Тараптар татуласты. Ақтауда қызметін асыра пайдаланған командирдің үстінен қозғалған іс тоқтатылды

590
Adyrna.kz Telegram

Ақтау гарнизонында командирдің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны туралы шу болған іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеп. 

«2023 жылдың тамыз айында Ақтау гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінде взвод командирінің мерзімді әскери қызметшілерге қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану фактісі анықталды. Тергеу шаралары жүргізілді. Ақтөбе гарнизоны Әскери сотының шешімімен тараптардың татуласуы бойынша іс тоқтатылды», - делінген сейсенбі күні таратқан хабарламада.

Қорғаныс министрлігі «Қазақстан Республикасының әскери қызметі және әскери қызметшілерінің мәртебесі туралы» заңның 26-бабының 2-тармағына сәйкес, «сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін құқық бұзушылықты жасаған әскери қызметші теріс себептер бойынша Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарынан шығарылады».

«Құқық бұзушылықтың алдын алу, әскердегі қарым-қатынастардың жарғылық ережелерін бұзуды анықтау және жолын кесу мәселелері қарулы күштер басшылығының ерекше бақылауында. Олардың барлық көріністері бойынша құқықтық және тәртіптік шаралар қолданылады. Айта кетерлігі, қарулы күштердегі мұндай бұзушылықтар оқшауланған. Бұл ретте бірде-бір іс қараусыз қалмайды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қылмыстық қудалау органдарына жан-жақты көмек көрсетілуде», - деп атап өтті Қорғаныс министрлігі.

Пікірлер