Депутат су тасқынына шарасыз Үкіметті бір жақтап, бір кіналайды

1024
Adyrna.kz Telegram

Жыл сайын көктем шыға су тасқыны болып, халықты әуре-сарсаңға салады. Жылда қайталатын осы үрдісті бір жола шешуге бола ма? 

Көктем келген сайын су тасқынынан адам, мал шығыны, материалдық шығындарға жол беріледі. Мәселенің басы-қасында Төтенше жағдай қызметінің өкілдері, әкімдік адамдары болмаса, халық қалаулысы деген депутаттарды көре алмайсың. Биылғы ерекшелік – су мәселесімен айналысады деген жаңа ведомство, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері су тасқыны бірінші рет болып отыр. Алайда іс басында, су бөгеттері мен гидронысандар қасында қазіргідей сын сағатта арнайы мекеменің өкілдерін көрмейсің. Әлі де сол баяғы Төтенше жағдай қызметі мен әкімдік өкілдері, жергілікті тұрғындар жанұшырып жүргені. Арнайы министрлік құрылған соң жылда қайталанатын осы түйткілді біржолата шешуге болмас па еді?  

Осы сұрақты «Ауыл» партиясының атынан Мәжіліс депутаты болған Анас Баққожаевқа қойдық.

– Астананың іргесіндегі Қоянды ауылын су басып, халық көшені жауып тастады. Астанадан мың шақырым жердегі ауылды айтпағанда елорданың іргесінде осындай болып жатқанға «Ауыл» партиясы қандай реакция көрсетеді?

Енді «Ауыл» партиясының атынан жауап бермей-ақ қояын. Бұған дейін президентіміз «Су қоймаларын дайындау керек» деп айтты ғой. Менің ойымша, бұл жерде Үкіметтің жіберген қателігі бар. Жыл сайын, көктемде осы мәселе туындайды. Осының космотүсірілімдерін жасап, қай жерде су көп жиналатынын анықтап, су қоймаларын ұйымдастыру керек еді. Бірақ ол жұмысты әлі де болса ешкім қолға алған жоқ. 

Жақында Су кодексі келді, онда бірақ тек судың мәселесі қарастырылған. Ал бұған дейін президент «20 су қоймасы құрылу керек» деп тапсырма берді. Ол 20 су қоймасы қалай құрылады? Осы қойманы салатын кезде көктемде су басып кететін аймақ неге ескерілмейді деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, осы жұмыстардың орындалуын талап ету керек. 

– Яғни, сіздің айтуыңызша, әр ауылда су қоймасы болу керек қой...

Әрине. Әр ауылдың су жиналатын жерлері бар. Заманауи техника дамыған кезде, спутниктік түсірілімдер бар кезде, осы мәселе неге ескерілмейді? Мен соны ұқпай қойдым. Сондықтан да мен Үкіметтен осы жұмыстардың орындалуын талап етемін. Дамба арқылы суды жинақтап, арнайы су ретінде пайдалануға болады. Қазір біз ХХІ ғасырда өмір сүріп жатырмыз ғой. 

– «Ауыл» партиясы Қоянды секілді су басқан аймаққа барып, халықтың жағдайын біле ме?

Барып жүрміз ғой. «Ауыл» партиясының филиалдары барлық жерде бар. Бұл мәселелер әлеуметтік желіде көтеріліп жатыр. Бірақ бұл мәселенің көтерілгенінен не пайда? Оның шешу жолын табу керек. Ал шешу жолы Үкіметтің қолында, себебі ақша солардың қолында. Бұл мәселе жүйелі шешілу үшін көктемде су тұрақты жиналатын жерлерге қойма салып, пайдалануымыз керек. 

– Сіздің ойыңызша, бұл мәселені су қоймасы арқылы шешуге болады. Оған Үкіметтің пәрмені неге жетпей отыр?

Әрине, бұл мәселені су қоймасы арқылы шешуге болады. Бірақ оған үкіметтің пәрмені жетпейді емес, ақша жетпейді. Содан кейін бізде  қате идеялар көп кетіп жатады. Негізі іске асыратын шаруаға байланысты жақсы идея керек қой. Ақшаны тиімді құртып, тиімді шығынға түсіп, оны тезірек орындаудың амалын таба алмай жатыр. 

 

Шынар Ақжанқызы

Пікірлер