Ескерту, эвакуация. Қостанайда төтенше жағдай жарияланды

1393
Adyrna.kz Telegram

Қостанайда төтенше жағдай енгізіліп, тұрғындарды эвакуациялауға дайындық жүргізілуде, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Наша газетаға" сілтеп. 

«Қостанайда төтенше жағдай енгізілуде. Бұл туралы бүгін өткен брифингте қала әкімі Марат Жүндібаев мәлім етті. Бүгін, 6 сәуірде, түс кезінде немесе кешке қарай одан да көп су ағыны болады деп күтілуде», - делінген сенбіде.

Қостанай әкімі су тасқыны аймағында тұратын азаматтарды алдын ала эвакуациялауды сұрады. Екі күнде Қостанай облысының су қоймаларына миллиард текше метр су келіп, ағызылу басталды, бұл Қостанайды су басу қаупін төндірді.

"Қостанайда қазір 20-ға жуық эвакуациялық пункт ашылды. Кеше саяжай елді мекендерінен 218 адам эвакуацияланды, бірақ тек 6 қала тұрғыны ғана профилактикалық ем алуда қалды, қалғандары туыстарына кетті. Судың шарықтау шегі кешке және түнде болады деп күтеміз. Бүгін күндіз барлық профилактикалық шараларды қолға алу қажет. Тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет су қоймасы 100 пайызға толып отыр. Екі күнде миллиард текше метрге жуық су келді, бұлай бұрын соңды болмаған», - деді әкім.

Қазіргі уақытта, Қаратомар су қоймасының шамадан тыс толып кетуіне байланысты, артық суды ағызу секундына 10 текшеден басталып, 1,5 мың текше метрге дейін жеткізілді. Ал мұның салдары қаланың жағалауға жақын аумақтарына зор қауіп-қатер төндіріп тұр. Атап айтқанда, «Дорожник», «Садовод», «Мичуринец» бау-бақша қоныстарын және «Колесные ряды» ауданын су жайлауы мүмкін.

«Аталған аумақтардың тұрғындары құзіретті органдар бірінші талап еткен сәттен бастап, ұйымдасқан түрде эвакуацияға кірісуі керек. Бұл шарада егде кісілерге, жүріс-тұрысы қиын азаматтар мен балаларға ерекше көңіл бөлу сұралады. Алдын ала құжаттарыңыз бен алғашқы қажеттілігі бар заттарыңызды даярлап қойыңыздар. Сіздерге автобустар жіберіліп, олар эвакопункттерге қатынайды. Уақытша қоныстарда ас-ауқат және жатын орын әзірленген», — делінеді қалалық штаб хабарламасында.

Қостанай қаласы аумағында тұрғындарды эвакуациялауға арналған бірнеше пункт әзірленіп қойылған. Олар:

— ҚР ІІМ Академиясының жатақханасы;

— Қостанай индустриялық-педагогикалық колледжі;

— Қостанай автомобиль көлігі колледжі;

— Қостанай қызмет көрсету салалары колледжі;

— Қостанай құрылыс колледжі;

— «Дружба» профилакториясы;

— № 2 мектеп-лицей спорт залы;

— № 14 ЖББМ;

— С. Мәуленов атындағы гимназия;

— № 19 және № 20 мектептер;

— Физика-математика лицейі.

«Құрметті қостанайлықтар! Эвакуация кезінде дүрбелеңге салынбай, құқық қорғау органдары мен ТЖ қызметкерлерінің заң жүзіндегі барлық талаптарын орындауларыңызды сұраймыз! Егер тасқын жеңіл өтер болса, адамдар қалдырып кеткен тұрғын үй алаптарын тәртіп сақшылары күзететін болады», - делінген штаб үндеуінде.

 

Пікірлер