Ерлан Саиров Қазақстанды тұрақсыздандыру әрекеттерінің артында кім тұрғанын айтты

1136
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда әлеуметтік-саяси жағдайды тұрақсыздандыру әрекеттері жүріп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров «Abay live» Youtube-арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Ауқымды табиғи апат жағдайында, дәл осы қиын кезеңде «Ескі Қазақстанның» жекелеген өкілдері жағдайды пайдалануға тырысады, деп есептейді Ерлан Саиров. Парламентарийдің айтуынша, реваншистік күштер қоғамда саяси тұрақсыздықты орнатуға бірнеше рет әрекет жасады.

«Конституция бойынша бізде заңды Президент бар, ол – Қасым-Жомарт Тоқаев. Біздің міндетіміз – Конституция нормаларын қатаң сақтау және біз оны қорғауға дайынбыз. Шын мәнінде, бұл жай ғана сын емес, бұл реваншистік күштердің саяси тұрақсыздықты құру арқылы билікке қайта оралу әрекеті. Олар кім? Ең алдымен, бұл бұған дейінгі Президент тұсында байып, халық ақшасын иемденгендер және олар бұрынғы өміріне оралғысы келетіндер», – деді депутат.

Ерлан Саиров қазір қоғамда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың беделін түсіруге ықпал етіп жүрген ұйымдастырылған кампанияның белгілері бар екенін айтты. Олар әлеуметтік желілерде түрлі челлендждер таратып жүр.

«Мұның бәрі ұйымдасқан түрде жүзеге асырылуда. Бұл ешқандай да сыни пікір емес. Бұл – қазір елге қауіп төніп тұрған жағдайда мемлекеттің ішіне іріткі салу. Яғни саяси дестабилизация жасау әрекеті саналады. Бұл заңға қайшы келетін әрекет. Мұндай акциялар үлкен қауіп төндіреді. Алайда біз бар күш-жігерімізді, бірлігімізді көрсетуіміз керек. Менің ойымша, елімізде халық бәрін түсінеді және конституциялық тетіктерді айналып өту үшін билікті өз қолына алуға тырысатын күштердің арандатуына берілмейді», – деп атап өтті мәжілісмен.

Сұхбаттың толық нұсқасымен сілтеме арқылы таныса аласыз.

 

Пікірлер