Қазақстандық еркін күрес балуаны Азамат Дәулетбеков Бішкекте (Қырғызстан) өтіп жатқан Азия чемпионатында бірінші орын иеленді, - деп хабарлайды “Адырна” Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Еркін күрестен 86 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Қазақстан құрамасының капитаны үш дүркін Азия чемпионы атанды. Ол финалда Өзбекстан өкілі Жабраил Шапиевті жеңіп, құрлықтық турнирде өз командасына алғашқы алтынды әкелді.
Жеңіске жету жолында Дәулетбеков ирандық Хади Вафаипурды (3:1) және қытайлық Пейлонг Лиді (11:0) жеңді. Айта кетейік, Азаматтың Париж-2024 Олимпиадасына лицензиясы бар.
Тағы бір қазақстандық Асыл Айтақын да 61 келіге дейінгі салмақта алтын үшін белдескенімен, ақтық сында кілем иесі Тайырбек Жұмашбек уулунан жеңіліп қалды. Бұған дейін Айтақын палестиналық Али Абурумайл (7:0), моңғолиялық Энеболд Энгбат (11:0) және үнділік Акаш Дахияны (11:0) жеңген болатын.