"Крокустағы қылмыс". Макрон лаңкестік топтың Францияға да қауіп төндіргенін айтты

1598
Adyrna.kz Telegram
Фото: dailymoscow.ru
Фото: dailymoscow.ru

Франция президенті Макрон «Вилаят Хорасан» лаңкестік тобының Францияда бірнеше теракт жасамақ болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Неміс толқыны (DW) радиосына сілтеп.

Мәскеуде Крокус Сити Холлда атыс ұйымдастырып, жүзден аса адамның өмірін қиған қанды шабуылды "Вилаят Хорасан" тобы ұйымдастырған.

Қылмысты өз мойнына алған лаңкестік топтың ұяшығы бұған дейін де Францияда бірнеше теракт жасауға әрекеттенген болып шықты.

«Соңғы айларда бұл топ біздің аумаққа бірнеше рет әрекет жасады», - деді Франция президенті Эммануэль Макрон 25 наурыз күні.

Макрон лаңкестік әрекеттердің қашан және қалай жасалғаны туралы толық мәлімет бермеді. Одан бөлек Францияда жақын арада ешқандай лаңкестік әрекеттердің тосқауылдары туралы хабарламалар тарамаған.

Алайда, Crocus-қа жасалған шабуылдың ертеңіне Франциядағы лаңкестік қауіп деңгейі барынша жоғарылағаны белгілі болды.

Ал Германия үкіметі Крокус Сити Холлдағы терактіні «Ислам мемлекетінің» Ауғанстандық бөлімшесінің содырлары жасады деп есептейді. «Вилаят Хорасан» тобы бұған дейін Ауғанстанның сыртында бірнеше рет соққы жасаған болатын.

Ресей президенті Владимир Путин Крокус шабуылына ИМ-нің жауапкершілікті мойнына алуына әзірге түсініктеме бермей, оқиғаны Украинамен байланыстыруда. Дегенмен Киев үкіметі «Крокус» шабуылына қатысы жоқ екенін айтты.

Пікірлер