тасталуы себебінен мәдениет қызметкерлерінің жалақысы төмендеп кеткен еді.

Коэффициентті енгізу не үшін қажет?

Театр, мұражай, кітапхана қызметкерлері шынымен төмен жалақы алады. Мәдениет министрлігінің сарапшылары былай дейді: 2018 жылы Қазақстанда орташа айлық есептік жалақы 158 мың теңге болды, алайда мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 80-120 мың деңгейінде қалып қойды, бұл дегеніңіз орташа айлық ақыдан 38-78 мыңға төмендігін көрсетіп отыр.

Дәл осындай деректерді статистика комитеті де ұсынды:
Өткен жылы Қазақстандағы әр түрлі сала мамандары, шағын кәсіпкерлік саласын қоспағанда, орта есеппен 162 мың теңгеден алды. Өнер, ойын-сауық, демалыс саласындағыларға бар болғаны 127 мыңнан тиді.
Бұл дегеніңіз елдегі орташа айлық есептік жалақыдан 22%-ға аз.
Сонымен қатар, комитет ұсынған мәліметтерге сәйкес, өнер саласындағы көптеген мамандар одан да аз жалақы алған. Мәселен:
  • Бас суретші-сәнгер – 57 мың теңге;
  • Зал әкімшісі – 54 мың теңге;
  • Балет әртісі – 95 мың, қосымша құрамның әртісі бар болғаны 58 мың теңге;
  • Оркестр әртісі – 86 мың теңге;
  • Би-хор ұжымының әртісі – 47 мың;
  • Балетмейстерлер – 84 мың теңге;
  • Дизайнер-жаңыртушылар – 75 мың теңге;
  • Дыбыс режиссерлері – 65 мың теңге.
Мұрағат, кітапхана, сондай-ақ мұражай ісі мамндарының да жағдайлары оңып тұрған жоқ:
  • Мұрағат басшысы – 133 мың теңге;
  • Мұрағатшы – 78 мың теңге;
  • археограф – 74 мың теңге;
  • Көрме және көрнекілік зал директоры – 99 мың теңге;
  • Кітапханашы – 81 мың теңге;
  • Палеограф – 63 мың теңге;
  • Өнертанушы – 62 мың теңге;
  • Жәдігерлерді қорғаушы – 52 мың теңге.

Мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы қалай есептеледі?

Министрлік ұсынып отырған үстеме коэффициенттің қалай қосылатынын білу үшін лауазымдық жалақы мен оның қалай есептелетінін білу керек.

Түсіндірейік: театр, мұражай, кітапхана қызметкерлерінің айлығы азаматтық қызметкерлер мен бюджеттік мекеме және қазынашылық кәсіпорындардың мамандарыныкі сияқты базалық жалақы негізінде есептеледі. Қазіргі таңда ол – 17 697 теңге.

Әрі қарай лауазымдық жалақы мен базалық еңбекақыны есептеу үшін әр түрлі үстеме және қосымша ақыларды қосу қарастырылған, сондай-ақ коэффициенттер де қолданылады:

  • Функционалды блок бойынша коэффициенттер;
  • Жұмысшылардың лауазымдық жалақыларын (тарифтік көрсеткіш) есептеуге арналған коэффициенттер;
  • Арнайы қосымша ақылар.

Толығырақ ақпарат пен есептік кестелерді мына жерден көруге болады:

Коэффициенттер жұмысшының “санаты” мен “біліктілігіне”байланысты есептеледі. Оны адамның еңбек өтілі мен біліміне қарай береді. Санаты мен біліктілігі жоғары болған сайын лауазымдық жалақыны есептеуде коэффициент те көп болады.

Мәселен республикалық маңыздағы мемлекеттік мекеме/ мемлекеттік қазынашылық кәсіпорны басшысы үшін, еңбек өтіліне қарай оның көлемі 5,84-тен 7,08-ге дейін болады. Оны базалық жалақыға көбейткенде басты лауазымдық жалақысы шығады: 103 351 теңгеден 125 295 теңгеге дейін.

Немесе, мәселен, жоғары санатты біліктілігі жоғары негізгі қызметкер санатына жататын маманның еңбек өтіліне қарай лауазымдық жалақысы 65 833 теңгеден 77 159 теңгеге дейін құрайды.

Жоғары санатты, біліктілігі орта маманның еңбек өтіліне қарай жалақысы дәл осылай есептелгенде 57 338 теңгеден 66 718 теңгеге дейін шығады.

Жаңа коэффициент не береді?

Егер министрліктің бастамасы қабылданатын болса, театр, мұражай, кітапхана қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 1,72 коэффициентке көбейеді. Яғни, былайша айтқанда, мәдениет саласы маманының жалақысын есептеу үшн базалық жалақыны жұмысшының санаты мен біліктілігіне байланысты коэффициентке көбейтіп, оның қорытындысына ұсынылған 1,72 коэффициентті қосу қажет.

Есептеп шығарылған мәдениет қызметкерлерінің жалақысын алайық. республикалық маңыздағы мемлекеттік мекеме/ мемлекеттік қазынашылық кәсіпорындардың орташа айлық ақысы – 114 013 теңге. 1,72 коэффициентпен бұл қызмеркердің лауазымдық жалақысы– 196 102 теңгеге жетеді.

Жоғары санатты, біліктілігі жоғары негізгі қызметкер санатына жататын лауазымдық жалақысы – 71 303 теңге. Ұсынылған коэффициентті қосқанда бұл сома 122 641 теңгеге дейін өседі.

Жоғары санатты, біліктілігі орта маманның жалақысы – 61 859 теңге. Коэффициентті қосқанда оның айлығы – 106 398 теңгеге дейін көтеріледі.


Басқа да үстеме ақылар бар ма?

Коэффициенттен бөлек, арнайы үстеме ақылар бар. Оны лауазымдық жалақыға қосады. Мәселен, мәдениет қызметкерлерінің ерекше еңбек шарттарына байланысты айлықтарына базалық жалақыларынан 20-30% қосылады. Кітапхана, клубтар мен мұражай қызметкерлерінің айрықша еңбек жағдайларына, даму ерекшеліктері бар азаматтармен, соқыр, саңыраулар адамдармен жұмыс жатады.

Сонымен қатар, айрықша еңбек шарттарына үңгірлерде, қорғандарда және осыған ұқсас басқа да нысандарда еңбек ету немесе қорғау, сақтау, кәтапхана, мұражай қорларын күтіп ұстау, археологиялық іздеу, жасанды заттарды қалпына келтіру және басқа да жұмыстарды істеу жатады.

Бұған қоса, кәсіптік шеберлікке де қосымша ақы қосылады. Мәселен, басты/жетекші немесе партиялық рөлдерде ойнау, ағымдағы репертуарларда жұмыс істеу, театр, опера, балет, музыкалық комедия, цирк әртістеріне техникалық шеберліктері үшін лауазымдық жалақыдан 50%-ға дейін үстеме ақы қосылады.

Микробтарға қосымша ақы төлеу

Аталғандардан бөлек, зең басқан, актиномицеттер мен патогенді микробтар түскен қағаз, кинопленка, фотопленка түріндегі құжаттармен жұмыс істегені үшін, сондай-ақ зиянды химиялық қоспалар қолданып басқа да ақпарат көздерін қалпына келтіргені үшін базалық жалақыдан 30% үстеме ақы қосылады.

1,72 коэффициент енгізілгенімен жалақы 72%-ға өспейтіні секілді, жалақы да лауазымдық жалақымен теңеспейді. Әрбір жұмысшының айлығы әр түрлі факторларға байланысты бөлек-бөлек есептелуі тиіс, соның ішінде үстеме ақылар мен сыйақы және т.б. бар.

Лауазымдық жалақысы бірден 72%-ға өскен жағдайда мәдениет қызметкеріне біраз демеу болатын еді, өйткені Ұлттық банктің биылға болжаған инфляция көлемі бар болғаны 4-6% болып отыр.

Мәдениет саласынан кімдердің жалақысы өседі?

Олардың тізімінде 9 республикадық мекеме мен 33 мемлекеттік қазынашылық кәсіпорынның қызмекерлері – бар болғаны 42 ұйымның мамандары бар.

Оның ішінде:

  • ҚР Ұлттық мұрағаты;
  • Зағип жандар мен көру қабілеті нашарларға арналған республикалық кітапхана;
  • Ұлттық республикалық кітап палатасы;
  • Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театры;
  • М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театры;
  • М.Лермонтов атындағы драма театры;
  • “Сарайшық” тарихи-мәдени мұражай-қорығы;
  • “Таңбалы” мұражай-қорығы.

Әрі қарай толық тізімін мына жерден көруге болады.

Министрлік осы ұйымдарда жұмыс істейтін 5399 қызметкерлің айлығын көтеруді жоспарлап отыр. Бұл мамандардың 2019 жылға бекітілген еңбекке ақы төлеу қоры 7,3 млрд теңгені құрады. Коэффициент енгізілгеннен кейін ол 10,8 млрд теңгені құрайды. 2020 жылы қордағы қаражат жалақымен бірге осы кезде бекітілген 7,6 қарсы 11,3 млрд болады.

Статистика комитетінің соңғы мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылдың 12 айында мәдениет саласының тізімінде 65,9 мың адам болды.

Яғни, жалақы сала қызметкерінің әрбір 12-шісінде ғана өседі, яғни 8%-да. Тағы бір ескеретін жайт, жалақының жоғарылауы тек жоғары жақтағылар яғни республикалық ұйымдардың қызметкерлеріне қатысты. Яғни, қала, селодағы мұражайлар, мұрағат, кітапхана, театр қызметкерлері Мәдениет министрлігі ұсынған жоба аясында жоғары жалақыдан дәметпесін.

 

Виорика БЕКТҰРҒАНОВА

“Адырна” ұлттық порталы