3 жыл бойы халық саны 10 мыңнан асатын ауылдарды қалаға айналдыруға болады - министр

849
Adyrna.kz Telegram
Фото: almaty.tv
Фото: almaty.tv

3 жыл бойы халық саны 10 мыңнан асатын ауылдарды қалаға айналдыруға болады. Бұл туралы 19 наурыз Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп. 

Отырыс барысында Премьер-Министр Олжас Бектенов министрден: «Соңғы жылдары тұрғын саны 50 адамға жетпейтін ауылдар таратылды. Адамдар енді ірі елді мекендерге көшіп жатыр. Яғни, бұл ретте халық тығыз орналасқан ауылдардың мәртебесін қайта қарау қажет болады. Осындай ауылдардың саны қанша және бұл бағытта қандай жұмыс атқарылып жатыр?», - деп сұраған еді.

Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, қазір елімізде 10 мыңнан астам тұрғыны бар 112 ауыл бар.

«Оның ішінде 18 елді мекенде 30 мыңнан аса адам тұрады. Олардың мәртебесін өзгерту үшін заңнамада тетіктер бар. Мысалы, 3 жыл бойы халық саны 10 мыңнан асып отырса, онда облыс мәслихатының деңгейінде аталған ауылдардың мәртебесін өзгерту, яғни қалаға айналдыру құқығы бар. Бұл заң 2021 жылдан бастап қолданысқа енген болатын. Қазіргі таңда облыс әкімдіктері мәслихаттардың өтініміндерін қарастырып жатыр. Бірақ әлі нақты шешім қабылданбаған, жұмыс жүргізілуде», - деді ол.

Осы орайда Үкімет басшысы бұл міндет емес, тұрғындардың құқығы екендігін нақтылап сұрады.

«Иә, 3 жыл бойы халықтың саны 10 мыңға көбейсе, онда қалаға айналдыру мүмкіндігі бар. Тиісті облыс әкімдіктері шешім қабылдайды», - деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

Пікірлер