Rompetrol мұнай компаниясының қызметкерлері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады. Бұл туралы Румындық Gândul интернет-басылымы жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Айта кетейік, Rompetrol – “ҚазМұнайГаз”-ға тиесілі румыниялық мұнай компаниясы. 2007 жылдан бастап Rompetrol KMG International негізгі бренді, компанияның әлемнің бес елінде жанармай құю станциялары желісі бар. KMG International иелігінде – Румынияның екі ірі мұнай өңдеу зауыттары – Petromidia және Vega бар. Сондай-ақ полимерлер өндірілетін мұнай-химия кешені жұмыс істейді. Сонымен қатар, компания Молдова, Болгария және Грузияда 1100-ден астам сауда желілерін басқарады.
Басылымның хабарлауынша, Rompetrol қызметкерлері KMG International басшылығын біліксіз және сыбайлас жемқорлыққа жол берді деп айыптайды. Ашық хат Қасым-Жомарт Тоқаевтан бөлек, Премьер-Министр Олжас Бектеновке, Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиевке, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповқа және ҚМГ Басқарма төрағасы Мақсұт Мирзағалиевке жолданды.
“Компания басшылық құрамын түбегейлі өзгертуді және Жаңа Қазақстанның мақсаттарына сай көзқарасы бар директорлар кеңесінен бастап, атқарушы менеджментке дейінгі барлық деңгейде жаңа адамдарды тартуды талап етеді”, деп жазған басылым.
Ашық хатта Rompetrol қызметкерлері ұйымның басшылығына да көңілі толмайтынын жазады.
Ақпаратқа сәйкес, Ілияс Құлжанов Ресей азаматтығына ие болған, бірақ Еуропалық Одақ тарапынан болуы мүмкін санкциялардан құтылу үшін Румыния билігіне өзінің Қазақстан азаматы екенін айтқан. Веб-сайтта KMG International басшысына тиесілі Ресей Федерациясы азаматының шетелдік төлқұжатының фотосуреті бар.
Сондай-ақ, тілшілер “олар Новороссийскідегі КҚК терминалы арқылы Румынияға жеткізілетін қазақ мұнайы теориялық тұрғыдан ресейлік болуы мүмкін” дегенді алға тартып отыр.
«Хат авторлары Ілияс Құлжановты өте қабілетсіз адам деп атайды. Олардың айтуынша, Rompetrol-да жаңа топ-менеджерлер шығу тегі мен туыстық байланысы бойынша, нақты құзыреттілік ескерілмей тағайындалады. Ал тәжірибелі мамандар жұмыстан кетуге мәжбүр. Осыған байланысты румындық компанияның нысандарында апаттар мен жарылыстар болды», – деп келтірді мақала авторлары.
Сондай-ақ, Румыния мен Қазақстан үшін стратегиялық маңызды компанияда қаржылық ресурстарды иемдену үшін сыбайлас жемқорлық схемалары барлық деңгейде қолданылатыны айтылды.
Ашық хатта 2023 жылдың қаржылық нәтижелері компанияның банкротқа ұшырағанын анық көрсетеді.
Rompetrol қызметкерлері Қасым-Жомарт Тоқаевтан компаниянын сақтап қалу үшін шара қолдануды сұрап, Румыния билігіне де осындай өтініш жіберілетінін хабарлады.
Айта кетейік, KMG International компаниясының румыниялық еншілес ұйымы Rompetrol Rafinare 2023 жылы 270 миллион доллар шығынға батқан. Бұл туралы компания таратқан баспасөз хабарламасында жазылды.
Компанияның 2023 жылғы жалпы айналым қаражаты 5,3 млрд долларды құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 19%-ға аз. Операциялық пайда (EBITDA) $201 млн, ал таза нәтиже теріс (-270,5 млн доллар). Бұл шығынның 82%-ы (-223 миллион доллар) операциялық активтердің құнсыздануына байланысты болды.