11 306 адам эвакуацияланған. Премьер-министр апатқа қатысты отырыс өткізді

658
Adyrna.kz Telegram
Фото: ҚазТаг
Фото: ҚазТаг

Премьер-министр су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Құрылған штабтың негізгі міндеті – су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіру.

Штаб басшысы – Премьер-министр Олжас Бектенов болса, Премьер-министрдің су жаңа орынбасары Қанат Бозымбаев штаб басшысының орынбасары болып тағайындалды.

Отырыс барысында Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы және су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейту туралы министрлер мен өңірлердің әкімдері тыңдалды.

Бүгінде ТЖ аймақтарынан 11 306 адам эвакуацияланған. Уақытша орналастыру бекеттерінде 5 456 адам бар.

ТЖ жарияланған өңірлерде 40 автожолды, көпірді және 39 жол төсемін су шайып кеткен. Қазір қалпына келтіру жұмыстары бақылауға алынды.

"ТЖ аймақтарындағы халыққа көмек көрсету тәулік бойы, оның ішінде әуе кемелерінің көмегімен жүзеге асырылып жатыр. Жұмысқа 7 мыңнан астам адам, 2 мыңнан астам техника, оның ішінде су айдау құралдары, жүзу және әуе кемелері тартылды", - делінген Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Үкімет Ақтөбе, Сазды, Ащысу, Жартас су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істеп тұр, белсенді түрде су жіберу жүзеге асырылып жатқанын айтады. Үйі апатты деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер жасайтын болады

"Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларды қанағаттанарлықсыз деп сынға алды. Қазірден бастап апаттан келтірілген залалдың көлемін бағалауды бастап, зардап шеккен адамдарға дереу материалдық көмек көрсетуге кірісу керек. Сондай-ақ болашақта мұндай ауқымды су тасқынының алдын алу үшін кешенді шаралар әзірлеу қажет. Әр өңірде нақты іс-қимыл жоспары болуға тиіс", - деді штаб төрағасы Олжас Бектенов.

Пікірлер