Ресей бензин сұраған соң ба? Қазақстанда АИ-92 бензиніне лимит енгізілмек

1720
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда АИ-92 бензиніне тәулігіне 100 литрге дейін шектеу енгізілмек. Шетелдіктер үшін отынның бұл түрі айтарлықтай қымбаттайды, ал дизель, керісінше, арзандайды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы kоlecа kz-ке сілтеп.

Отандық жанармай бекеттеріндегі сатылатын бензин мен дизельдің шекті бағасы туралы бұйрыққа түзетулерді Энергетика министрлігі дайындады. Құжатқа сәйкес, төмендегі бағамен сатпақшы:

Аи-80 литрі — 89 теңге;
Аи-92 және Аи-93 литрі — 245 теңге, ал Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін көрсеткенде, тәулігіне 100 литрге дейін литрін 205 теңгеге алуға болады.

Арнайы көлік, жүк көлігі және автобус жүргізушілері Қазақстанның жүргізуші куәлігін және техпаспортын көрсеткен жағдайда тәулігіне 300 литрге дейін құюға рұқсат беріп, бензиннің бір литрін 205 теңгеден сатпақшы.

Осындай шектеулер дизельді көліктерге де қатысты. Шетелдіктерге жазғы және маусымаралық дизельді 315 теңгеден, ал жергілікті халыққа 295 теңгеден, бірақ жеңіл көлік үшін күніне 100 литр лимит, арнайы көлік, жүк көлігі мен автобус үшін күніне 300 литр сату ұсынылады.

Ел азаматтары үшін АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасы бір жыл бұрын үкімет бекіткендей өзгеріссіз қалады, бірақ шетелден келетін тасымалдаушылар үшін бензин қымбаттайды. Дизель керісінше арзандайды: 450 теңгеден 315 теңгеге.

Айта кетейік, бұған дейін Ресейдің кейбір мұнай өңдеу зауыттарына дрондар шабуыл жасап, Ресейде бензин мен дизель тапшы болу қаупі төнген соң, Қазақстаннан 100 мың тонна бензин сұрағаны жайлы мәлімет тарағанын хабарлаған едік.

Ресей әдетте жанармайдың нетто – экспортері (яғни, экспорт көлемі импортынан артық)  және халықаралық нарықтарға жеткізуші болып табылады. Бірақ мұнай өңдеу зауытарының дрондар шабуылына ұшырауы Ресей мұнай компанияларын импорт жасауға мәжбүр еткен сияқты.

Дереккөздің айтуынша, Мәскеу Қазақстаннан Ресейге жеткізуге әзір тұратын 100 мың тонна бензиннің төтенше резервін құруды сұраған.

Сондай-ақ, Мәскеу 1 наурыздан бастап жанармай тапшылығының алдын алу үшін алты айға бензин экспортына тыйым салған. Дегенмен бұл Мәскеу басқаратын Еуразиялық экономикалық одаққа, оның ішінде Қазақстанға, сондай-ақ Моңғолия сияқты кейбір елдерге қатысы жоқ.

Ал трейдерлер Ресейдегі жағдай ушығып кетсе, тыйымды кеңейту мүмкін екенін айтады

 

Пікірлер