Мұрат Шаймаран: Өлім деген мәңгілік дос, сүйем соның етегін!

3573
Adyrna.kz Telegram

 

Мұрат Шаймаран 1969 жылы 13 қарашада ҚХР-дың Үрімжі қаласында дүниеге келген. Іле педагогикалық институтының қытай тіл-әдебиеті факультетін тәмәмдаған. 1993 жылдан бастап «Күйтің газеті» қазақ тілі басылымында әдеби редактор болып жұмыс атқарған. Қазір Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқытушы қызметінде. “Түнгі сарын”, “Еркін аспан өлеңі” жыр жинақтарының авторы.

Биыл ақынның 50 жылдық мерейтойына орай өлеңдер топтамасын оқырман назарына ұсынамыз. 

 

Бокалымда толқын атып роза түстес тұр шарап...

Бокалымда толқын атып роза түстес тұр шарап,
Ішім жалын,
Мұңым қалың,
Түгесе алар кім санап?!
Ішкемін мен…
Іше берем,
Ішпегенде нетер ем,
Кәні, тағы өз қолыңмен у бер маған,
Көтерем!
Дертті жуар жүзім нәрі жүгіргесін қанға асыл,
Жүзім маған елестейді жұлдыз болып жап-жасыл.
Жұлдыздардың тамшысы ғой ерініме таматын,
Қара аспанды құшағына ап құлайды екен бар ақын…
Енді сенбен өзің айтқан сандырақ пен елеске,
Лас ғаламға мас боп қарау маған ләзім емес пе!?
Ақиқат деп тізе бүктік жындар соққан мүсінге,
Ақиқат ол табыт болып кірді менің түсіме…
Өмір деген осы болса…
Кішіреймей өтемін,
Өлім деген мәңгілік дос, сүйем соның етегін.
Сүйем тағы сұлуларды,
Арғымақты қабан жал,
Одан бетер сүйемін мен айнымас дос – сені, ажал!
Сен-қоғамым,
Тым қаталсың,
(Қалман, әсте, мен ықтап)
Азуыңды айға білеп, отырасың қан ұрттап…
Бокалымда толқын атып роза түстес тұр шарап.

 

***

Құлап жатқан жапырақтай күздің соққан желімен,
Шыңға біткен шынарымнан ағыл- тегіл төгілем.
Ей, алакөз аспап, мені керегі жоқ аяудың,
Керегі жоқ енді маған жасыл нілді бояудың!
Саған қарай ұшпаймын мен қанатыма от байлап,
Құстың жолы – өзені мұз, өмір сынды көк тайғақ…
Топыраққа қарау күна зау биіктен – күн жақтан,
Және менің салмағым бар ғаламға жүк – мың батпан…
Ғадауатқа ғапыл болған тірлігімнің көп шағы,
Көңілім – күз, санам менің жапырақтай сап-сары.
Жапырақтар өледі ғой табандарда жаншылып,
Қардан ақтық байлап алып аза тұтар бар шыбық…
Ал, менікі өлім емес,
Ажалды аң-таң қалдырып,
Топыраққа кетем сіңіп,
Жатам сонда мәңгілік!
Ей, адамдар, мың рахмет!
(Солай болған бұ тірлік…)
Ұйықтататын,
Ояататын ЖЕР барына шүкірлік…

 

***

Алыста оттар жанады,
Түртеді түннің түнегін.
Есіме менің салады,
Қирда қалған қыр елін:

Бетеге тұнған айшуақ,
Мастанып жатар дала-бел.
Қамыс құлағын қайшылап,
Белдеуде тұрған қарагер…

Иесін іздеп тұр күлік,
Жануар білмес бой суу…
Шығады оны кім мініп,
Қүтеді оны қай сұлу?!

