8 мың бастан асты. Тасқыннан қырылған малдың саны айтылды

1565
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақтөбе облысының ТЖД баспасөз қызметі
Фото: Ақтөбе облысының ТЖД баспасөз қызметі

Су тасқыны орын алған өңірлерде қазіргі есеп бойынша 8,1 мың бас мал қырылған, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Қырылған мал иелері өтемақы ала алады.  Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин 10 сәуір күні өткен брифингте айтты. Оның сөзінше облыс әкімдіктері мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірлескен жұмысының арқасында 88 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпсіз жерге шығарылған.

"Жедел деректер бойынша өлген мал саны 8,1 мың бас, оның ішінде ұсақ мал – 6 мың, ірі қара – 1,5 мың, жылқы – 514 бас. Республикалық эпизоотияға қарсы отряд тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау мақсатында жануарлардың өлекселерін жою жұмыстарын қарқынды жалғастыруда. Бүгінгі таңда 4,1 мың мал өлекселері жойылды. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша бұл жұмыс күшейтілген режимде жалғасатын болады. Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабпен өлген мал иелеріне өтемақы төлеу алгоритмін әзірлеп, бекітілді. Меншік иелері мен залалды анықтау және басқа да мәселелерді шешу үшін өңірлерде жергілікті атқарушы органдармен шығынды анықтау жөніндегі комиссия құрылды”, – деді Олжас Тілебалдин.

Мал иелері мәліметтерді көрсете отырып, жергілікті комиссияға өтініш беруі керек. Меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталады. Ал меншік иелеріне өтемақы Ұлттық статистика бюросы жариялаған талапқа сай беріледі.

Пікірлер