АҚШ-та білім неге дамыған?

2477
Adyrna.kz Telegram

АҚШ-та кітапxанаға барғанда 2-3 сағат оқығаннан кейін шаршап 15-20 минут ұйықтап алатын едім. Кітапxанадағы орындықтар мен дивандар да өте жайлы еді. Аяқ қоятын арнайы орындықтарды айтсайшы. Раxат еді. Бәрі адам үшін жасалған. Студенттері сол кітапxанада ұйықтап алса да әлемнің мықты универлері батыс елдерінде орналасқан. Нобель сыйлығын да көп алатын солар. Ғылым да соларда.

Вашингтонда музейде шаршасаң шалқаңнан түсіп жатып демалатын арнайы бөлме бар. Шыны керек музей аралағанда да шаршайсың. Осындайда жатып демалып алатын бөлмені де ойластырып қойған ғой жарықтықтар. Бәрі адам үшін.

Астанада кітапxанаға барсам 2-3 сағат оқығаннан кейін ұйықтауға ұяламын. "Әкеңнің үйінде жатырсың ба?" деген көзқараспен қарайтыны анық. Қақиып отырып оқуың керек. Шаршасаң көзді іліп алуға ұят. Біздің түсінікте кітапxана ұйықтайтын жер емес. Үйіңе кету керек. Содан ғылымы дамып әлемді таңқалдырып отырғанымыз да шамалы. Жақында музейге барғанда ұзақ аралап, шаршағаннан ұзын орындықты көріп шалқамнан түсіп жаттым. Не істер екен деп әдейі істеймін ғой. 1 минут өтпей "Паркте жатырсыз ба?" деп қызметкер келді.

Араға екі күн салып мешітке кіріп шықтым. Жаттым. Мешіттің күмбезіне қарап жаратушыны ойлап жатқанмын. "Мешітте жатуға болмайды" деп қызметкер келді. "Неге?" деген сұрақты тіке қойдым. "Бізге солай нұсқау берген" дейді. Не отыру керек, не тұрып жүру керек, не намаз, не кітап оқу керек екен. Мүмкін мен жатып, ойланып жаратушыға жақындап жатқан шығармын. Маған сол ыңғайлы шығар. Бастысы результат емес пе?

Вообщем, біз көп нәрсені қолдан қиындатып жіберетін секілдіміз. Сыртқы жүріс-тұрыс, рамка мен шектеулер көп. Көбісі мағынасыз. Адамға результатқа жету үшін не ыңғайлы болса сол жол дұрыс қой. Кітап оқып шаршаса бір мезгіл кітапxанада мызғып алсын. Онда тұрған ештеңе жоқ. Музей аралап шаршаса жатып демалсын. Бұл қалыпты процесс. Мешітте жатып жаратушыны ойлау сол адамға тиімді әсер етсе солай істесін. Бастысы жүріс-тұрыстың сыртқы көрінісі емес результатқа жету!

Бауыржан СЕРІКБАЕВ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер