"Қол қусырып отырған жоқпыз". Әншілер көмек қолын созды

1996
Adyrna.kz Telegram
Фото: mail.kz
Фото: mail.kz

Қара халық суға батқанда жұрт алдында жүрген жұлдыздардың әрекеті желіде тарауда, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Қазақпараттың хабарлауынша әлеуметтік желіде «Әншейінде халқым, елім-жұртым деп еміреніп жүретін әншілер қайда? Халқының қасынан табылып, неге елді көмекке жұмылдырмайды?» деген сыни пікірлер көптеп жазылған.

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева әлеуметтік желіде елдің жағдайына алаңдап отырғанын жазды.

"Топан су басып жатқан аймақтардағы халықтың жағдайына алаңдап отырмыз. Біздің күшіміз бірлікте! Бұл қиындықтан да аман өтеміз. Президентіміз барлық шығын өтелетінін айтып жатыр. Азаматтар аман болса осы жерлерде керемет қалашықтар бой көтеріп, арты той болатынына сенеміз. Отбасымыздың атынан 5 миллион қаржы беріп жатырмыз. Алла қаласа балалар киімдері, памперс, тағы басқа керек-жарақты алып әр аймаққа теңдей бөліп таратамыз. Елімізге Алла жар болсын!" — деп жазды ол.

Сахнада жүрген Мәдина Сәдуақасова да тасқын судан зардап шеккендерге 1 млн теңге қаржылай көмек беріп, елді сабырға шақырған.

"Елімізде бұндай табиғи апат бұрын-соңды болмаған. Мұндай қиын кезеңдерде бір-бірімізге қол ұшын беріп, демеу болайық. Суға кеткен өңірлерде құтқару жұмысын жүргізіп жатқан азаматтарға мың алғыс! Гуманитарлық, қаржылай көмек көрсетіп жандарға Алла разы болсын. Біздің отбасы да өз үлесін қосып, Каспи банк арқылы 1 млн теңге аудардық! Бұл тек бастамасы, қолымнан келгенше, әлде де көмек беруді тоқтатпаймын, жалғастырамын. Аллам Қазақстанның әр өңірін табиғи апатынан сақтасын", — деді әнші.

Одан бөлек басы даудан арылмайтын Төреғали Төреәлі, Нұрболат Абдуллин және басқа да шоу бизнес өкілдерінің су апатынан зардап шеккен халыққа қаржылай көмек атап жатқан видеолары желіде тараған.

Ал әнші Ерке Есмахан:

«Су тасқынынан зардап шегіп жатқан өңірлерге отбасымыздың атынан қолымыздан келгенше көмек берудеміз. Қанша қаражат аударғанымызды көрсетіп, жариялап, айтуыма, жолдасым қарсы. Жанұя болғалы жасаған қанша үлкенді-кішілі қайырымдылық, берген көмегімізді айтқызбады. Әрі қарай да «Айтып, жазбайсың» деген шарт қойды. Күйеуім "Әр ісімізді Алла біліп, разы болса болғаны» деген ұстаныммен жүреді», - дейді Ерке Есмахан.

Ерке Есмахан қол қусырып отырмағанын жазды.

«Менің жазғым-ақ келеді. Себебі сіздер қол қусырып қарап отыр деп ойламасын дегендей. Онымен жолдасымның түсінігі осындай. Сол үшін артық сөз жазудан аулақ болыңыздаршы. Алла сабыр берсін! Біз де дәл сіздердей халықпыз. Мүмкін келесі жылы мемлекетіміз мұндай жағдайларға алдын-ала дайын болар деген үміттеміз. Еліміз аман болсын!», - дейді әнші.

Ал блогерлер халықтан қаражат жинап, азық-түлік, киім-кешекпен қолдау жіберіп жатқанын жариялап жатыр.

Пікірлер