Тағы да топан су. Ақтөбе облысының аудандары су астында қалды

764
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысы су астында қалды. Аймақтағы үш елді мекен тұрғындары төтенше жағдайға дабыл қағу керектігін айтуда, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ақтөбе облысында еріген су жолдар мен көпірлерді басып, үйлерге де кіре бастаған. Атап айтқанда, Ембі қаласының халі қиын. Су басқан үйлердің нақты саны әзірге белгісіз. Әкімдік ақпаратты кейінірек беруге уәде беріп отыр. Қазір барлық күш апат салдарын барынша азайтуға жұмылдырылуда.

"Бүгін күндіз Ембіге кенеттен су кірді. Бір көшені, онымен бірге бірнеше үйді де су басып қалды. Төтенше шаралар қабылдауға тура келді. Су өткізу үшін Алтынды-Ембі жолының учаскесін ашу туралы шешім қабылданды. Оқиға орнында кезекшілік құрылып, бұл аумақтағы жол жабылды», - деді Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов.

Аудан орталығы Шұбарқұдықта да күрделі жағдай қалыптасты. Ауылға да еріген су жинала бастады. Әкімдік жағдай бақылауда, тұрғын үйлерді су басып кету қаупі жоқ деп сендіреді.

"Кереева көшесінің бойында жеке дүкеннің жанынан су төгетін канал тартылды. Бірақ көп ағынның салдарынан су жинала бастады. Су ағыны Қазақауыл ауданындағы кәрізге бағытталды. Жағдай бақылауда", - деп хабарлады Темір ауданының әкімдігі.

Ал Байғанин ауданында су өткізгіш құбырды еріген су шайып кеткен. Салдарынан үш ауыл байланыссыз қалды. Ауылдарда азық-түлік мәселесі жоқ деп сендіреді әкімдік. Бірақ төтенше жағдайда тұрғындар азық-түлік алу үшін көрші Атырау облысына бара алады, деп түсіндірді шенеуніктер.

«Оймауыт, Миялы, Дияр ауылдарында 1500-ден астам адам тұрады. Үш ауылда да азық-түлік қоры 10 күнге жетеді. Оймауыт ауылында дәрігерлік амбулатория, Миялы, Диярда фельдшерлік пункт бар, мұнда жедел медициналық көмекке мұқтаж адамдар жоқ», - деп хабарлады Байғанин ауданының әкімдігі.

Ал синоптиктер таяуда облыста қар аралас жауын-шашын болады деп болжап отыр. Бұл су тасқыны жағдайын нашарлатуы мүмкін екенін шенеуніктер жоққа шығармайды. Аудан тұрғындарын сақтық танытып, құтқарушылардың ескертулеріне құлақ асуларын сұрады олар.

Бұған дейін, Қостанай облысындағы Амангелді ауылының су астында қалғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Ал Ақмола облысы, Қоянды ауылының тұрғындары су басудың алдында тұрған жағдайға дабыл қағып, шенеуніктерді өткізбей, тасжолды жауып тастады. 

Пікірлер