Тарқатып…өріп бұрымын,
Жұмбақтап ойын қыз қүлді…
Шегеді жігіт шылымын,
Шегеді және бір мұңды…

Мейлі ғой, мейлі…
Сән құрап,
Қымбатын ару бұлдасын!
…іздейді сосын албырап
Жоғалтып алып сырғасын…

Құстардың тойы – тоғайда,
Жағады аспан от-шамын.
…арғы жағын айтпан жарай ма!?
Жап-жасыл шалғын, көк шалғын…

Тотыдай қайта таранып,
Сүюдің шалқып қызуы,
Қайыс шылбырға оралып,
“Сендікпін..!”-деген қыз үні…

Алыста оттар жанады,
Түртеді түннің түнегін.
Жат жерде көңілім налалы,
Сұп-суық менің жүрегім.

 

***

Алматы тұр басына бұлт үйірген,
Алма ағаш тұр қардан көйлек киінген.
Аласұрып аңсаймын да тұрамын,
Сызылта тартқан қайыршының күйін мен.

Төбемдегі жыртық–аспан, жыртық–күн,
Ақынмын мен,
Бір-ақ талмын, бір түппін.
Көзіндей боп қалған көне ғасырдың,
Сол бір ескі әуендерге ынтықпын…

Тарт күйіңді, тарт, Қайыршы!
Сыңсытып,
Жабырқаған жанардан жас ыршытып.
Жібір ме екен әлде өмірдың жүрегі ,
Бауыры тас тағдыр қабақ тұр шытып.

Тарт күйіңді жеңе алмайтын еш өлім ,
Тарт күйіңді, қайтарма ақын меселін.
Тарт күйіңді, жырсыз, нұрсыз һам күйсіз,
Адамдар бұл қалай ғұмыр кешеді.

Асырып бір ұлы өнердің мерейін,
Баста, кәне, мұңды саздың егейін.
Баста, кәне, қалтамдағы ең соңғы,
Қалған жарты жармағымды берейін.

Сарқытындай Хафиз сынды жыраудың,
Теңгесіз де тірі жүретін шығармын.
Не болмаса шляфамды қолтықтап,
Бір мүйісте өлең оқып тұрармын…

Алаң етіп алғы күнін былайғы,
Ағыл-тегіл қарт Алатау жылайды.
Бізді қойшы, Алматының өзі де,
Қолын жайып көктен қайыр сұрайды.

 

***

(Тамұһ дүние, даңғазаңда ісім не!?)
Сен биледің өткінші өмір үшін де.
Алды жаулап алқызыл сол ақшамды
Балғын тәнің ескі көйлек ішінде.

Жанарыңды жасырғанмен кірпігің,
Табар емес асау жүрек бір тыным.
Сен биледің, Айдың уыз сәулесі
Тұрды жамап иығыңның жыртығын.

Сен – жалынсың.
(даладағы от қандай!?)
Көңіл біткен ала қашар көкпардай.
Аққу – мойын, ақ кұмістей арқаңнан
Бұрым емес, бұлақ құлап жатқандай.

Тәкаппарлық тапшылыққа тұр сынбай,
(Күңіренді Күн,
Жанын мүжіп күрсінді Ай)
Аққайыңдар саған созып саусағын,
Жапырақтар берді тартып мың сырнай.

Есіне алып жасыл – жаһұт дәуірін,
Отырды ақын қаны – салқын,
Жаны – мұң.
Сыңғыр-сыңғыр сенің шолпыларыңнан
Қалды көріп шолпан жұлдыз жарығын.

Сен көктемсің аласата гүлдеген,
Сен өктемсің аласара білмеген.
Отырды ақын шарап ішіп, у ішіп,
Суретіңді салғысы кеп жырменен.

Охо, ғазиз сұлулықтың дастаны,
Махаббаттан ұғынбайтын басқаны.
Ал, адамдар сенің әсемдігіңді
Көздерімен шешіндіре бастады.

Бауда сенің тұрған балқып бал – нұрың,
Биле, биле!
Менің кәйіп тағдырым.
Анау тентек табаныңмен таптап өт
Арам-арам пиғылдардың барлығын.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер