АЙДОС ЖҰҚАНҰЛЫ: Үкімет Президент өзі кіріспесе, көздері жыпылықтап отыра бере ме?

712
Adyrna.kz Telegram
Сурет: aqmeshit-aptalygy.kz
Сурет: aqmeshit-aptalygy.kz

Үкіметке таңғалам. Журналист болған соң Үкіметтің, Президенттің не істеп, не қойып жатқанын бақылап отырамыз.

«Сен - үйдің үлкенісің. Ақылың бар ғой, қарындасың мен інілеріңе ие бол» деп Президент алдыңгүні Қытай еліне үлкен шаруамен кетіп қалды. Үш күннен кейін қайтып келсе, үйдің ішін су алып кеткен. Ағасы деп тапсырып кеткен үкімет ай қарап, жұлдыз санап жүр. Төтенше жағдай министрлігі шошқа тағалап отыр.

Президент келе салысымен елдегі ахуалды дереу бақылауына алып, шұғыл жиын өткізді.

Жиналыста Президент Үкімет пен әкімдердің су тасқыны кезіндегі салғырттығын сынады. Жыл сайын жазғытұрым өзендер арнасынан тасып, қар еріп, жаппай су тасқыны болатынын облыс әкімдері де, жергілікті аудан әкімдері де жақсы біледі ғой. Жылда қайталанатын жәйт. Биыл да шенеуніктер арқаны кеңге салып, жайбарақат отырғанын көрдік. Соның кесірінен қаншама халық үй-жайы мен малынан айырылып, бас сауғалап кетті.

Президенттің айтқан сыны өте орынды. Яғни, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс болмаған. Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен өңір тұрғындарына үлкен көлемде шығын келгенін айта келе, оған қынжылатынын жеткізді. Мемлекет басшысы қиын жағдайға байланысты халықтан кешірім сұрап, барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтты.

Ақтөбе, Абай, Алматы, Ақмола, Атырау, БҚО, ШҚО, СҚО, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау және Павлодар облысында облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Айта кетерлігі, Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ұлытау және Абай облыстарында 10 587 адам, оның ішінде 5 101 бала құтқарылыпты. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақмола, Абай облыстарындағы уақытша орналастыру пункттеріне 5 497 адам, оның ішінде 1 739 баланы орналастырған.

Дәл қазіргі жағдайда белсенді қоғам мүшелерінің арқасында зардап шеккендерге қолдау көрсетіліп жатыр. Мысалы, елордалықтар Қостанай облысындағы су тасқынынан зардап шеккендер мен құтқарушыларға көмек жіберді. Бірнеше жүк көлігіне жылы киім, резеңке етік, рация, құтқару жұмыстарына қажетті заттар тиелген екен. Қарапайым тұрғындар бірлесіп қаражат жинап берді. Осындай қоғамдық жұмыстар еліміздің әр өңірінде жүргізіліп жатыр.

Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамаған бірқатар шенеуніктерді сынға алды. Оның ішінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатаң сөгіс алса, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облысының әкімдеріне де қатаң сөгіс жарияланды. Бұл тізімде Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдері де бар.

Президент жағдайды қалыпқа келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдаумен қатар, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.

Апат салдарынан келген шығындар есептелінеді. Яғни, келтірген материалдық шығын көлемін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Алдағы уақытта үй-жайы мен малынан айырылған адамдарға өтемақы берілетін болады. Бұл да көңілге медет.

Біздің Үкімет Президент өзі кіріспесе, көздері жыпылықтап отыра бере ме? Соған таңғалам.

 

Aidos Juqanuly

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер