Бүгін Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Жиында мемлекет басшысы елдегі қазіргі ахуалға тоқталды.
«Жағдайды көріп, біліп отырсыздар, аймақтарда сексен жыл болмаған жойқын су тасқыны болып жатыр. Көптеген елді мекенді қарғын су басты. Жалпы ахуал өте күрделі.
Қазір Үкімет барлық қажетті шараларды жедел түрде қабылдап жатыр. Тиісті тапсырмаларды бердім, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Табиғаттың тосын мінезінен басқа да елдер зардап шегуде. Әлемнің әр түкпірінде жер сілкінісі, өрт, су тасқыны болып жатыр. Бір сөзбен, жаһандық климат өзгеріп, табиғи апаттар жиілеп кетті. Мұндай апаттардың алдын алып, азаматтардың амандығын қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Ғылым – бұл міндетті іске асырудың бірден-бір жолы»,—деді ол.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанда ондаған жыл бойы ғылымға жете мән берілмегенін атап өтті.
«Әсіресе, елімізде болып жатқан су тасқыны кезінде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отыр. Мен ғылымды дамыту туралы үнемі айтып жүрмін. Әрине, ғылымды бір күнде немесе бір жылда дамытып жіберу мүмкін емес. Ұзақ уақыт табанды жұмыс істеу керек.
Өкінішке қарай, Қазақстанда ондаған жылдар бойы ғылымға жете мән берілген жоқ. Шынын айту керек. Еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алдық. 40 мың ғалым 90-шы жылдардағы қиын кезеңде ғылымнан мүлде қол үзді. Кейбір институттар сақталып қалғанымен, жалпы ғылым біртұтас жүйе ретінде қатты әлсіреп кетті. Осының салдары енді көрініп жатыр. Біз еліміздің ғылыми әлеуетін қалпына келтіруіміз керек.
Ал су тасқынына оралсақ, алдымызда тұрған міндеттер – өте күрделі, ауқымды. Апаттан зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті жағдайды жасауымыз керек. Бұл – қомақты қаражатты талап ететін жұмыс. Бірақ біз халықтың алдындағы міндеттемелерімізді толығымен орындаймыз. Бұл – парыз. Мен үшін бұл – ең маңызды және дәл қазіргі кездегі ең қажетті жұмыс»,—деді президент.