Тасқын құрсауындағы 250 адам. Тікұшақ әуеден эвакуация жасауда

629
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысындағы түгелдей суға кеткен Берсиев ауылында қалған 250 адам тікұшақпен эвакуацияланды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеп.

«29 наурызда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің Ми-8 тікұшағының экипажы майор Ж.О.Бекбәулиевтің басқаруымен су тасқынында төтенше жағдайда қалған адамдарды құтқару бойынша эвакуациялау шараларына қатысты. Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Берсиев ауылындағы аймақтың адамдары тасымалданды», - деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Бұған дейін БАҚ-та Берсиев ауылындағы мектепті эвакуациялау пунктінде 250-ге жуық адам жатқаны хабарланған болатын. Тұрғындардың айтуынша, тікұшақ бірнеше уақыт қонатын жер таппай, қайта ұшып кеткен.

Қорғаныс министрлігінен бізге хабарлағандай, мектеп айналасы шынымен де суға толып, қонуға мүмкіндік болмаған. Орын таңдап алған бригада мектеп ғимаратынан 600-800 метр жерге тұрақтады. Сондай-ақ ол жерде басқа ғимараттың төбесінде 15-тен астам адам жатқаны және олардың өміріне бірден қауіп төніп тұрғаны туралы ақпарат түскен.

«Экипаж командирі алдымен ғимараттың төбесінде бірден қауіп төнген адамдарды құтқаруды шешті. Ғимараттың үстінде 1 метр биіктікте көтерілген барлық адамдар аман-есен құтқарылды. Сол кезде қалған жанар-жағармайды есепке алып, тікұшақ құтқарылған адамдарды Ақтөбеге жеткізіп, жанармай құйып, ауылға қайта ұшты», - деп түсіндірді департаменттегілер.

Белсенділер Берсиев ауылындағы жайтқа байланысты дабыл қағуда. Олар ешқандай дайындықтың жоғын айтып, көмекке кеткен қоғам белсенділерінен аталмыш ауылды назарсыз қалдырмауды сұрауда.

"Ақтөбе облысындағы Ш. Берсиев ауылы түгел суға кетті. Ауылдағы 1200 адамды мектепке әкеліп орналастырған. Бірақ бірінші қабаты малмандай болған білім ошағының қабырғалары қақ айырылып, шытынап жатыр екен. Жанын шүберекке түйген жұрт екінші қабатында қысылысып жатыр. Елу жыл бұрын салынған ескі мектеп ылғалға шыдамай құласа, бір ауылдың халқы түгел қырылады. Құдай сақтасын мұндайдан. Бірақ бір аптадан бері болып жатқан тасқынға түк дайындық жоқ. Не тамақ не жатын орын не құтқарушы не қайық жоқ. Кейбір тұрғындар шатырда қалған. Ауылда тікұшақ қонатын құрғақ жер жоқ.  Ойылдың халқына шұғыл көмек керек. Берсиевке де барыңыз" деп жазды белсенді Диас Нұрақын.

Пікірлер