Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Наурыз мейрамына орай құттықтау жеделхаттары келіп түсіп жатыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаев пен қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.
– Мен қазақ-қытай байланыстарын дамытуға баса мән беремін. Екі ел арасындағы дәстүрлі достықты нығайтуға негізделген өзара тиімді және жан-жақты ынтымақтастықты кеңейту үшін Сізбен күш-жігер біріктіруге дайынмын, – деп жазылған жеделхатта.
Ал АҚШ президенті Джозеф Байден өз құттықтауында елдеріміздің климаттық дағдарыс, энергетикалық қауіпсіздік және экология мәселелерін шешу ісіндегі соңғы жылдары қол жеткізген табыстарын мақтан тұтатынын атап өткен.
– Бұл ынтымақтастық ұрпақ болашағын жарқын етуге септігін тигізеді. Үміт пен жаңарудың нышаны болып саналатын Наурызда елдеріміздің арасындағы серіктестік пен халықтарымыздың достығы одан әрі нығая беретініне сенімдімін, – делінген жеделхатта.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған өз құттықтауында Наурыздың жақсылық пен молшылықтың мейрамы екеніне назар аударған.
– Ортақ мәдениетіміздің маңызды бөлігі саналатын осы айтулы күнде достық пен бауырластық байланыстарымыз одан әрі нығая түсеріне сенім білдіремін, – деп жазылған жеделхатта.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиëев өз құттықтауында бауырлас халықтар бұл мейрамды мыңдаған жылдан бері салтанатты түрде әрі кең көлемде тойлап келе жатқанын айтты.
– Өзара сенімге, құрмет пен ортақ мүддеге негізделген бауырлас және көршілес екі ел арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығайып, қарқынды түрде дами беретініне сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзінің құттықтау жеделхатында көнеден келе жатқан Наурыз мейрамы қырғыз бен қазақ халықтарының тарихы мен құндылықтарының ортақ екенін білдіретінін атап өткен.
– Алдағы уақытта жүзеге асырылатын екіжақты іс-шаралардың нәтижелері елдеріміз арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейде екенін нақтылап, қырғыз-қазақ ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдіремін, – деп жазылған жеделхатта.