«Билік бой көрсетпеді». Қазақстан Кинематографистер Одағының XVI съезі өтті

1419
Adyrna.kz Telegram

17 сәуір  Қазақстан Кинематографистер Одағының XVI съезі  өтті. Бұл туралы Ұлттық өнерді дәріптеуші, дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Ұлттық кітапханада өткен кезекті съезге Киногерлер Одағына мүше қауымның басым көпшілігі жиылды. Алдымен, бұрынғы басшылықтың есебі тыңдалып, оған қанағаттандырарлық деген баға берілді.

Жиын барысында Киногерлер Одағының мүшелері жаңа төраға сайлау үшін өз дауыстарын берді. Ашық дауыс беру нәтижесінде Киногерлер Одағының жаңа басшысы болып, анимациялық кино режиссері әрі кино продюссер Адай Әбілда сайланды.

Жаңа әрі жас төрағаға қазақ киносының ақсақалы Асанәлі Әшімов  ақ батасын берді.

«Жалпы, киногерлер қауымы бұл таңдауларына көңілдері толған сынды. Себебі Адай Әбілдә – кино төңірегін дендеген коррупцияға, осы саладағы басқа да былық-шылықтар мен түрлі әділетсіздіктерге қарсы ымырасыз майдан ашқан Ұлттық кино тарихындағы алғашқы шенеунік. Осы ымырасыздығы үшін 2022 жылы Ұлттық киноны Мемлекеттік қолдау орталығының Бас продюссері қызметінен кеткен ол содан бері жұмыссыз қалған еді. (Биліктің жемқорлықпен күресуші тұлғалпрды қызметтен шеттететіні қызық) Енді міне, Киногерлер Одағының мүшелері көпшілік дауыспен Адай Құнанбайұлын Кинематографистер Одағының төрағасы лауазымына бекітті», деп жазды Ерлан Төлеутай.

Сондай-ақ, Ерлан Төлеутай Ұлттық кино төңірегінде шешілмеген мәселе көп екенін айта кетті.

«Киногерлер Одағы мүшелерінің орта жасы 65 жас мұғдары екендігін ескерсек, бұл өзі аға буынның таңдауы болған секілді. Себебі аға буын ұзақ жылдар бойы Ұлттық киноны дамытуға қызмет ететін қолайлы өзгерістер жасай алмады, Жасамақ болған талпыныстары үнемі сәтсіздікке ұшыраумен болды. Сол себепті Ұлттық киноның ахуалы жыл сайын нашарлап келеді, соның белгісіндей қазақ киносының қара шаңырағы – Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының кетеуі кетіп, бар мағынасында күйрегелі тұр. Киноға бөлінетін қаржы жыл сайын қысқара түсуде әрі кино түсіру Мәдениет министрлігіне кино өнерін әбден қор қылған әрі кино үшін текке керегі доқ финанстық отчеттар мен басқа да бюракратиялық құжаттар үшін түсірілетін, еш мәні жоқ, ешқандай шығармашылық әрі қаржылық нормативтер сақталмайтын мағынасыз күлдібадам бірдеңеге айналып барады. Қысқасы, Ұлттық кино төңірегінде шешілмеген мәселелер шаш етектен және бұл келеңсіздіктер жыл сайын қордалана түсіп, шешімін таппаған осынау проблемалар уақыт өткен сайын асқынып, ушығып келеді. Осы орайда аға буын киногерлер Одақ тізгінін "Жас келсе іске", – деп Адай Әбілдәға ұстатқандай. Несі бар, Адай жас та болса, кино өндірісінің кәсіби маманы, ең бастысы ол жастайынан кино ісінің ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп шыңдалғвн азамат. Қазіргі кезде кино өндіоісінен еш хабары жоқ биліктің сүйіктілері мен оларға ыңғайлылар Кино басшылығына келіп жатқанда бұл таңдауды киногерлердің осы келеңсіздікке қарсы протесі десе де болғандай. Сөйтіп, бейнелеп айтқанда, Кинематографистер Одағына "Ескі Қазақстан", кетіп, "Жаңа Қазақстан" келді яғни киногерлер қауымы өздеріне жас төраға сайлау арқылы өзгеруге бейілді екенін танытты», деді ол.

Ерлан Төлеутайдың айтуынша, мұндай өзгерісті Ұлттық Киноның басы-қасында жүрген шенеуніктер қолдамайтын секілді. Өйткені, Кинематографистер Одағының кезекті XYI съезіне арнайы шақыру жіберілсе де – Мәдениет және Ақпарат министрлігінен бірде-бір өкілі, Ұлттық киноны қолдау орталығының да басшылары келмеген. Тіпті, "Қазақфильм" басшысы да төбе көрсетпеді.

«Бар мақсат-мұраты тек кино түсіру ғана болып, қоңторғай күй кешулі киногер қауымға билік неге бүйтіп қыр көрсетеді? Әсіресе, қазақ киносының қос алыбы, бұл күнде жастары тоқсанға таяған Асанәлі Әшімов пен Нұржұман Ықтымбаев ақсақалдарымыздан ыңғайсыздау болды. Ұлттық киномыздың қос коррифейі – мұндай мүлде елемеушілікті киноға түсіп бастаған 65 жылдық ғұмырларында алғаш көріпті.

Шынында да Жазушылар Одағының құрылтайы десе, есебі күллі ПӘ сонда жүреді де, ал Киногерлер Одағының съезінде биліктен тірі жан төбе көрсетпейді. Осыған "Апам да аң-таң, мен де аң-таң" болдық қысқасы», деді Ерлан Төлеутай.

Пікірлер